Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жалқы сұрақ 3940 0 пікір 22 Қараша, 2016 сағат 11:49

ҚАШАҒАННАН ҚАЙЫР БАР МА, БОЗЫМБАЕВ МЫРЗА?

Күні кеше Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаев есіп сөйлеп, Қашағаннан мұнай соруды қайта бастағанын айтты.

Биылғы жылдың 28-қыркүйегінен бастап Каспийден сынақ ретінде сорып алынған мұнайдың жалпы көлемі жалпы қоры 479,000 тоннаға, ал тауар қалпындағы табиғи газ – 97 миллион куб метрді құрапты. Бұл тәжірбие ретінде ғана сорылған мұнай екенін ескерсек, қанша жыл қылшық шығармаған Қашағанның қоры көпке жетеді-міс.

Бозымбаевтың дерегіне сүйенсек, 2017 жылы Қашағаннан кемінде 8 миллион тонна мұнай өндіріледі. Ал биыл 0,5-1,1 миллион тоннаға қанағат ететін көрінеді.

Қара аспанды үйіргендей болмайық, Қашаған соңғы он жылдықта ашылған ең ірі мұнай кені екені рас.

Құрылысы сонау 2000 жылдан басталған кеніштің  Мемлекет қалтасына арзанға түспегенін де ескере кеткен абзал болар. Теңізде орналасқан ең ірі жоба, ең ұзақ әм ең қымбат жоба жұмысын 2013 жылы тоқтатқан-тын. Сонымен, Қашағаннан қайыр бар ма? Ол 16 жылда салынған инвестицияны ақтай ма?

Қырсық дейтініміз, 11 жылда мұнай табылмады. Дәлірек айтсақ, мұнайы бар, тек соны сора алмаған біздікілер болды.

2016 жылдың күзінде «North Caspian Operating Company» (NCOC) консорциумы Қашағанды қайта бұрғылай бастады. Қазақстан қара алтынға қарық болады деп сендірді. 2020 жылға дейін Қашағаннан  13 миллион тонна мұнай алынады деді. Қашаған мұнайы арқылы Қазақстан мұнай өндіруден әлемдік лидер атанбақ. Хош, ақсақ-тоқсақ экономика әуел баста мұнайға негізделген соң Мемлекет организмі жұмысы үшін Қашағанның мұнайы болғаны дұрыс болар, тек қымбатқа түскені болмаса. Бұл жобаның жалпы сомасы 50 миллиард долларды құрапты.

Ал қыркүйекте Қашағанға қоныстанған «North Caspian Operating Company» (NCOC) құрамына назар аударалық. Итальяндық «Eni», американдық «Exxon Mobil»(NYSE:XOM), қытайлық «CNPC», британдық «Royal Dutch Shell», франциялық «Total» (PA:TOTF), жапондық «Inpex Holdings Inc» және қазақстандық «Қазмұнайгаз» компанияларының басы біріккен жоба.

Қыркүйекте қайта іске қосылған Қашағаннан қайыр бар ма дейтініміз әлемдік нарықта мұнай бағасы екі есеге құлдырады. Ал «OPEC» болса мұнай өндіруді азайтуды сұрап отыр. Сонда Қашаған қашан пайда береді?

Ел болып, дүрмек салып, алаулатып-жалаулатып Астанада әлемдік көрме өткізетін болып шештік. Аяғы ырду-дырдуға ұласқан құрылыс аяқталуға жақын. Бұл жобаның басты ұраны – баламалы энергия  көздерін іздеу еді. Баламалы дейтін сол – мұнай мен газдан түсетін тиынға тәуелді экономиканы тығырықтан шығару, мемлекет организмін мұнайға тәуелділіктен құтқару болатын. Сондықтан мұнайға балама болатын қорек көздерін іздеу-тін.  Әлемдік нарықтағы құнсызданған мұнай – мемлекетті асырауға дәрменсіз бола бастағанда қолға алынған «ЭКСПО» көрмесінің де көксегені осы емес пе еді?.

Бұл екі арада Бозымбаев бүйдеді. Мәжілістегі министрлік сағатында бензин бағасының күрт қымбаттауына қатысты түсінік беріп, көгілдір отын бағасы 200-300-ге жеткенде тексеріс жүргізетінін айтты.

«Қазіргі кезде сол бензинді Ресейден алып, мына жақта сататын болсақ, бір литрдің бағасы 140 теңге болуы керек. Бірақ бізде өзіміздің бензиніміз бар. Екеуін қосқанда әділ баға 135-140 теңге айналасында болады. Сондықтан қараша айында 92 маркалы бензиннің бағасы 130 теңге болуы тиіс. Егер 170 болса, 200, мүмкін 300 болса да, біз тез арада Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен тексеріс өткізіп, орнына қоятын шығармыз», - деді министр.

Дұрыс! Қанат Алдабергенұлы қатаң бақылау орнатуға бейіл екенін байқатты. Тек Қашағанның қара алтыны шикізат ретінде экспортталып, дайын өнім импортталатыны қынжылтады. 

Қанат Бозымбаевтың айтуынша Қашағанды қайта іске қосу арқылы  қара алтынға қарық болмақпыз. Тек Қашан?  

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5555