25 ЖЫЛДА ҚАНША ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНЫ САЛЫНДЫ?
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 1 312 денсаулық сақтау нысаны салынып, қолдануға берілді, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Ведомствода түсіндіргендей, оның ішінде 8 медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және 45 мамандандырылған денсаулық сақтау нысаны (қан орталықтары, патологоанатомиялық бюро және басқалары).
Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталық, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкология және трансплантология орталығы, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы және т.б. сияқты ірі медициналық ұйымдар құрылған.
2007 және 2011 жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында, «100 мектеп және 100 аурухана салу» жобасы іске асырылды және жалпы құны 360 млрд теңге «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасының іске асырылуы аяқталуға жақын қалды.
Ағымдағы жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша жоғарыда көрсетілген жобалар аясында 441 денсаулық сақтау нысандары салынды, соның ішінде: Ақмола облысында – 19, Ақтөбе облысында – 26, Алматы облысында – 48, Атырау облысында – 31, Шығыс Қазақстан облысында – 32, Жамбыл облысында – 32, Батыс Қазақстан облысында – 21, Қарағанды облысында – 31, Қостанай облысында – 20, Қызылорда облысында – 32, Маңғыстау облысында – 31, Павлодар облысында – 23, Солтүстік Қазақстан облысында – 8, Оңтүстік Қазақстан облысында – 66, Алматы қаласында – 12, Астана қаласында – 9.
«Қазіргі уақытта 65 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жалғасуда, соның ішінде 2017 жылы 39 және ағымдағы жылы 26 нысанды аяқтау жоспарлануда», – делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау ұйымдары желісін ары қарай дамыту үшін ҚР ДСӘДМ сарапшыларымен ағымдағы жылы қолданыстағы медициналық ұйымдардың жағдайына картографиялау және түгендеу жүргізілді, барлығы – 8 мыңнан астам нысан.
Қазақстан-Британ техникалық университеті мамандарымен бірігіп «Медициналық көмек көрсетуді өңірлер бөлінісінде және деңгейінде денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту жоспары» ақпараттық жүйесін әзірлеу жұмыстары басталды.
Денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын одан әрі дамытуда бюджеттік шығындардан бөлек МЖӘ, сенімгерлік басқару және жекешелендіру механизмдері арқылы жеке сектордағы ресурстар тартылатын болады.
Дереккөзі: naryk.kz
Abai.kz