ОРЫС ГАЗЕТТЕРІ КӨБЕЙІП, ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІ ЖАБЫЛЫП ЖАТЫР
ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаевтың жəне ҚР Мәжіліс пен Сенат депутаттарының назарына!
Құрметті һәм құзыретті Ел ағалары! Сіздердің ел үшін жасап жатқан қызметтеріңізді бағалай, əрі істеріңізге сәттілік тілей отырып назарларыңызға көпті толғандырып жүрген бір мәселені ұсынбақпын!
Əңгіме жарнама жайлы. Жауыр болған тақырып. Əйтсе де, тағы бір айтуға тура келіп тұр.
Кейінгі уақытта қазақ тілді басылымдар жабылып немесе сайтқа айналған жағдай көп. Мысалға, Республикалық "Нұр Астана", "Халық сөзі", "Алаш айнасы" газеттері. Осындай үлкен басылымдар жабылып жатқанда облыстардағы тәуелсіз басылымдардың хал-жайы айтпаса да белгілі.
Қазақ басылымдары күйреуік күй кешіп жатса орыстілді басылымдар керісінше көбейіп, өркендеп келеді. Біз бұл тұста Үкімет пен оның саясатын кіналаудан аулақпыз. Нарықтық қоғам болған соң əр басылым өз күнін өзі көру керек екенін де білеміз. Бірақ, орыстілді газеттер өмір сүруге бейімді, қазақтілді газет əлжуаз дегенге тағы келіспейміз. Келіспеуге себеп бар.
Айтатын уəж мынау:
Біз қазақстандық кәсіпкерлер мен банктердің қалтасынан орыстілді басылымдарды (əртүрлі саяси бағыттағы) асырап отырмыз. Жарнама берушінің бəрі орыстілді газетке жүгіреді. Ал қазақ газетінде "еске алу" мен "құттықтау", "некролог". Əлбетте, жарнама іздеп қазақ журналистері де жан салып көрген. Бірақ, "жоқ" деген жауап алдан шыға береді. Мемлекеттік тілде жарнама беруге құлықсыз. Яғни, кәсіпкерге Мемлекеттің қолдауы керек те, мемлекеттік тіл керек жоқ деген сөз. Сонда, бұлардікі Мемлекеттің саясатын қолдамағаны болып шықпай ма? Ал егер осылай жалғаса беретін болса тәуелсіз қазақ басылымдары жаппай жабылып, Мемлекеттің бюджетін емген бірен-саран қазақ тілді газеттер ғана қалатыны анық. Бұл - трагедия!
Салдары:
1) Қазақ тілін қорлаған мазақ жарнама. (Егер жарнама беруші тарап қазақ газетімен істес болса сауатсыз жарнаманы тамырымен жоюға болар еді.)
2) Бұның салдары Қазақстанның ішкі саясатына да кері əсерін тигізбек. Өйткені жарнаманы азық еткен орыстілді басылым саңырауқұлақтай көбейген үстіне көбейіп, қазақтілді газет кеміген үстіне кеми береді. Тепе-теңдік сақталмаса не болатынын Сіздер жақсы білесіздер.
3) Бұған Тіл мəселесін қосыңыз.
4) Тəуелсіз қазақ басылымдары болмаса, Ұлттық идеология қалай қалыптаспақ?
Осының барлығы бір ғана күрмеумен байланған. Сіздерден сұрайтынымыз, жарнама туралы заңды қайта қарау. Жəне Мемлекеттің ішкі саясатына сай жарнаманың мемлекеттік тілде жариялануына міндеттеу.
Газеттерді нарыққа бейімдейміз деп жүріп нарықтың бетін газетке бұруды ұмытқан сияқтымыз.
Біздің орыстілді басылымдарға еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ, қазақтілді газеттердің шаңырағы шайқалып тұр. Егер біз айтқан жарнама мəселесі шешілер болса мемлекеттен газеттерге бөлінетін қаржы шығынын да азайтуға мүмкіндік туар еді - ау.
Бұл бір жағы базына, бір жағы ұсыныс деп қабылдағайсыздар!
Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ, "Арқа ақшамы" газетінің бас редакторы
Abai.kz