ДХР МЕН ЛХР УКРАИНАНЫҢ ТҰТАСТЫҒЫН МОЙЫНДАЙ БАСТАДЫ
Донецк Халық Респуликасы және Луганск Халық Республикасы болып үй ішінен үй тіккен жікішілдер қол көтеріп Украина мемлекетінің жері мен халқының тұтастығын мойындай бастады. Алайда, зорлықпен жасалған ДХР, ЛХР билігі елдің шығыс аймағын Киевке тұтас бере салуды ар көріп, өздерінің талаптарын көлденең тартып отыр. Сондағысы сол баяғы – орыс тілі. ДХР мен ЛХР-да орыс тілі билік тілі ретінде сақталуы керек дейді Батыс әлемі сепаратистер деп таныған жікішілдер тобы. Табиғи ресурстарды пайдалану құқығы да ДХР мен ЛХР билігіндегі халықтың үлесінде қалуы тиіс дейді олар. Сондай-ақ, әлгі «халықтық республикалардың» қазіргі басшылары Игорь Плотинцкий мен Александр Захарченко қызметтерін жалғастыра беруі қажет дегенді айтады. Украина Конституциясына өзгерістер енгізу жөнінде келіссөзге аттандырған елшілері арқылы жаңағы екеуі ДХР мен ЛХР-дің Украинаға қайта қосылуы тиіс аудандарына ерекше мәртебе берілуі қажет десіпті. Ол аудандарда «халықтық милиция» құрылуы тиіс екен.
Осы төңіректегі келіссөздер ресми Киев пен жікшілдер арасында өткен ақпан айынан бері басталған болатын. Жікшілдердің ұсынысын Жоғары Рада қолдағанымен президент Петр Порошенко бұндай мәмілені ада-күде мойындамайтындығын білдірген болатын. Петр Порошенко Донецк облысы мен Луганск облысында Украина заңына бағынған сайлаулар өткен жағдайда ғана кейбір аудандарға ерекше мәртебе беріледі деп отыр.
Сонымен, Украинаның 8 облысын бөліп алып, «Новороссия» жасау, Украинаны бөлшектеу, айдалада қалдыру дейтін Кремль құрған жоспар ұшпағына жетпей аяқталып қалғанға ұқсайды. Сонда, 6 жарым мың адамның қаны не үшін төгілді? Не үшін олар жер жастанды? Ел неге босып, ауып кетті? Жазықсыз жандар не үшін зар кешті? Бұл сұрақтарға Құдайы көршіміздің тарапынан енді жауап табу да қиын шығар?
Айтпақшы, бұл өткенде жазғанымыздай үлкен жеттілік саммитінің алғашқы жемісі болуы әбден мүмкін. Санкциялардың салқыны тиген КСРО да кезінде мұрттай ұшқан болатын.
Abai.kz