Сенбі, 23 Қараша 2024
Тағзым 9247 0 пікір 11 Мамыр, 2015 сағат 09:17

ХАН КЕНЕНІҢ ҚОШТАСУЫ

Нысанбай жыраудың жырында хан Кененің қоштасуы жөнінде аз айтылады. Жақында көрсетілген фрагмент кинода тіпті айтылмайды. Серікжанның, Азаматтың, Ақылбектің, Ғалымның, Шаяқыметұлының пікірлері қажет-ақ. Халық аузындағы толғау, халық аузынан шығу керек деп түсінем. Кенесарыны мойындайтындар қалыс қалмасын. Тағы не айтар еді, хан Кене?   

 

Құрметпен, Бүркеншік.

 

Әй, қырғыздар, қырғыздар,

Жиналып бәрің тұрсыңдар,

«Ноқталы басқа бір өлім»,

Қазақтың ханын жеңдік деп,

Өлгенімді естіртіп,

Алатау шығып ырлаңдар,

 

«Болсадағы бас кеспек,

Тіл кеспек жоқ» деп азырақ,

Қоштасайын ел жұртпен,

Дауысымды Құдай жеткізер,

Ұшқан құс, ақша бұлтпенен.

Қош болыңдар киелі,

Саялы бақ тау тасым,

Өзім жүрген жерлерім.

 

Мен өлген соң той тойлап,

Манаптарың масайрар.

Жантай менен Орманбет,

Сарнатар қобыз, сырнайын,

Басты кесіп алсаңдар.

Кеудемде қалар қыл мойын,

Горшаков талап еткендей,

Қиқаланбасын сүйегі,

Орындалсын тілегі.

Өз қылышыммен шапқайсың,

Шыдаса егер қаймықпай,

Жан алғыштың жүрегі.

 

Қандарың көп төгілді,

Қыздарың өксіп бұрымды.

Соғыстың аты соғыс қой,

Сәби де өлді тұлымды.

Азаттыққа шақырған,

Естімедіңдер үнімді.

 

Ел болсын деп келіп ем,

Қазақ қырғыз бірігіп.

Қарсы шығып жау болдың,

Ақ патшаға тығылып.

Мұсылмандықтан безініп,

Мылтығының даусынан,

Аяғына жығылып.

Қайта айналып қан сасып,

Көрісерсіңдер қазақпен,

Бүгін адасып кеткенмен,

Орыстан көрген зорлықтан,

Бастарыңа түскен азаппен.

 

Қазақтың жауы қазақта,

Сыпатай бастап қашқан топ.

Басын алар Ағыбай,

Мына жарық дүниеде,

Сатқындарға орын жоқ.

Қош болыңдар, қазақтар,

Ел едіңдер қаһарлы,

Бастарыңды қоса алмай,

Ішімде кетті қан қатып.

Тістеуде кетті бармағым,

Орындалмай арманым.

 

Сыпатайдың қылғаны,

Ұмытылмас кек болды.

Батырларымның басына,

Ажал төніп, бұлт қонды.

«Мен сендікпін, хан ием,»

Дегеніне иланып,

Сеніп қалдым қайтейін.

Куәге тартып Байзақты,

Бас игенін қимадым.

Үйсіндегі бауырлас,

Бөлем еді, сыйласым.

 

Нысанбайдай жыраудың,

Жазығы жоқ қырғызға,

Өлердегі тілегім,

Босатыңдар екеуін,

Менен қайтсын кектерің.

Ханның басын алсаңдар,

Мақсаттарыңа жеткенің.

 

Ағыбай түссе есіме,

Сарыарқа кірер түсіме.

Жауының апай төсіне,

Найзасын қарыс қадаған.

Ағыбайдай ер қайда?

Сары қымыз ішкізіп,

Мыңдап жылқы өргізген,

Сарыарқадай жер қайда?

Көзіме ыстық жас келер,

Сары белдер түссе ойға.

Қорғай алмай мен сені,

Тұтқын боп түстім қырғызға.

 

Ажалдан әсте қашпаймын,

Өлемін деп саспаймын.

Маған да келді бір нәубет,

Талайдың алдым бастарын,

Көзінің төгіп жастарын.

Күліп қарсы алар өлімді,

Түк басқан менің жүрегім

Басым шарлап кетсе де,

Петербор, Омбы жерлерін.

Денем қалар қара жер,

Қойынында көміліп.

Ит жесе де ризамын,

Сүйегімді кеміріп.

Жеті қазнаның бірі ғой,

Жолдас болған өмірлік.

Рухым жетер еліме,

Сарыарқа, Көкше төріне.

Аман болса ұрпағым,

Тартпай қоймас тегіне.

Азттық үшін алысып,

Жетпей қоймас сертіне.

Қол бастар ұл табылар,

Дүние жинап бас ұрмас,

Алтын менен күміске.

 

Қош бол, менің, Сарыарқам,

Күрес жолын бастаған.

Абылайлап ұран сап,

Елін, жерін қорғаған.

Қол  бастатып Бөгенбайға,

Даңқ пен ерлік жайлаған.

Жалғастыра алмай ісіңді,

Игере алмай күшімді,

Өз кінәмді түсініп,

Өлімге басты байладым,

Ақ адал ісім морт кетіп,

Сүйегім қалды далада.

Тілін шайнап жүр еді,

Сатқындық жасап ұстатты,

Сыпатайдай  жиенің.

Жабылып қырғыз қарғадай,

Арқамнан таспа тілерсің,

Ойыңа келгенді істерсің.

 

Қош бол, жазира туған жер,

Көк орай шалғын жасыл бел.

Орындалмаған арманым,

Аманат болсын сендерге.

Қоштаспаймын арманмен,

Сендер теңдікке жеткенше

Рухым менің оятар,

Қара жер-бесік, тербетсе.

Сендермен бірге жүрегім,

Азаттық үшін алысып,

Батырлық болсын тірегің.

Қош болыңдар, қазағым,

Хан көтеріп Абылайлап,

Қияға мені салып ең,

Қайырылды қанатым,

Шықсамдағы ұрандап.

Менің арман мұңымды,

Жеткізер жырау Нысанбай.

Сұрап алдым бас тігіп,

Байзақ датқа екеуін.

 

Жекпе жекте өлмедім,

Алмас қылыш майырлып,

Алысып жүріп өлмедім,

Қиқаланып шабылып.

Нысанбай, Байзақ серігім,

Қош, есен сау болыңдар,

Жолыңды Алла оңғарсын,

Елге сәлем айта бар,

Тәптіштеп жырлап берерсің,

Ханыңның қалай өлгенін.

Намазын оқып бесіннің,

Тақтаға басты қояйын,

Батырмай күнін жұманың,

Қырғыздар шықсын құмардан.

Ақ патшадан алатын,

Алсын 3000 сыйлығын.

Ренішсіз күтіп алайын,

Құдайдың жазған бұйрығын.

 

Ен жайлатсам деп едім,

Қазақ пенен қырғызға,

Алатау, Ыстық көлдерді.

Еділ менен Жайықтың,

Алтай, Ертіс, Шу бойы,

Арасындағы жерлерді.

Түркістан болып бас қалаң,

Салтанатты сарайға,

Орнатып ханның ордасын.

Бақытын тапқан мәңгілік,

Қазақ қырғыз қосылған,

Хандық болсын деп едім.

 

Қайта оралып Науаным,

Ағыбай тілін алмады-ау.

Науан сыртта жүргенде,

Тиісе алмас еді маған жау.

Бұғыбай, Иман, Жоламан,

Жанайдар, Жәуке, Толыбай,

Бұқарбай, Дулат, Наурызбай,

Бұйырмас жерден бұйырды,

Топырағы қырғыздың.

Амал бар ма, Құдайға,

Ағып түсті жұлдызың.

Таусылған жері осы екен,

Қырық бес жаста дәм тұзым.

Қоса алмай кеттім қайтейін,

Үш жүздің басын ардақтап,

Шапағаты шалқар, мейірлі,

Аман болсын, қазағым,  

Түзелер әлі-ақ заманың.

Амин, Аллаһуакбар!

ХАН   КЕНЕ

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338