Сенбі, 23 Қараша 2024
Енді қайттік?.. 5347 0 пікір 11 Мамыр, 2015 сағат 08:40

МҮЛІКІН ЗАҢДАСТЫРМАҒАН БАЙ БАРЫНАН АЙРЫЛАДЫ

«Шіріген байлар мен тақыр кедейлердің арасы теңесуге тиіс...» Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы осылай деді.

Мәжілісте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ кезекті мәрте мүлікті заңдастыруға байланысты туындап отырған бірқатар қиындықтар туралы мәселе көтерді. Жәй көтеріп қана қоя салған жоқ, бұл жолы  кәдімгідей-ақ қаһарын төкті. Жалпыға бірдей міндетті шығыстар мен кірістер декларациясы туралы заңнама «дүниеге келген» соң, бай болса да, құдай болса да, мемлекеттің ешкімнің  басынан сипамайтынын да ашып айтты.

«Жалпыға бірдей міндетті шығыстар мен кірістер туралы декларация «дүниеге келмей» тұрып, біз адамдарға мүліктерін заңдастырып алуға мүмкіндік беріп отырмыз, - деді президент, - мен бұған дейін де бірнеше мәрте айтқан болатынмын, бұл жолы да қайталап айтамын: бұған дейін біздің тарапымыздан бірнеше мәрте берілген мүлікті заңдастыру туралы мүмкіндікті адамдар онша пайдаланған жоқ, соған қарағанда бұл мәселеде адамдар бізді дұрыс түсінбеді ме, әлде біздің осынау мәселеге байланысты шығарылған заңдарымыз солқылдақ болды ма – белгісіз. Мүмкін, кейбір адамдар ойлайтын шығар – осының бәрі де әншейін ғана ойыншық деп. Жалпыға бірдей міндетті шығыстар мен кірістер декларациясы барысында біз «шіріген байлар» мен «тақыр кедейлер» арасындағы айырмашылықты теңестіруге тырысатын боламыз. Сол кезде адамдардың барлығы да есеп беретін болады: зәулім үйді қалай сатып алғанын, қанша ақшаға сатып алғанын, ол ақшаның қайдан келгенін адамдардың барлығы тиісті органдарға түсіндіріп беруге тиіс. Ешкімге де құпия емес – еліміздегі шіріген байлардың «тескен таудың» (шет елді айтады. -ред) арғы жағында зәулім-зәулім үйлері де, шытырлаған ақшалары да бар. Мұны қазір екінің бірі жақсы біледі. Міне, біздің еліміздің азаматтары осындай да осындай байлықтарының барлығын да елімізге әкеліп, толықтай заңдастыруға тиіс. Өзіміздің ақшамыз өзіміздің отанымыз үшін жұмыс істеуге тиіс, сондықтан шет елдегі байлығыңды өз еліңе әкел де, Алла бетіңнен жарылқасын, тірлігіңді істей бер. Құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай да проблема туындамайды.  Алдағы уақытта бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізілуі мүмкін, міне, сол уақытта шет елдегі байлығын заңдастыра алмаған біздің шіріген байларымыздың барлығына да аяушылық болмайды. Ешкімнің де басынан сипамаймыз. Шет елдерде ақшаларын жасырып жүрген шіріген байларымыздың нақты тізімі жасалып, олардың аты-жөндері ашық түрде жарияланатын болады. Біз беріп отырған осынау заңдастыру жөніндегі мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып үлгермегендер барлық байлықтарынан айырылады, мұны да ашық айтып отырмыз. Бұған дейін еліміздің азаматтарына пәтерлер сатып алып, коттедждер тұрғызуға мүмкіндік беріп келдік. Ешкімге ештеңе деген жоқпыз. Үй сатып алуға, зәулім коттедждер тұрғызуға ақшаны қайдан алдың деп те сұраған жоқпыз. Енді сұрайтын боламыз, өйткені байлығын заңдастырып, барлығын да ағымдағы заң шеңберінде істеп жатқан адамдарымыз салық та төлеуді ұмыптауы керек...»

(Ұлыбритания ханшайымымен көрші қазақтың үйі. Иесі белгісіз. Британдық баспасөз бұл үйдің Лондондағы ең қымбат үй екендігін жазады). 

 Президент, сонымен бірге, Батыстағы елдердің бірінде шамадан тыс шалқып өмір сүруге тиым салатын дін туралы да айтып өтті. «Бізде мұндай тиым салу жоқ, сондықтан да біздің азаматтарымыз осынау заңдастыру мәселесіне бір кісідей түсіністікпен атсалысуы керек. Біз де Батыстағы кейбір елдер сияқты, байлығымызды һәм барымызды еліміздің экономикасына, оның өркениетті түрде дамуына жұмсауға тиіспіз. Бәрі де заң аясында болса, бәріміз де тыныш өмір сүретін боламыз, сондықтан бізге де осылай тыныш өмір сүруге үйренетін уақыт келді» деді Мемлекет басшысы.

Президент, сондай-ақ, мүліктерді заңдастыру мәселесінің қызықты да тартымды болуы үшін тиімді ұсыныстар енгізуді Қаржы министрлігіне тапсырды.

Марат МАДАЛИМОВ,

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5340