Сенбі, 23 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 7772 0 пікір 8 Сәуір, 2015 сағат 10:00

АЛМАТЫНЫҢ МЕТРОСЫ АДАМ АЛАЛАЙДЫ

Алматыдағы метроға кіріп, оның игілігін көру қиын болып тұр. Мен басымнан өткен жайттарды баяндайын.

Міне, екі жыл болды (2013-2015 жылдар) Алматы метросындағы полицейлер мені себепсізден себепсіз бірнеше рет тоқтатты. Неге екендігін білмедім. Киімім таза, қоғамдық тәртіпті бұзған жан емеспін. Содан азаматтық құқығымды алға салып, 2014 жылдың қазан айында ҚР Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Әбілдә Әбдікәрімовпен кездесіп, осы жайды айтқан едім, метро полицейлері заңсыз әрекеттерін уақытша доғарды. Алайда, биыл әлгі полицейлер өздерінің бұрынғы заңсыз әрекеттеріне қайтадан кірісті. Мүмкін, бұл мекеме ҚР Ішкі істер министрлігіне пысқырмайтын, дербес автономиялық құрылым шығар? Онысын түсінбедім...

Біздің Конституциямыз бойынша, кез келген дискриминацияға тыйым салынған. Мейлі, сен африкалық бол, азиат бол, ешкім себепсіз тоқтатып, жолыңды кесуге қақылы емес. Мен талай шетелде болдым, метроларды пайдаландым: Лондон, Киев, Рим, Чикаго... Әдетте шетелде метродағы полицейлер жайдан-жай ешкімді тоқтатпайды. Неге біздегі жергілікті метро полицейлері дискриминация (алалаушылық) саясатын жүргізеді?

Полиция қызметкерлері менің арызыма ешқандай нақты жауап бермей отыр. Мемлекеттік ұйым болған соң, олар осындай арыздарға заңмен белгіленген мерзім ішінде нақты жауап беруге міндетті. Полиция - ешкімнің жеке меншігі емес. Алайда, менің арызыма жауап жоқ. Тек қана бюрократиялық сілтемелермен шектеледі. Соңғы екі жыл ішінде, шамамен жиырма рет мені себепсіз тоқтатты. Жарайды, адам түгілі электрондық-есептеу машинасы да анда-санда жаңылып кетер, бірақ, мені себепсіз тоқтатқаны - қателік емес. Бұл – белгілі бір дискриминациясының тәсіліне жатады, психологиялық қысым. 

Егер мен бірдеңе бүлдірген болсам: «Мына азамат іздеуде жүрген қылымыскер», - деп неге айыбымды мойныма салмайды? Кінәсіз болсам, неге кешірім сұрамайды? Алматы метросы – жер астындағы көлік қозғалысы бойынша ең шағын меторполитен. Жолаушысы да аз.

Қазіргі экономикалық дағдарыстың кезінде, бюджет шығындарын қысқартқан жөн. Өз бетімен кеткен Алматы метросындағы Ішкі істер басқармасын түгелімен жойсақ, бюджетіміздің елеулі бөлігін үнемдейміз. Метро станцияларында анда-санда қарауыл жасайтын полицейлерді аудандық басқармалардан жіберуге тура келеді. Сөйтіп, әсем қаламыздың орталығында орналасқан метро полицейлерінің керемет ғимаратын балабақша немесе қонақ үйі секілді тиімді кәсіпорынға беруге болады. Ал, болашақта Алматы метросы үлкейген соң мүмкін полицей басқармасы керек болар. Әзірше, оның қажеттілігі шамалы. Оның үстіне тірлігі - анау. Жарты ғасырға жуық уақыттың шегінде әрең іске қосылған метроны алматылықтардың кәдесіне жаратқан қала әкімі Ахметжан Есімов мына әңгімені естісе, қарекетсіз қалмас деп ойлаймын.  

Данияр НАУРЫЗ

Алматы

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543