«ҚАЗАҚИЯ-2015» БЛОГ-САПАРЫ: ЕЛІҢДІ ТАНЫ!
Қазнетте «Қазақия-2015» байқауының іріктеуі басталады. Бұл туралы аталған жобаны ұйымдастырушылардың бірі Рахат Жақсыбай өзінің Facebook парақшасында жариялады.
«Қазақия-2015» – Қазақстанның сегіз облысы мен қаласын қамтитын блог-сапар. Шарт бойынша 14 күн ішінде он екі стансаны шойын жолмен басып өтетін байқау қатысушылары интернет ресурстарда (әлеуметтік желі) сапар барысынан жолжазба жариялауы тиіс. Басқаша айтқанда, блог-сапар мақсаты – елімізді жаңа қырынан танытып, қазақтілді интернет кеңістікті сапалы мәтіндік, бейне, фото контентпен толықтыру.
«Қазақия-2015» жобасының жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Оған сапалы интернет-контент жасай алатын, әлеуметтік желі белсенділері қатыса алады.
Байқау іріктеу кезеңдерін қоса алғанда, 26 наурыз бен 24 сәуір аралығында өтеді. Блог-сапардың өзі 10 сәуір мен 24 сәуір аралығына жоспарланған.
Қатысушылардың еңбегі интернеттегі жазбасының тартымдылық индексімен, қазылар алқасының бағалауымен анықталады.
Байқаудың іріктеу шарттары мен блог-сапар туралы ақпаратты «Қазақия-2015» жобасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан табуға болады.
Жобаға Altel 4 G GSM компаниясы демеушілік етуде.
Абай-ақпарат.