Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4627 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 08:38

Қазақтың дәстүрлі ән өнері қолжаулық емес

Кеше Астанада Әміре Қашаубаев атындағы VII республикалық дәстүрлі әншілер конкурсы мәреге жетті. Ұлттық ән өнеріміздегі ең шоқтығы биік дода – осы. Мұнда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар ғана бағын сынайды. Үш күнге ұласқан ән жәрмеңкесі ұлттық өнерге деген құрметіміздің қандайлық екенін анық көрсеткендей. Осы үш күн бойына Президенттік мәдениет орталығының соншалықты кең емес залына көрермен жартылай да толмай-ақ қойды. Сахнада шырқалып жатқан қазақтың ең ғажайып әндерінің өзін тыңдап отырғандар – байқауға қатысушылардың шашбауын көтерген туған-туыс, дос-жаран және қазылар алқасы.

Бұл жайдың бәрін конкурс аяқталған соң баспасөз мәслихатын өткізген қазылар алқасы мен ұйымдастырушылар да айтты. «Бұрын мұндай конкурстарды қазақ телеарналары толық жазып алып, бүкіл қарайған қазаққа бастан-аяқ көрсететін. Қазір басталды деп бір жылт еткізеді, бітті деп бір жылт еткізеді», – деді қазылар алқасының төрағасы, Халық әртісі Қайрат Байбосынов. Оның бұл өкпесін әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиев дәстүрін жалғастырушылардың бірі, 1988 жылы өткен ІІ Ә.Қашаубаев атындағы конкурстың жүлдегері Сәуле Жанпейісова жалғастырды: «Өнер – көрерменімен көрікті. Көрермен өте аз болды. Астанадағы мәдениетті гүлдендіреміз деп кеткен зиялы қауым қайда? Ұлттық өнерімізге олардың жаны ашымаса, кімге өкпе айта аламыз? Депутаттардың бірі неге келіп кетпейді».
«Қазақ әуендері» АҚ президенті Ғалым Ахмедияровтың айтуынша, конкурсқа 9 миллион теңге қаражат бөлініпті. «Бұл көп ақша емес. Дағдарысқа байланысты еріксіз қысқартылды. Соған қарамастан өте жоғары деңгейде өтті деп білем», – дейді ол. Бөлінген қаражаттың аздығын белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев та айтты.
«Жас қанат» секілді байқаулардың қалай алаулатып-жалаулатып өтетіні, телеарналардан жылдар бойы көрсетіліп жататыны, байқаудың әрбір күнінің телекүнделік болып ұсынылатыны белгілі. Ал дәстүрлі ән байқауынан оның лебін де көрмейсіз. Әйтеуір «қарап жатқан жоқпыз» деп есеп беру үшін ғана өткізілетін секілді. Әміре Қашаубаев атындағы кезекті конкурс осылай ауыр ой тастап кетті. Қазақтың дәстүрлі ән өнері қашан осы қолжаулық күйден құтылар екен?
Конкурстың жүлдегерлері:
Гран-при – Ахат Кенжебаев (Алматы қаласы);
І жүлде – Ерлан Рысқали (Алматы қаласы);
ІІ жүлде – Жасұлан Базарбеков (Алматы қаласы);
ІІІ жүлде – Азамат Түсіпбек (Астана);
Жәнібек Кәрменов атындағы арнайы сыйлық – Гүлмира Хамзина;
Мәдениетті дамыту қорының сыйлығы – Амангелді Қожанов;
Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтің «Үміт» сыйлығы – Нұрболат Әбілхан.

Бесбоғда АЛТАЙ, Астана
«Алаш айнасы» 30 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5339