Жексенбі, 24 Қараша 2024
Қоғам 5480 0 пікір 24 Ақпан, 2015 сағат 01:16

ПОЛКОВНИКТІҢ АҚЫРЫ...

10 ақпан күні таңертең Астанадағы Қорғаныс министрлігінің алдында 40 жастағы подполковник Арман Сыздықов көлігінде өз-өзін жарып жіберген. Қайтыс болардан бұрын ақ қағазға не үшін бұлай істегені туралы жазып кетіпті. Тергеу барысында әйелінен сұрақ жауап алып жатыр. Арман Сыздықовқа тікелей бастықтары қысым көрсеткен деген алыпқашпа әңгіме де таралып кетті.

Арадан бір апта өтер-өтпесте, яғни 17 ақпанда Алматы облысындағы атышулы № 55065 әскери бөлімі қару-жарақтарды сақтайтын қойманың бастығы полковник Абай Мырзабеков зейнеткерлікке шықаннан кейін, өз-өзін тапаншасымен атып тастаған. Барлық телеарналар жаңалықтардан жариялады. Осы оқиғалар қолыма қалам алуға итермеледі.

Шекарашылардың атышулы «Арқанкерген» оқиғасы, ҰҚҚ институтының бастығы генерал Есетовтың өз-өзін атып тастауы, бүкіл шекарашылардың бастықтары полковник Стамбековтың ұшақта кетіп бара жатып жарылып кетуі, сол Стамбековтың орнына келген генерал-майор Нұрлан Жоламановтың парамен ұсталуы адамды сан қырлы ойларға жетелейді. Басынан бақайшағына дейін сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан шекарашыларға жөні түзу бастық бұйырмады-ай. Ол жерде де руға, жүзге бөліну етек алған. Әр түрлі кландар бір-бірімен билікке таласып, қақтығысып жатқаны айдан анық. Осы салада №55065 әскери бөлімнің бұрынғы бастығы полковник Асқар Бүлкешов 8 жылға бас бостандығынан айырылған, бүгінде темір торда жазасын өтеп жатыр. Тағы бір генерал Бағдат Майкеев 7 жылға сотталған.

Жалпы, соңғы кездегі еліміздің Қорғаныс саласында бір шикіліктің бар екендігі анық, әскерилердің өз-өздеріне қол жұмсаулары жақсылықтың нышаны емес. Әскерге жаңа келген жауынгерлер, бұрын келгендерден таяқ жеп шыдамай, асылып-атылып қалатыны - қалыпты жағдай. Енді келіп бір полкты басқаратын полковниктің өз-өзіне қол жұмсауы  - барып тұрған сорақылық. Әйтпесе, білеміз ғой полковниктің өмірі қандай болатынын. Не жеймін десе алдында, не киемін десе үстінде, жасарын жасады, асарын асады. Енді тек өзінен кейінгі шені төмен офицерлерді жұмсап, бас-көз болып отырса болғаны. Оның өзін атқара алмай, жер-жаһанға сыймай жатқаны жүрегіңді ауыртады. Айдың-күннің аманында, ел аман, жұрт тынышта, бұларға не көрінген? Білім-ғылым дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз, жаныңа не керек, бәрі бар.

Әскери өмірдің тар жол, тайғақ кешуін саналы түрде мойындап, қызмет атқарамын деп ант беріп, қызмет етуі тиіс. Оларға Отан алдындағы борышын өтесін деп балаларымызды сеніп тапсырамыз, ал олар болса өз-өздеріне қол жұмсап жатыр.

Сол полковниктер тарихтан бейхабар ма деген ой келеді, әйтпесе бабаларымыз Бұқар жырау «Отан үшін жан пида, жауыңның жағасына жармасып өл», Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай, ерлердің ісі бітер ме?» деген сияқты толып жатқан ғибратты сөздері жетерлік.

Асқар тау ғаріп емес пе?

Айдынды көлі болмаса.

Көл де ғаріп емес пе?

Қаз-үйрек келіп қолбаса.

Ағаш ғаріп емес пе?

Мәуесі өсіп тұрмаса.

Еркек ғаріп емес пе?

Белгілі елі болмаса.

Ел де ғаріп емес пе?

Белгілі белге қонбаса.

Бойжеткен ғаріп емес пе?

Бір жігітті қарата алмаса.

Ер жігіт ғаріп емес пе?

Бәйгеде жүлде алмаса, -

деген бабалардың аманатын ақтай алмай жүргеніміз өкінішті-ақ...

Жұмамұрат ШӘМШІ.

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5576