Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 10671 0 пікір 31 Қаңтар, 2015 сағат 11:09

ҰЛТ МҰРАТЫ – БІРЛІК!

Тәуелсіз ел болғанымызға да 23 жыл толып отыр. Тарихи тұрғыдан алғанда, әрине, түк те емес. Бірақ қазақ халқы үшін бұл өте  маңызды жылдар, өте маңызды уақыт. Мені толғандырып отырған мәселе – қазіргі жиырмадағы жастар елуге келіп ел тізгінін алғанша, осы тәуелсіздігімізді сақтай аламыз ба?

Бұл ой мені ғана емес, қазіргі жағдайды ой елегінен өткізіп, ел болашағына алаңдайтын әрбір қазақты мазалайтыны анық. Себебі, тәуелсіз елде өмірге келіп, басқаша өмірді көз алдына елестете алмайтын ұрпақ қана тәуелсіздігіміздің баянды болуына толық мүдделі болады деп ойлаймын. Қазір билік басында отырғандар да, қоғамның түрлі саласындағы белсенділігімен танылып жүрген азаматтар да, одан қалса қарапайым халықтың басым бөлігі де - кеңес дәуірінде өмірге келіп отаршылықтың азды-көпті «дәмін татқандар». Яғни, сыртынан тәуелсіздігіміз үшін өңеш жыртып қаншалықты айқайласа да, оның миының бір түкпірінде жатқан отарлық кезеңдегі тәп-тәуір өмір туралы естелігін, компьютердің жадынан бір нүктені басып жойып тастағандай өшіріп тастай алмайсыз. "Кеңес дәуірінде тәртіп бар еді, өмір тыныш еді, жастарға барынша жағдай жасалған еді" деген сарындағы әңгімелер әлі күнге дейін айтылатыны ешкімге де жасырын емес. Менің айтайын дегенім, екі дәуірдегі өмірді салыстыру емес, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, Құдай бетін аулақ қылсын, бірақ ел басына күн туып, тәуелсіздігімізді қолымызға қару алып қорғайтындай күн туа қалған жағдайда, көпшілігіміздің бойымызда "соғысқаннан не пайда, біреуге тәуелді болып та жаман өмір сүрген жоқпыз ғой" деген сатқын ой қылаң ете қалмай ма деген күдік. Бұл әңгіменің барлығы сайып келгенде қазіргі қазақ ұлтының болмысына келіп тіреледі.

Бүгінде бірқатар сарапшылар Украинадағы кикілжің украиндардың нағыз толыққанды ұлт болып қалыптасуына түрткі болды деп тұжырым жасауда. Яғни, украин халқы өздерінің ұлт ретінде жаңа белеске көтерілуіне себепкер болған Путинге рахмет айтуларына да болады. Әрине, Украинаға жасырын әскерін айдап салып, қитұрқы соғыс жүргізіп, талай адамды ажал құштырғанымен қоймай, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп ақпараттық соғыс та жүргізіп отырған Путинге ешбір украинның алғыс айта қоюы екіталай. Алайда, бастары бірігіп, ұлттық сезімдері жаңаша оянған украиндарды енді Ресей де, басқа жау да жеңе алмайды. Әрине, Путиндей амбициясы шектен тыс, кеудесіне нан піскен президенті тұрғанда азуы алты қарыс Ресей бұл соғыста уақытша жеңіске жетуі де мүмкін. Тіпті Украина аумағын түгел жаулап алуға да Ресейдің әлеуеті жетеді (мұндай сценарийдің орын алуы екіталай, мұның Ресейге де керегі шамалы). Бірақ, уақыт өте келе, украиндар өз дегеніне жетіп, Еуроодақ пен НАТО-ға кіруге мүмкіндік алады. Ал өз тағдырын өздері шешуге тырысқан украиндарды «ұлтшылдар», «бандеровшылдар» деп айыптап, оларды еркінен тыс «емдеуге» кіріскен орыстардың өзіне келсек, дәл қазіргі кезеңде олардың өзі ұлтшылдық ауруына шалдыққан сияқты. Жалпы ұлтшылдық дертімен бүгінде өркениетті деп саналатын французың да, немісің де, жапоның да, итальяның да кезінде бір ауырып шыққан. 

Бәрін айт та бірін айт, кезінде ұлтшылдығы асқынған французың мен немісіңнің кеудесіндегі желігін басып, тәубасына келтірген орысыңның бүгінгі таңда өзінің ұлтшылдығы барынша асқынып тұрғаны жасырын емес. Ең қауіптісі, бұл мәселе бүкілұлттық деңгейге көтерілген сияқты. «Біз орыспыз, Құдай бізбен бірге», «Біз орыспыз, біздікі хақ» сияқты орыстың ерекше ұлт екендігін дәріптейтін ұрансымақтардың қалың орыстың арасында кеңінен қолдау тауып жатқаны осыған айқын дәлел.

Әрине, мұндай жағдайда бізді бірінші кезекте толғандыратыны - қазақтың жағдайы. Көршісін сыйлауға бейім қазаққа Ресей мен Қытай сияқты екі бірдей алып көрші сыйлаған Құдай халқымызға олардың қаһарынан қорғанатындай бір қасиет немесе бір мүмкіндік сыйлайтын шығар деген үміттемін. Кезінде жарты әлемді бағындырған Шыңғысхан Жапонияны басып алу үшін аттандырған бірнеше мың кемесін күйреткен теңіз дауылын жапондар «қасиетті дауыл» деп атап, әлі күнге дейін шүкірлік етсе, Мәскеуге дейін жеткен Наполеон мен Гитлер әскерінің аптығын басуға да Ресейдің қытымыр қысы мен сарышұнақ аязының септігі аз болмағаны бәрімізге аян (мұны орыстардың өздері ғана мойындағысы келмейді). «Сақтансаң сақтаймын» дегізіп, Құдайдың да аузына сөз салып қойған қазақ үшін дәл қазір тек Құдайына сеніп отыра беретін заман болмай тұр. Байы тастағалы отырған долы қатынның күйін кешіп отырған Ресейден қазіргі кезде нені де болса күтуге болады. Мұндай жағдайда қазаққа не істеу керек? Ұлт ретінде бірінші кезектегі міндет осындай қысылтаяң уақытта тәуелсіздікті, елдің тұтастығы мен тыныштығын сақтап қалу. Қазіргі уақыт бұл - «мың өліп, мың тірілген» халқымыздың болашағын айқындайтын шешуші кезең. Бұл қазақ үшін үлкен сын. Осы сыннан аман өте білсек, бұл ұлт санасын жаңа бір белеске көтеруге септігін тигізер еді.

Мемлекеттілігі тарихтың терең қойнауынан бастау алатын қытайларда «Бәрі де аспан астында» деген керемет нақыл сөз бар. Бүгінгі таңда бүкіл қазақ осы сөздің мағынасына үңіліп, бойларына сіңіріп қана қоймай, оны өмірлік қағида етіп алулары тиіс. Бұл сөздің астары өздерін «Аспан асты елі» деп атайтын Қытайда сен кім болсаң ол бол, тіпті қылмыскер болсаң да бір қағидадан аттап кетпеуің керек. Ол - мемлекеттілік пен тәуелсіздік, қалғанының барлығы екінші кезектегі мәселелер. Бұл қазақ үшін де өте өзекті мәселе, яғни руға, жүзге, жерге одан қалса, «шалақазақ» пен «таза қазақ», «дала қазағы» мен «қала қазағы», «оңтүстік», «солтүстік» және «батыс» қазағы, «оралман» сияқты мың-сан себеппен бөлініп алып, қырықпышақ болып қырқысуға құмар халқымыз үшін, оның ішінде әрбір қазақ үшін сөзсіз бас иіп, мойындайтын бір қағидасы болуы керек. Ол қағида – қазақ елінің тәуелсіздігі мен тұтастығы. Ең басты да негізгі қағида осы болуы тиіс.  

Билікті қолдайтындар бар, жақтырмайтындар бар, бірақ бұл қазіргі уақытта аса маңызды емес. Бастысы еліміздің ертеңі жолында бір мақсатқа жұмыла білу, ал қазіргі уақыттың халқымызға қойып отырған талабы онсыз да сынықтан сылтау іздеп, айналасындағы шағын елдерге тиісерге қара таппай отырған Ресеймен қарым-қатынаста Абай атамыз айтқанындай ақырын жүріп, анық басу. Әрбір қадамды жеті өлшеп бір пішіп, Ресейдегі кейбір белсенділердің арандатуына бой бермей, бейнелеп айтсақ, бетегеден биік жусаннан аласа бола тұрудан басқа жол жоқ сияқты. Себебі, ашығын айтар болсақ, егер қазір алда-жалда Ресеймен арада әскери кикілжің бола қалса, Ресей тарапынан Қазақстандағы орысың ғана емес, қазақтың да бір бөлігі өз еркімен өтіп кетуі ықтималдығын өкінішке орай, ешкім де жоққа шығара алмайды. Мұндай соғыста біз әскери тұрғыдан ғана жеңіліп қоймай, ақпараттық тұрғыдан да быт-шытымыз шығып жеңілуіміз ғажап емес. Себебі, Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі Ресейлік БАҚ-тың рөлі өте мығым екендігі баршамызға белгілі. Тіпті, қитұрқы ақпараттық саясат арқылы қазақтың арасына лаң салып, қазақты қазаққа қарсы қоюы мүмкін. Ондай жағдайда тәуелсіздігіміз «капут» болып қана қоймай, ұлтымыздың болашағына қауіп төнеді. Әрине, құдай мұндай жағдайдың бетін аулақ қылсын, мұны жазып отырған себебім ешкімді де қорқытып-үркіту емес, тек онсыз да шыдамды қазақты сабырлылыққа шақырып, бүгінгі қалыптасып отырған жағдайдың қаншалықты беймаза екендігін жете түсінсін деген тілек қана.   

Тарихқа үңіле кетсек, кезінде отарлаушыларға барын салып қарсыласқан тумысынан жауынгер үндіс тайпаларының басым бөлігі қазір жойылудың аз-ақ алдында тұр, ал кейбір тайпалардан басқасы негізінен отарлаушыларға бас иіп, бағынған Африканың халқы қазір 1 миллиардтан асып, тәуелсіз мемлекеттер саны 50-ге жетіп отыр, одан қалса, Мұхаммед пайғамбарға карикатура салып, келемеждеуді ермекке айналдырған Еуропада немесе Америкада африкалық негрді келемеждей қалсаң, басың бәлеге қалды дей бер. Мұндай мысалдарды Үндістан мен Қытайдың тарихынан да келтіруге болады. Түйіндейтін болсақ, биліктің, одан қалса әрбір азаматтың қазіргі уақыттағы міндеті – бұл халқымызды соғысқа, кикілжіңге ұрындырмай аман алып қалу. Ертелі-кеш бұл жағдай да өтер, Ресей де сабасына түсер, әлі-ақ халқымыз үшін мамыражай заман туар.

Орыстың айтқанына көніп, айдағанына еріп жүре беруіміз керек пе, ондай тәуелсіздіктің не керегі бар дейтіндер де табылар. Әрине қол қусырып, қарап отырмай елдігімізді нығайту жолында кешенді шаралар атқару керек. Өз басым, елдігіміздің іргесін бекіту үшін үш бағытта жұмыс істеу керек деп санаймын.

Біріншісі, ұлттың, халықтың басын біріктіретін ортақ идеяны қалыптастыру және оны әрбір азаматтың бойына сіңіре білу. Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік ел» идеясы осы талапқа толық сәйкес келетін нағыз қолдауға тұрарлық бастама деп ойлаймын. Әрбір азаматтың жүрегінде осы идеяны ұялату үшін еліміз ең әуелі ақпараттық тәуелсіздікке қол жеткізу керек секілді. Күні-түні дамыл таппай, санамызды қалай болса солай билеп жатқан орыс тілді арналардан біртіндеп құтылған жөн. Әйтпесе, өз елімізде өз саясатымызды халқымыздың санасына жеткізе алмайтындай жағдайдан алыс емес сияқтымыз. Сондай-ақ бұл идеяны мектеп бағдарламасына да енгізіп, балалардың санасына құя беру керек.

Екіншісі, қазақ тілінің мәртебесін көтеру, әрине, бұл тәуелсіздік алғалы айта-айта тілге сүйел шығып, ести-ести құлақ жауыр болған мәселе. Бірақ бұл мәселені шешуге жаңа қырынан келу керек сияқты. Кезінде Елбасының «әр қазақ бір-бірімен қазақша сөйлессін» деген үндеуін неге жаңғыртып, соны орындауды бүкіл ұлт болып қолға алмасқа? Бұл үшін қазақтың ар-намыс кодексін әзірлеп, оның басты қағидасы ретінде әрбір қазақтың бір-бірімен қазақ тілінде сөйлесуі тиістігін баса көрсетсек, нәтиже шығады деп үміттенемін. Оның үстіне аталған кодексті әзірлеу және оны халық арасында кеңінен насихаттауды, мемлекетке жүктемей-ақ, қазақ тіліне жанашырлық танытып жүрген қоғамдық ұйымдардың біріне жүктесе де болады. Қазақтар бір-бірімен тек қазақ тілінде сөйлесе бастаса, онда тілімізге басқа ұлт өкілдері де құрметпен қарайтын еді.

Үшіншісі, халқымыздың санын көбейту, мемлекеттіліктің негізгі тұтқаларының бірі – халықтың саны, дәлірек айтсақ, халық санының көптігі. Саны көбейген сайын қазақтың да мерейі өсе түседі. Демографиялық саясатты тек мемлекеттің қолдауымен ғана тиімді жүргізуге болады. Сондықтан да билік басындағылар тәуелсіздігіміздің баяндылығына мүдделі болса, қазақтың өсуіне барынша жағдай жасауы тиіс. Әрине, дәл қазіргідей экономикалық дағдарыс тұсында мемлекеттің бұған шамасы да келмес, бірақ демограф Мақаш Тәтімов ағамыз ұсынғанындай белгілі жастан асқан бойдақтарға салық енгізу арқылы да бұл мәселеге түрткі болуға болады. Сондай-ақ, жаңбырсыз жазда тартылып қалған өзен сияқты тоқтап қалған оралман көшін де қайта жаңғыртсақ нұр үстіне нұр болар еді. Тоқ етерін айтсақ, демография мәселесі үнемі мемлекет назарында болуы тиіс.

Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйіндер болсақ, аталған үш бағытты елдігіміздің үш тұтқасы деп алып, осы үш тұтқаны нығайта түсуге әрбір қазақ ұмтылса, шынында да уақыт өте келе, мәңгілік елге айналармыз.  

Бимаханбет Асанов.

 

Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036