Жұма, 22 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 5748 0 пікір 30 Қаңтар, 2015 сағат 13:49

ЕАЭО: ЭКОНОМИКА ЕКІНШІ ОРЫНҒА ЫСЫРЫЛЫП БАРАДЫ

«Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, ел ішінде әртүрлі әсіреқызыл әңгіме өзегіне айналған Еуразиялық экономикалық одақ дегеннің есігімізден енгеніне де айға жуықтады. Осынау азғана уақыт ішінде ненің өзгеріп, ненің өзгеруі мүмкін екені әзірге оншалықты білінбей жатыр. Дәлірек айтқанда, пәлен-түген деп айта қоярлықтай сыртқы саясатымыздың ыстық-салқыны қараша халықты әзірге күйдіріп-тоңдыра қойған жоқ. Рас, сырт көзге ғана солай сияқты. Әйтсе де, қараша халықпен де, қараша халықтың қалаулылары болып саналатын мәжілісмендерімізбен де бір ауыз ақылдасып-кеңесілмеген (мемлекет басшысына мәжілісмендеріміздің бірдеңе дей қоюы «календарьда карастырылмаған» дүние емес пе) «осынау одақ», қалай дегенмен де, егемен еліміз тарихының тағы бір жаңа парағын ашты. «Бұл ПАРАҚ болашақта қандай болмақ?» деген сауалдың жауабы да әзірге бұлталаң болып тұр. Рас, Еуразиялық экономикалық одақ дегеннің есігімізден енуіне еліміздегі ЭЛИТА деп саналатындардың біршамасы қолдарынан келгенше қарсы болды, мұны мойындау керек. Қырым сценарийі қазақ елінің солтүстік облыстарында қайталанып кетуі мүмкін деген жорамалдар да осы ЭЛИТА тарапынан айтылып қалып жатты. Олардың жорамалдарын жариялап кеп жіберген кейбір қазақстандық сайттар «асығыс-үсігіс» жабылды да. Ал Ғани ҚАСЫМОВ «батырлық» танытып, мүлде ашық кетті: Еуразиялық экономикалық одақ қызметінің ресми түрде іске кірісуін белгілі бір мерзімге дейін тоқтата тұру қажет, әйтпесе Ресейдің экономикалық проблемалары біздің елімізді де «өзімен бірге құрдымға қарай сүйрей кетеді» деген сыңайдағы өзінің жеке пікірін жаһанға жариялап жіберді. Бірақ ел ішіндегі элитаның бір-екі ауыз сөзі «теңіз ішіндегі тамшыдай» ғана болды да шықты. Ал қарапайым халықтың, ашығын айту керек, сыртқы саясатта шаруасы шамалы – солтүстік көршіміздің қаржы-экономикалық проблемаларын өздерінше пайдаланып қалғысы келген еліміздің Ресеймен шекаралас аумағының тұрғындары көрші ел ішіндегі супер-гипер маркеттердегі құны түсіп кеткен тауарлардың барлығын шетінен пытырлатып сатып алуға кірісті. Әсіресе автокөлік пен тұрғын үй дегендеріңіздің көпшілігі қас пен көздің арасында қазақстандықтардың аты-жөніне «ауысып» жатты. Әлбетте, мұның барлығы КРЕМЛЬ үшін оңайға соқпағаны анық, әйтсе де, кейбір саяси сарапшылардың айтуларына қарағанда, Кремль қожайыны үшін жоғарыда аталғандардан гөрі... мүлде басқа бір мәселе өте-мөте маңыздырақ болып тұрды. Дәл осы кезде. Ол мәселе – Украина дағдарысын реттеу барысында делдал болып жүрген қазақ елі басшысының Ресейді айналып өтіп, өзге де елдермен «өзінің құпия мақсатын көздеген» өзгешелеу бір қарым-қатынас орнатуы мүмкін-ау деген мәселе. Ал бірақ ол сонда қандай құпия мақсат? Кремльді «апам да аң-таң, мен де аң-таң» деген дүбәра күйге түсіріп қойған Ақорда қожайынының не ойлағаны болды, а? «Восток – дело тонкое» деп бекерге айтпаған-ау білгіштер: Кремль қазір қатты ойланып қалды. НЕГЕ? Жорамалдарға жүгінейік: Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің үкімет басшылары өткен жылдың желтоқсанында Астанада мәжіліс өткізгені белгілі. Мәжілісте премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ Қытай Халық Республикасы тарапынан ірі-ірі деген оншақты кәсіпорынды қазақ еліне көшіру жөнінде жасалған ұсынысты қабыл алғанын мәлімдеген еді. Мұнымен қоса, Қазақстан мен Қытай тағы да келісім-шарт жасасты – 14 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі сомаға. «Тағы да» деп отырған себебіміз, екі ел арасындағы тауар айналымы бұған дейін де 40 миллиард доллардан асып жығылған-тұғын. Осы жерде есімізге түсіре кететін және бір мәселе бар: өткен жылы қазақ елінің басшысы Қытайға барған ресми сапары кезінде 2 миллиард АҚШ доллары шамасында несие алған болатын. Қытайдан. Бұл не деген сөз сонда? Бұл – екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыс бұрынғыдан да берік бола түсті деген сөз бе, әлде қазақ елі «Қытай қорасына қымсынбай» кіріп бара жатыр деген сөз бе – әзірге мұның жауабы жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Қытайдың экономикалық экспансиясы (Алла бетін аулақ қылсын, әрине) биылғы жылы жаңаша жандана бастайтын сияқты. Жасыратыны жоқ, жері кең әрі табиғи байлығы да мол қазақ еліне қытайлар бекерден-бекерге «көзінің астымен» қарап отырған жоқ. «Егерде Қазақстан мен Ресей арасындағы «өзара бейбіт» қарым-қатынасқа сызат түсе қалатындай болса, бұл жерде Қытайдың «айы оңынан туады» дейді Қазақстан мен Орта Азияны кірпік қақпай қадағалап отырған батыс елінің сарапшылары. Мұның қандай қисыны бар? «Егер Ресей Қазақстаннан айрылатын болса, онда, әлбетте, аталмыш аймаққа Қытайдың ықпалдылығы күрт артатын болады» дейді германиялық сарапшы Виталий Волков. Ал керек болса! «Жағыңа жылан жұмыртқаласын!» демейтін бе еді қазақ мұндайда, өйткені, қазақ еліне Ресей мен Қытайдың да, басқаның да ықпалы жүрмеуге тиіс. Болашақтың бұлтсыз аспаны үшін. ХОШ. Енді кейінгі кездері көбірек айтылып жүрген КРЕМЛЬ саясатына қайта оралайық.

Украина мен Ресей арасындағы шиеленісті жағдайға байланысты соңғы кездері қазақ елі басшысының Еуропа елдеріне сапары жиілеп кетті. Олланд, Меркель сияқты батыс елдерінің кейбір басшыларының Ақорда қожайынымен «алыс-беріс» әңгімесі де көбейді. Мұны әркім әр саққа жүгіртеді. Әйтсе де, Кремль қожайыны үшін бұл мәселенің де жұмбақ болып отырғаны жасырын емес. «Батыс елдері үшін Қазақстан қандай қызығушылық тудыруы мүмкін?» - міне, қазіргі кезде Кремльдің басын әңкі-тәңкі етіп отырған осы сұрақ. Жасыратыны жоқ, қазақ елінің басшысы өзін Орталық Азия бойынша көш бастаған жар дегендегі жалғыз ЛИДЕРмін деп есептейді. Мұнысы бір жағынан қисынсыз да емес сияқты, өйткені, бұл жағынан алып қарағанда ОНЫҢ Ресей президентінің алдындағы ықпалдылығы Орталық Азияның өзге лидерлерімен салыстырғанда әлдеқайда көшілгері. Мұны осы аймақты былай қойып, батыс сарапшыларының өздері де сөзсіз мойындайды. Бұған деген алғышарттар да жоқ емес. Мәселен, қазақ елі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша Орталық Азияда «шаппай бәйге алады». Тек тұрғындар саны жағынан ғана Өзбекстанға жол беретіні болмаса. Әлбетте, өзбек елі туралы әңгіме қозғала қалған жерде Ислам КӘРІМОВтың аты-жөні аталып өтілмесе, тіпті де болмайды. Кейбіреулер Орталық Азия лидерлігін біресе НАЗАРБАЕВқа телісе, енді бірде Ислам Кәрімовке апарып жапсырып қояды. Ал бұл мәселе нақты іс жүзінде осылай ма? Күмәніміз бар, өйткені, АҚОРДА мен КРЕМЛЬ қожайыны туралы ИСЛАМ АКАның саяси көзқарасы әр кездері әрқалай. Тағы бір қызық жәйт: Назарбаев пен Кәрімов арасындағы «саяси достық» ел ішінде әртүрлі дәрежеде айтылғанменен, сөз жоқ, Кәрімовтің кейбір жағдайларда Назарбаев алдында «өзбекшелеп» болса да мәймөңкелеп кететіні жасырын емес. Оның үстіне осынау ЕКІ ЕЛ басшысы таяуда ғана... 2013 жылы ғана тек осы ЕКІ ЕЛ деңгейіндегі өзара стратегиялық әріптестік жөніндегі Келісім-шартқа қол қойған болатын. Қазақ елімен санасып отыруға осылайша мәжбүр болған өзбек лидері кейінгі кездері ресми Мәскеуден ақырын-пақырын ақша жырымдауды әдетке айналдырған. Кейбір жағдайларда Кәрімов тіпті өздерінің орыстар алдындағы аз-мұз ақшалай қарыздарын да «списать» етіп жіберуді өтіне қояды. Кремь қожайынынан. Бұл жердегі ұзын сөздің қысқасы – Қазақстан Орталық Азия аймағындағы елдердің барлығын да «жіпсіз байлап-матап» алған. Айтсақ ешкім сенбес – тіпті Түрікменстанның АРКАДАГЫ Гурбангулы Бердімұхамедов мырзаның өзі де Назарбаевқа назарын аудармай отыра алмайды екен. Неге десек, түрікмендер елі қазақтар елінен гуманитарлық көмек ретінде «ешкімге жариялап-дабыраламай», ешкімге «білдірмей», аса сапалы астық өнімдерін алып тұратынға ұқсайды. Міне, мәселе қайда жатыр! Көпшілік «коммунизмде өмір сүріп жатыр» деп ойлайтын Түрікменстанның өзін осылайша қайырып әкеліп «қорасына» кіргізіп алыпты – қазақтардың көшбасшысы. Сонымен бірге біздің Елбасының ықпалдылығы қырғыздар мен тәжіктер элитасы арасында да орасан зор көрінеді. Міне, осы тұрғыдан және бір алып қарайтын болсақ, мынандай да мәселенің мәнісі көлбең-көлбең ете қалады: әгәрәки алда-жалда Ақорда мен Кремль арасынан «қара мысық» жүгіріп өте қалатындай болса, онда әлбеттте, Орталық Азиядағы Кремльдің ықпалдылығы жөніндегі мәселеде Ақорда шешуші рөл атқаратын болады деген сөз. Яғни, Ақорда болмаса, Кремльге Орталық Азияда «адасады» деген сөз. Ал енді «осының барлығынан қандай қорытынды шығаруға болады?» деген басы ашық мәселеге келетін болсақ, бұдан шығатын қорытынды біреу-ақ, біздің ойымызша, ОЛ: егер қазақ елі күндердің бір күнінде Еуразиялық экономикалық одақ құрамынан шыға қалатындай болса, онда ол Орталық Азия елдеріне толықтай, АҚШ пен ЕУРООДАҚ елдеріне жарым-жартылай болса да арқа сүйей алады деген сөз. Ал жоғарыда айтылып өткен ҚЫТАЙға келетін болсақ, бұл мәселеде қазақ елінің күншығыс көршісіне қандай да болмасын ҮМІТ артуының мүлде жөні жоқ, өйткені, Қытай кез келген саяси ырың-жырыңға көбінесе экономикалық пайда тұрғысынан қарауды өзінің «күн кестесіне» баяғыда-ақ енгізіп алған. Қисынға келіңкірей ме? Біздің ойымызша, әбден келіңкірейтін сияқты. ХОШ дейік. Мұны осымен тоқтата тұрайық та, енді Беларусьті байқап көрейік. Кез келген саяси-экономикалық түйткілдерді төтесінен бір-ақ шешуді әдетіне айналдырған «Беларусь батькосы» Александр ЛУКАШЕНКО кеше, яғни қаңтардың жиырма тоғызы күні жасаған мәлімдемесінде ЕАЭО аумағында болуы мүмкін бірыңғай валюта жөніндегі мәселеге: «...бізде, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер ішінде бірыңғай валюта мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ. Тіпті бірыңғай валюта мәселесі ертеңгі күннің де жоспарында жоқ. Бұл мәселе тіпті менің президенттігім кезінде күн тәртібіне қойылады деп ойламаймын да, өйткені, бірыңғай валюта мәселесін күн тәртібіне қою үшін ең алдымен 2025 жылға дейін шегерілген бірқатар өзекті мәселелерді шешіп алу қажет...» деп үп-үлкен ЛЕП БЕЛГІСІН қойды. Ал Ақорда мен  Кремль болса, бұл мәселе бойынша әзірге ләм-мим деген жоқ. Осы жерде тағы бір ПРОБЛЕМАның қылтиып келе жатқанын жасырмауға тиіспіз: Еуразиялық экономикалық одақ саяси одақ емес деп қанша жерден құлағымызға құйылып жатса да, көзіміз БІР нәрсені көре бастағанға ұқсайды, соңғы кездері. Ол мәселе – ЕАЭО көлемінде ЭКОНОМИКА екінші орынға ысырылып, САЯСАТ бірінші орынға шығып келе жатыр. Иә-иә, шығып келе жатыр. «...Егер кез-келген одақ біздің тәуелсіздігімізге қандай да болмасын бір қауіп-қатерін төндіретін болса, біз ондай одақтан дереу шығып кетеміз» деген еді бір сөзінде Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ. Уақыт төреші, өйткені, «айтылған сөз, атылған оқ» деп те айтатын ШЫҒЫС елдерінде.

Марат МАДАЛИМОВ.


Абай.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5289