АҚШ президентінің кеңесшісі Кабулда жаңа стратегия талқылады
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі генерал Герберт Макмастер Кабулға барды. Осыдан бірнеше күн бұрын америкалық әскер Ауғанстанның шығысына ең үлкен бомба тастаған еді. Шабуыл нәтижесінде жүзге жуық содырдың көзі жойылды.
Макмастер Ауғанстан астанасына 16 сәуірде барды. Трамп әкімшілігі өзінің Ауғанстандағы саясатын қайта қарағысы келеді.
Ауғанстанда қазір 8400 мың АҚШ сарбазы бар. Жақында жоғары лауазымды америкалық әскер қызметкері тәліптермен соғыста басымдық алу үшін тағы бірнеше мың сарбаз керектігін мәлімдеген.
Ауғанстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, президент Ашраф Гани мен Макмастер "екі жақты байланыс, қауіпсіздік, терроризммен күрес, реформа және даму мәселелерін талқылаған".
13 сәуірде АҚШ "Бомбалардың анасы" деген атпен белгілі GBU-43 / B Massive Ordnance Air Blast бомбасын Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясында "Ислам мемлекеті" содырлары бекінісіне тастады. Ауғанстанның ресми өкілдері шабуылдан 94 содырдың көзі жойылғанын, бейбіт тұрғын зардап шекпегенін хабарлады. Гани әуе шабуылы ауған үкіметінің келісімімен жүзе асқанын мәлімдеді.
"Ислам мемлекеті" ұйымы соңғы жылдары Ауғанстанға кіріп, пәкістандық және ауған тәліптерін өзіне қосып алды.
Абай-ақпарат