Астананы су шайып кетуі мүмкін
Астананы су шайып кетуі мүмкін. Бүгін Үкімет отырысына келген ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов осылай деп мәлімдеді.
Қалмұхамбет мырза басқаратын министрліктің құрамына Төтенше жағдайлар департаменті де кіретіні белгілі.
Министр Қасымов Астана мен оның маңайындағы елдімекендерді су шайып кету қауіпі туғанын айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, Астана су қоймасынан айдалған судың көлемі секундына 40-тан 1200 текше метрге дейін артып кеткен. Соның салдарынан Аршалы ауданындағы бір ауылды сел басқан..
"Астана мен оның іргесіндегі елдімекендерді су басудан қорғау үшін тасқын суды Астана су реттеуішіне жіберіп жатырмыз. Қазір барлығы 132 млн текше метр су жиналды. Ал, оның сыйымдылығы 450 млн текше метрді құрайды. Астана су қоймасынан дәл қазіргі қарқынмен су айдала беретін болса су реттеуіш небәрі үш күнде толып қалады. Ол жарылып, Елорда мен өзге де елдімекендер толық су астында қалуы мүмкін", - деді министр.
Министр Қалмұхамбет Қасымов қауіптің алдын алу шаралары ойластырылып жатқанын айтты. Астананы суға алдырмаймыз деп сендірді. Тіпті бұл мақсатта ҚР Ауылшаруашылық министрлігімен бірлесе отырып, тиісті шараларды қолданатынын ескертті.
Abai.kz