Жексенбі, 8 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6821 1 пікір 26 Сәуір, 2017 сағат 14:34

Мақпалдың "мәмесінде" "Ұлы көштің" несі бар?

Рейтинг, рейтинг және рейтинг! Бұл - Қазақстандағы "ақпараттық" сайттардың күн-түн демей қуалай бастаған қу дүниесі болды. Санға сәйкес сапа болса кәні?!

Жақында "Ұлы көш" дейтін ұлттық портал жарық көріп еді. Қуанып қалғанбыз.  Амал кем, "Ұлы көшіміз" ұлтқа танылу үшін рейтинг дейтін пәленің соңына түсіп, бейәдеп материалдар жариялауға бірден кірісіп кетті. Мына тақырыпқа қараңыз: "Мақпал Исабекова емшегін көрсетті".

Аталған сайт алақандай ақпаратқа осындай тақырып қояды да, қазақ эстрадасына футуристік сарынмен келген Мақпал Исабекова дейтін әншінің әлемжелідегі бейне жазбасын жұртқа жария етеді.

...Қазақ көші - ықылымнан қазақ ұлтының тағдыры. Тілім-тілім тағдырындағы қазақтың Ұлы көші күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен жер дүниеге шашыраған қазақтың Қазақстанға ағылуы үшін ашылған көш - қазір ел аузында: "Ұлы көш" - "Нұрлы көш" аталып кеткен. Ау, сонда қазақ үшін киелі көшті, киелі ұғымды  саржағалданып алған сайттың қор еткені қалай?

Жаңа медиа жаңа серпінмен дамыған сайын рейтинг пен сенсация басты планға шығып, сапа категориясы назардан тыс қала бастады. 

Рейтинг басты талапқа айналған сайын қазақ ұлтының бойынан жат қылық, жаман мінез күннен күнге өршіп, дүниенің сүреңсіз келбетін сүзгісіз қабылдау мен тыйымсыз, тоқтаусыз ұрандау ғадеті пайда болды.

Рейтинг қалай жасалады? Тақырып біреу: "өлді", "атты", "шапты", "асылды", "зорлады". Немесе "жұлдыздардың" жалаңаш денесі, "бәденді бикештердің бөксесі" . Осындай жаңа трендсымақ жуынды-шайындыны ертелі-кеш езіп отырғандар өзге емес, өзіміздің - "ноқал қазақтар". Өйткені қаржы беріп, қарық қылатын биліктің сұрайтыны - рейтинг.

Мәселен мынау "Ұлы көш" дейтін портал өздеріне "ұлттық портал" деген мәртебе беріпті. Мейлі, солай-ақ болсыншы! Бірақ, жазып, жарнамалап отырған тақырыбы анау: "Мақпал Исабекова "мәмесін" көрсетті" не болмаса "Элиталы жезөкше қалталы жігіттердің өздерін қалай қорлайтынын айтып берді". Сонда бұл қандай "Ұлы көш"? кімдердің "Ұлы көші"?.. Қайда ауып бара жатқан көш бұл?

Парадокс. Біздің миымызға кіріп-шықпайтыны - Мақпал Исабекованың Ұлы көшке қандай қатысы бар? Немесе "Ұлы көштің" Мақпалдың "мәмесінде" несі бар?

Төс пенен төсектің төңірегіннен айналып шықпайтын осындай тақырыптармен біз оқырманды қайда жетелеп барамыз?

Нұрзат Тоқажан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1539