Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 10054 23 пікір 27 Сәуір, 2017 сағат 22:46

"Самұрық-Қазынада" тауықтың миындай ми жоқ екен

"Байдың асын байқұс қызғаныптының" керін келтіргелі отырған жоқпыз. Мемлекеттік активтерді уысында ұстап отырған "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры қазақтың табан ақы, маңдай термен тапқан қаржысын оңды-солды шашуын тоқтатпапты. Бір ғана жылдың ішінде "келді-кетті" кеңесшілердің қалтасына шамамен 27 миллиард теңгені салып беріп, "енді маған не істейсің?" дегендей кісімсіп отырған көрінеді.

Бұл ақпарат жарияланған соңғы күндерде бірталай ел шулап, наразылығын білдіріп жатыр. Оларды да түсінуге болады.

27 миллион болса, "ә бопты" дер еді. 27 миллиард дегеніңіз басыңызды айналдырып, жүрегіңізді лобытатын сома ғой. 27 миллиардқа қандай кеңес алуға болады? Ондай алтынмен апталып, күміспен қамталған кеңесті бір тыңдау ішерге ас, киерге киім таба алмай отырған қара халыққа бұйырмас. Ал, бұйыртқандардың сол ақылды пайдаланып, "күнді батыстан шығарып, шығыстан батырғанын" әл-әзір ести қоймадық. Соған қарағанда бір ақиқаттың беті ашылған сияқты.

"Самұрық-қазыналықтар" өздерінің қай дәрежеде ақымақ екендіктерін 27 миллиард теңгені шашуымен толық дәлелдеді. Қазақ мұндайда "сенде тауықтың миындай да ми жоқ екен" деп жатады.

Сондықтан, "тауық ми" "самұрықтарды" аяу керек... Біз бұған дейін ақымақтықтың шегі болар деп ойлаушы едік. Болмайды екен.

Мәселен, жылда "мемлекеттің бюджетін үнемдеңдер" деп шырылдайтын Елбасының ақылы "Самрұқ-Қазынаға" әсер етпегені ме? Бүгінгіндей дағдарыс алқымнан алған тұста ақылдың үлкені осы бір "мемлекеттің бюджетін үнемдеңдер" деген бір ауыз сөздің ішіне сыйып кетіп отырған жоқ па? Мұны бір деңіз.

Екіншіден, заманның заңғар тұлғасы Елбасыдан "самұрықтықтар" кеңес сұраса, 27 миллиардты шығындамай-ақ , тегін ақылға қарық болар еді. Шетелден арнайы алдырған ақылмандар Елбасыдан көп біледі дейтіндер болса, оны да айтсын!

Үшіншіден, Қазақстанның кез-келген әр саладағы білікті маманы 1 млн. теңгеге бір жыл бойы кеңес беруге дайын екенін "самұрықтықтар" неге ойламаған? 27 миллиардқа 27 миллиард рет ақыл тыңдауға болады. Осыны ойлаған кезде көкейімізге "Олар осыншама ақылды бір жылдың ішінде қалай тыңдап үлгерген?" деген сұрақ тығылды.

Төртіншіден, 27 миллиард дегеніңіз еліміздегі 270 мың адамның (орташа жалақы 100 мың деп алсақ) бір айлық табысы. 270 мың отбасын аштан қалдырып, ақылды болып алмақ болғандарды қалай да жазалау керек секілді.

Бесіншіден, бұл ақшаға үйсіз жүрген 2700 отбасыға (бір баспананы 10 млн. теңге деп есептеп отырмыз) баспана әперуге болады. Демек, "Самұрық-Қазынаның" басшылары мен қызметкерлері кеңес алсын деп, 2700 отбасы баспанасыз қалып отыр.

Алтыншыдан, қазір Қазақстанның сыртқы қарызы 10,9 трлн теңгеден асып кетті. 110-нан аса мемлекетке берешекпіз. Бұл ақшамен сол мемлекеттердің тым құрығанда біреуінің қарызын жабар едік. Жаппаса да, қарыздың бір бөлігі қайтар еді.

Жетіншіден, "самұрықтықтар" әлі қанша ақшаны желге ұшырары бір Құдайға аян. 2017-2019 жылдары (мемлекеттік қарызды азайту мақсатында) Қазақстанда бюджет тапшылығы болатынын сарапшылар айтып жатыр. Бюджет тапшылығы қысқан тұста "Самұрық-Қазынаның" "ақымақтана" қалуы ненің белгісі?

Әрине, сұрақ көп. Жауап жоқ. Осы орайда біз 27 миллиардтың жайын ғана айтып отырғанымызды ескертеміз. 2016 жылы "Самұрық-Қазына" әкімшілік шығындар үшін 345 млрд теңге жұмсаған (27 миллиард осының ішінде). Мұны жоғарыдағыдай есепке салсақ, ұйқымыз бұзылар. 

Біздің ғана емес, күллі қазақтың ұйқысын сансыз нөлдермен бұзған корға кім тежеу қоймақ?

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1434
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3200
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5142