5-ші сыныпқа дейін мен де алғанмын, мақтау қағазды...
Оқу жылы аяқталып қалғасын бәрі мақтау қағаз алып жатқан көрінеді. Қарап тұрсам көбісі 4-5 оқитын балалар екен. 5-ші сыныпқа дейін мен де алғанмын мақтау қағазды.
Апайдан қорқатын кішкентай бала болдық. Одан кейін жігіт болдық дегендей. Әртүрлі әдемі апайлар сабақ бергесін, Макрон бола бастадым. Мектепте 5-сыныпқа дейін ғана оқитын болсақ "Алтын белгі" алуым әбден мүмкін еді. Мектептің оқуын 5-ші сыныпта аяқтап тастап, 6-шы сыныпта 1 деген баға алған тұңғыш оқушымын. Одан кейін ес жиып қайта көтеріліп, 3-ке шықтым ғой. Одан төмендеген емеспін.
11 оқып жүргенде "Алтын белгі" дегенді естідім. Бәрі үміткер боп алтынмен бітірейін деп жатқасын маған да беретін шығар деп ойладым. Дене шынықтыру пәнінен жақсы жүгіретін болғасын, мектептен үйге зып беріп қашудан ешкім шаңыма ілесе алмаса мен неге Алтынға бітірмеске?. ҰБТ тапсырам деп сенсациялық мәлімдеме жасадым. ҰБТ-ға дайындайын десе жоқпын, емтиханға жоламаймын. Шынымды айтсам емтихан тапсырып көрмегенмін. Шақырып келтіре алмайтын қол жетпес бала болғасын сыныптан сыныпқа емтихансыз ауыса беріппін. Қасымда күнде көріп жүрген балалардың заңгер болайын деп жатқанын естіп таңқалдым ғой.
ҰБТ-ға он бала Алтын белгіге үміткер боп барып ешқайсы ала алмады. ҰБТ тапсыратын кабинетке кіріп көз ілеспес жылдамдықпен белгілеп жарты сағатта атып шықтым. Бұл жағынан да ешкім маған ілесе алмады. Тапсырып шығып, самса жеп отырсам "Серікбаев сен ҰБТ-ға кірдің бе, өзің?" дейді директор. "Әрине, мана тапсырып шыққам" дедім. 40 баланың арасынан ең жоғары балл алып айды аспанға бір-ақ шығардым. Мұғалімдер аң-таң. "Алтын белгі алды" деп ЖОО-ға емтихансыз қабылдау дұрыс емес. Алтын белгі мектепті жақсы оқығаны үшін ғана берілуі керек. ЖОО-ға дым қатысы болмауы керек. Әр мектеп әртүрлі ғой. Алтынды Бақтияр Артаев сияқты ешкім күтпеген адамдар алады. Мені де ешкім күтпеген. ҰБТ-да дәлелдесін.
Мектеп бітіргесін әртүрлі қара жұмыс істедім. Әлі де істеп келемін. Жыл сайын қаншама бала бітіреді. Зауытта істеп жүргенде мектепті енді бітірген жап-жас балалар жұмысқа келгенде аяитынмын. Жастайынан жұмысқа жегіледі. Маман болсам деген ойлары жоқ, тек ақша табу ойлары. Қазір тегін оқытатын кәсіптік оқу орындары ашылып жатыр, неге оқып алмайды екен деп ойлаймын. Өскеменде омарташылыққа үйрететін тегін оқу орны бар екен. Бал жесек неміміз кетеді?. Фб-да саясатшылар, инстада әншілер, вк-да желіккендер көп қой. Қазаққа диванда жатқан фб-ның сыншылары емес, қолынан іс келетін жастар көбірек керек.
Дәулет Серікбай
Facebook-тегі парақшасынан