Жұма, 22 Қараша 2024
Ғылым-білім 6040 6 пікір 29 Мамыр, 2017 сағат 10:06

Ұстазы мықтының ұстанымы мықты

Гүлжаһан Жұмабердіқызы – әдебиеттану ғылымына тәуелсіздік тұсында келген ғалымдардың бірі ғана емес, бірегейі. Бірегейі деп нық сөйлеуіме негіз жоқ емес, себебі Гүлжаһанның ғылымға бет бұрған тұсы нарыққа кез келіп, еліміздің әл-ауқатының шатқаяқтап тұрған шағы болатын. Бұл тұста қазақтың ғылымы түгілі, «айлығы тұрақты дейтұғын мектеп мұғалімдерінің» де басым көпшілігі ала дорба арқалаған дағдарыс дегбірінің дендеген дертті уақыт еді... Осынау бір сынамалы кезеңде тәжірибе жинақтаған бірталай мамандармен қатар, өндіріске енді келген жастарымыз жалт бұрылып ғылымдағы қадамын, нарыққа айырбастап кеткен-ді. Ал, менің замандасым Гүлжаһан өмір деген өтпелдің «Желтоқсан ызғарының» салқынын көріп, тарих тезіне түсіп сыналғандықтан ба, тоқырау тұсындағы қиындықтарға  мойымастан жүрек қалауындағы кәсібіне берік болып, әдебиет деген ұлы айдында айнымай, табанды қызмет етумен келеді.

Алаштың арда ұлы Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдеби еңбекті ешкім мақтаныш үшін жазбайды, ол мінезден туады. Ұлтының қажетін өтейді сөйтіп...» деп жазған екен 1929 жылғы мәлімдемесінде. Ия, «әдебиетті атақ алу үшін кәсіп ететіндер де баршылық. Ал шын мәнінде, «әдебиет – ардың ісі» деген ұғымды тәмсіл еткендер әдебиетті ұлт тәрбиесіндегі ұлық іс екенін түйсінеді. Осынау көз майын жегер, ой сарқыр істе мардымды еңбек етудің оңай еместігін қолына қалам ұстағандар ғана ұғары анық!

Гүлжаһан құрбыммен алғаш танысуым, оның өзі табан аудармай 25 жыл қызмет етіп келе жатқан Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына ізденуші болып тіркеліп, кандидаттық диссертиция тақырыбын бекіткен кез еді. Әдебиетке кештеу келгендіктен болар, айналаңдағылардың бәрі данышпан, әрі ғылыми дәрежелері бар қызметкерлермен «терезең тең» сөйлесу қайдан... жан-жағыма байқастай қарайтынмын. Сондай күндердің бірінде қазақтың қарапайым, жаны жайсаң, сөзі байсалды, биязы дауысымен адамды өзіне баурап алатын Гүлжаһанның сыпайы ілтифатымен олардың бөлімінде түскі ас ішуге мен де қосылдым. Шіркін, қазақтың ақ көңілімен жаятын дастарханының құдіреті керемет қой! Алғашында сіз біздесіп отырған біздер емен-жарқын шүйіркелесіп кеткенімізді аңдамай да қалдық. Осының бәріне себепші болған «қаланың өзіндік тәртібіне бағына қоймаған»  қазақы дәстүріміз еді! Содан бері апалы-сіңлі болып, талай істерді бірге атқарып та келеміз, заманымыз бір әрі «илегеніміз бір пұшпақтық терісі» демекші, екеумізге ортақ тақырыптар: Алаш әдебиеті, қуғын-сүргін құрбандары, олардың ұрпақтарының қилы тағдыры, орыстілді дәрісханаларға арналған қазақ тілі, тіпті жақындастырып жіберді.

Гүлжаһан Қошке Кемеңгерұлының өмірі мен шығармашылығын, әдеби мұрасын зерттеуге қалай келгендігін, ол еңбегінің «Алаштың бір ардағы» деген атпен жариялану тарихын қызықты етіп баяндағанда, менің көз алдыма Ұлт ұстазы Ахметтің Байтұрсынұлының шығармашылық өмір жолын қалай жазу керектігі елестейтін. Ия ол күндер де өте шықты...

Бұл күні Гүлжаһан Жұмабердіқызы 2004-2006 жылдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі зерттеудің 7-8-9 томдары кеңестік дәуір әдебиетін зерттеудегі академиялық еңбектің негізгі авторларының бірі. Оның қаламынан: «Ғ.Орманов», «1960-1980 жылдардағы қазақ әңгімелері», «Ш.Мұртаза», «Ә.Кекілбаев» тараулары жазылды.   Бұл портреттер 2007 жылы жарық көрген «Көркем ойдың құдіреті» деген кітабына енді. Мұнан бөлек, Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» (1949), Ә.Нұрпейісовтің «Курляндия» (1950), Т.Ахтановтың «Қаһарлы  күндер» (1956), Б.Момышұлының «Москва үшін шайқас» (1959) сынды шығармаларында Ұлы Отан соғысындағы қазақ жауынгерлерінің ерліктері шындықпен бейнеленгендігі туралы талдау жазды.

Гүлжаһанды әдеби үдеріске үнемі үн қосып жүрген сыншылар қатарынан көреміз. Мәселен, тәуелсіздік тұсындағы әдебиет туралы өндіре жазды. Атап айтсақ, Н.Ораз, Ә.Тарази, Ж.Бөдеш, Р.Ниязбеков, М.Айтхожина, А.Бақтыгереева, К.Ахметова, А.Егеубай, Н.Айтұлы, Ш.Сариев, Н.Ақыш, Т.Ахметжан, Г.Салықбаева тәрізді ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы әділ, ұтымды пікірлері БАҚ оқырмандарын тәнті етті.

Гүлжаһан өзіне университетте дәріс оқыған, өмір соқпағында ақыл-кеңес берген ұстаздары: Ә.Шәріпов, Н.Ғабдуллин, М.Дүйсенов, Т.Кәкішев, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, С.Мақпыров, Б.Майтанов туралы қызықты эссе, толымды мақала жазды.  М.Дүйсенов М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында көп жылдар бойы еңбек еткендіктен бұл мақала институт тарихынан да мол сыр шертеді. Мәселен, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әди Шәріповтің жазушылығы, қайраткерлігі, ұстаздығы, ғалымдығы жөнінде жазғаны қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жөнінде мағлұмат береді. Талай жылдар басшылық лауазымда қызмет еткен профессор М.Базарбаев туралы докторлық диссертация қорғап, бұл еңбегі 2010 жылы «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» деген атаумен монография болып жарық көрді.

Ғылым жолындағы ұстазы С.Қирабаев жөнінде жазған мақалаларының желісі бір бөлек. Ұстаздарының мерейтойларына ісшараларды ұйымдастыру, баспасөзде мақала жариялау сынды жұмыстардың басы-қасында жүру – Гүлжаһанның ғылыми білігімен қатар, адами ізеттілігіне айғақ.

Гүлжаһан Орданың оқырманға жол тартқан зерттеу еңбектері тіл мен әдебиет, тарих мен мәдениет саласында жүрген жас мамандарды болашақ ізденістерге, әдеби зерттеулерге ой түрткі бола алатындығына сенімім кәміл. Үлкендер айтатын «ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген тәмсілге Гүлжаһан Жұмабердіқызының әдебиет әлеміндегі өзіндік қолтаңбасы дәлел.

Райхан ИМАХАНБЕТ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3223
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279