Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Анық 7745 21 пікір 19 Маусым, 2017 сағат 11:47

Қазақтың жері мен адамы Ресейдің мүлкі ме?

Ресей Үкіметі Жезқазғанға құлаған зымыранның зардаптары үшін өтемақы төлемейтін болыпты. Астана арнасы таратқан ақпарға сенсек, Байқоңырдан ұшырылған зымыранның зарары үшін Роскосмос Қазақстан Үкіметіне соқыр тиын да төлемейді екен.

Өткенде Байқоңырдан тағы бір ресейлік зымаран ұшырылған. Сол зымыранның жарты бөлігі Жезқазған маңындағы Талап ауылының төбесінен түскен. Соның салдарынан өрт шығып, Қазақстан азаматтары ажал құшқан еді.

Сөйтсек, алдын ала келісім бойынша, ресейлік зымыранның құйрығы дәл осы маңға құлауы тиіс екен-мыс.

"Қазақстан тарабына ешқандай өтемақы төленбейді. Өйткені, зымыран тасығыштың жарты бөлігі құлайтын аймақ алдын ала келісілген. Яғни, картада анық көрсетілгендей, Ұлытау ауданы 24 Ю деп белгіленген. Осы аймаққа "Протонның" да, "Союздың" да бірінші бөлігі құлауы тиіс. Сондықтан, ешқандай өтемақы туралы сөз болмайды", - дейді Талғат Жүсіп. Бұл кісі ғарыш саласы қызметкерлерінің кәсіподақ жетекшісі екен.

Бізге мәлім дерек.

1. Ресейдің кезекті зымыраны құлады. Қайда? Қазақстан топырағына.

2. Қарағанды облысында құлаған зымыранның "запчасты" жанғанда зардап шеккен Вячеслав Тыц. Ол Қазақстан Республикасының азаматы. Денесінің 50 пайызын күйік шалған. Осымен алтыншы тәулік өмір үшін күресіп жатыр. Қазіргі жағдайы - шалажансар жатыр.

3. 1964 жылғы тағы бір Қазақстан азаматы сол жерде қаза болды.

4. Ресейлік зымыран сәтті ұшқанымен, оның құйрығы Ұлытау ауданы, Талап елді-мекенінен 20-ақ, шақырым жерге құлады. 10 гектар жер өртенді.

Түйін: Талғат Жүсіптің дегеніне сенсек, осынша зардап әкелген ресейлік зымыран тасығыштың құйрығы келісулі жерге түсіпті. Дәлірек айтсақ, Ресей жалдап отырған жерге құлаған-мыс.

1. Сонда Ұлытау ауданы мен Талап елді-мекенін Ресей жалға алып отыр ма?

2. Ресейдің Роскосмосы Қазақстан азаматтарын қыру үшін арнайы лицензия алған ба?

3. Қазақстан мен Ресей үкіметі өзара келісімді қарастырғанда, зымыран қалдықтарын тастау үшін неге елсіз жерді белгілемеген?  Осыған дейін сан рет құлаған Ресей зымырандарының қалдықтары Қазақстан ауылдарының тастөбесінен түсіп жатқанын жазып-ақ, келеміз. Естір құлақ қайсы?!

4. Төтенше жағдай қызметкерлері жергілікті жұртты неге ескертпеген немесе эвакуация жасамаған?

5. Қазақстан азаматының қазасына кім жауап береді? Қаза тапқан азамат Ресейдің сатып алған мүлкі ме? Ұлытау ауданы мен Талап елді-мекені Ресейдің иелігіндеге жер ме? Жараланған азаматтық тағдырына кім жауапты. Талғат Жүсіптің айтуынша, Ресейдің түк кінәсі жоқ екен. Демек, төтенше жағдайларды ескерместен, ҚР азаматтары тұрып жатқан елді-мекенді зымыран қоқысын тастайтын күресінге берген Қазақстан шенеуніктерін жауапқа тарту керек?!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1948