Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3776 0 пікір 3 Қараша, 2010 сағат 06:44

Бернард ЛЬЮИС: «КІНӘРАТ НЕДЕН?»

«Бізге не болды?» Бұл сұрақ біраз уақыттан бері Таяу Шығыста, сонымен қатар, жалпы Ислам әлемінде жиі қойылып келеді. Яғни, "Батыс бізден қалай артық?" деген сұрақ шейхтерін қаумалап, өз "ұлылықтарын" айтудан жалықпаған араб нәсілді ғалымдардың көкейін көптен бері тесіп келеді. Өздерін Батыспен салыстыру - Ислам әлемінің пайдасына шешілмейтінін ұққысы келмейтін олар - көтерілген тақырыптың маңыздылығынан ба екен, кейінгі кездері тіпті, буырқанған ашуын да жасыра алмайтын күйге түскен.

Шындығында, бұлайша сұрақ қоюдың, көңілсіздікке салынып, ашуға ерік берудің де себебі бар. Өйткені, ислам әлемі бірнеше ғасыр бойы адамзат өркениеті мен оның жетістіктерінің алдыңғы қатарында болды. Мұсылмандардың түсінігінше, Ислам өзінше бір үлкен өркениет еді де, одан сырт қалғандар жабайы және дінсіз деп есептелді.

«Бізге не болды?» Бұл сұрақ біраз уақыттан бері Таяу Шығыста, сонымен қатар, жалпы Ислам әлемінде жиі қойылып келеді. Яғни, "Батыс бізден қалай артық?" деген сұрақ шейхтерін қаумалап, өз "ұлылықтарын" айтудан жалықпаған араб нәсілді ғалымдардың көкейін көптен бері тесіп келеді. Өздерін Батыспен салыстыру - Ислам әлемінің пайдасына шешілмейтінін ұққысы келмейтін олар - көтерілген тақырыптың маңыздылығынан ба екен, кейінгі кездері тіпті, буырқанған ашуын да жасыра алмайтын күйге түскен.

Шындығында, бұлайша сұрақ қоюдың, көңілсіздікке салынып, ашуға ерік берудің де себебі бар. Өйткені, ислам әлемі бірнеше ғасыр бойы адамзат өркениеті мен оның жетістіктерінің алдыңғы қатарында болды. Мұсылмандардың түсінігінше, Ислам өзінше бір үлкен өркениет еді де, одан сырт қалғандар жабайы және дінсіз деп есептелді.

Еуропа тарихында орта ғасыр деп аталған дәуірде Исламның мұндай пікірі негізсіз болған жоқ. Әрине, мұсылмандар бұл ғаламшардың - Қытай, Үндістан тәрізді елдері мен христиан әлемінде өздерінен әлдеқайда артық немесе кем өркениетті қоғамдардың өмір сүретінін білді. Бірақ, Қытай - алыс, аз зерттелген болды да, Үндістан - исламдану және құлдану процесін бастан кешіріп жатты. Сөйтіп, тек христиан әлемі ғана діни және саяси тұрғыдан ғаламдық үстемдікке жетер жолдағы жалғыз салмақты қарсылас болды. Осы кезде мұсылмандардың көзғарасымен әлемдік биліктің ислам қолына көше бастауы - заңды құбылыс деп есептелді.
Ғасырлар бойы мұсылмандар дүниеге астамшыл көзғараспен қарап, өздерін өте жоғары бағалады. Яғни, Ислам - жер бетіндегі теңдесі жоқ әскери қуатқа ие болып, бір мезетте Еуропа мен Африкаға, Үндістан мен Қытайға басып кірді. Бұл - Азия, Еуропа, Африкадағы кең көлемді сауда және қатынас жүйесі арқылы түрлі тауарларын сататын, Африка мен Еуропадан құл мен жүн, алтын әкелетін, Азияның өркениетті елдерімен түрлі сауда тауарларымен, маталарымен және өнімдерімен айырбас жасайтын әлемнің ең алдыңғы қатарлы экономикалық күшті қоғамы болды. Сол уақытта Ислам әлемі Таяу Шығыс, Грекия және Иран сықылды ежелгі елдердің білімі мен қабілетіне мұрагерлік етіп, оларға қағаз жасап пайдалану (Қытай) мен ондық санау жүйесі (Үндістан) секілді маңызды жаңалықтар қосып, адамзат тарихында ғылым мен өнердің ең жоғары даму деңгейіне жетті. Бұл жоғарыда аталған мұраны қабылдаған Ислам әлемінің ғалымдары оған өз зерттеулерін, тәжірибелері мен идеяларын енгізіп, үлкен үлес қосты. Ортағасырлық Еуропа көп жағдайда ғылым мен өнерді Ислам әлемінен үйреніп, тіпті олар үшін белгісіз болып қалуы мүмкін грек жазбаларын араб тіліндегі нұсқадан оқып, белгілі дәрежеде тәуелді болды.

Бірақ, жағдай күтпеген жерден өзгерді. Қайта өрлеу дәуіріне дейін-ақ еуропалықтар мәдениет кеңістігінде айтарлықтай ілгерілей бастады. Жаңа тәсілдер Еуропаның жылдам дамуына жағдай жасап, Ислам қоғамының ғылыми, техникалық, мәдени мұрасы артта қалды. Алайда, мұсылмандар біраз уақытқа дейін мұны сезбеді. Олар үшін христиандық және онымен байланысты барлық нәрсе - таныс және құнсыз болатын. Олардың пікірінше, христиандық та, иудаизм де - Исламнан бұрын келген. Бұл діндердің қасиетті кітаптары ақиқат шындыққа негізделгенімен, салақ сақтаушылар тарапынан бұрмаланып, бүгінге толық жетпеген. Сол үшін, бұлардан кейін адам баласына соңғы және шынайы дін - Ислам келді. Христиандықтың дұрыс түсініктері - Исламның бөлігі, ал Исламнан тыс нәрсе жалған болып есептелді. Өзінен өзгенің бәрін осылай теріс деп есептеу тәкаппарлыққа соқтырды. Соның кесірінен, араб түбегі мен Таяу Шығыстағы мұсылмандар «Бізден басқаның бәрі - дінсіз, ал дінсіздің жасаған мүлкін тұтынып, оның ілімін үйрену - күнә» - деген пәтуа шығарып, сол өтірігіне өздері иланып отыра берді. Нәтижесінде, ғылымда баспахана мәшинесі пайда болғанымен, бұл аймақта баспа ісі кенжелеп қалды. Оның себебі - «араб тілі - Құран тілі, оны кәпір жасаған баспа құралымен жазу - күнә» болып саналады екен-міс. Осылайша, кітап басу жолға қойылмағандықтан, қоғам дамуы біршама баяулады. Мұндай тежеулер сол заманда оңды-солды, жөнді-жөнсіз берілген консенсустардың ықпалымен болды. Яғни, сол кездегі қоғамның тұрмыс-тіршілігі - үлемдер беретін қандай да бір пәтуаға тікелей тәуелді еді. Тіпті түрік деректері дауылдан қирап, жағаға шығып қалған венециялық әскери кеменің тарихы туралы қызық оқиғаны баяндайды: Османдық әскери-теңіз мамандары кеменің тұрқын зерттеп, қажетті бөлшектер тапқан. Бірақ, дәл сол жерде «Мұсылмандарға дінсіздерден үлгі алуға бола ма?» - деген діни-құқықтық сұрақ туындайды. Сөйтіп, бұл сұрақты бір шабарман алып, пәтуа шығарушы діни билік өкілдеріне барып, олар берген «Дінсіздерден үйренген нәрсе - олармен күресте жәрдемдесетін болса, үйренуге рұқсат» - деген пәтуаны кемені тапқан жердегі мамандарға алып келіп, олар іске кіріскенше, қаншама уақыт жоғалтқан...

Осы сияқты болмашы нәрсеге рұқсат сұрау, мемлекеттік мәселелерге қалайда діни реңк беріп, қиындату - мүміндердің дамуын тежеп, Батыстың алға шығуына жағдай жасады. Алайда, мұны соңғы пайғамбардың үмметтері түсінбей (немесе түсінгісі келмей), артта қалу себебін өз қателігінен іздемей, өзгені кіналауға бейім тұрды. Мәселе осы жерде айқындала түсті: «Батыс жетістігінің сиқырлы жүзігі қай жерде жасырылған, оның қуатының қайнар көзі қайда?» Арабтар бұл сұрақтың жауабын дәстүр бойынша дін терминдерінен іздеді. Яғни, барлық проблема мен оларды шешу жолын тек дінге апарып тірей берді. Мұндай керітартпалардың уәждері әрдайым біртекті болатын. «Өткенімізге, пайғамбарымыз тұсындағы қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, тек шариғат заңдылығымен жүріп-тұратын халифат дәуіріне, шынайы дінге, Құдай сөзіне қайта оралайық,» - дейді олар. Әрине, бұл «Егер біздің жолымыз болмай, ісіміз оңға баспай жатқан болса, бұл Құдайдың бізді «ақиқат жолдан» тайғанымыз үшін жазалап жатқандығы», - дегенді білдіреді. Қаншалық жақсылыққа бағыттау ниетінде айтылса да, бұл пікір өз дәйектілігін жоғалтқан-ды. Өйткені, мұндай өзгерістен «хақ дінді» ұстанған мұсылман емес, керісінше дінсіздер пайда көріп жатқан. Таяу Шығыс тұрғындарына өзге өркениет пен мәдениетті назарға алып, соған үңіліп көрмей, бұл сұраққа жауап табу қиынға соғатын. Әу бастағы шынайы Исламға оралуды уағыздау бір басқа да, бұл сұрақтың жауабын христиандардан іздеу - мүлдем басқа нәрсе. Яғни, сол шақтағы көзғараспен қарасақ, көпе-көрнеу сандырақ болатын.

Көпшілік идеясын алғаш іске асырған француз революциясы христиандық реңкке ие болмақ түгілі, Шығыста христиандыққа қарсы деп танылғандықтан, біршама уақыт Еуропада осы діннің бәсекелесі саналып келген-ді. Алайда, империя мен қайта қалпына келтіру тұсында ол өзгелердің өзіне деген қызығушылығынан айырылып қалды. Бұған қоса, олар «Француз революциясы адамзатқа теңдік әкелді, біз де солардан үлгі алуымыз керек», - десті. Бірақ мұндай теңдікті адамзатқа Ислам діні алғаш түскен кезде, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с. - аудармашыдан) жариялаған-ды. Сол кездің өзінде кедей отбасынан шыққан дарынды бала болса, ол медреседен ілім игеріп, қари, хафиз болып дәрежесі жоғарылап, қоғамға ықпалды тұлға болып қалыптаса алар еді. Осы секілді өздерінде бар ұстындарды ұмытып, Батысқа табынған мұсылмандар мәңгүрт күй кешті. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың көп бөлігінде сол баяғы «Сүлейменнің жүзігін» іздеу шаралары батыс өмірінің экономика және саясат, яғни байлық пен билік деген екі аспектісіне шоғырланды. Сөйтіп, Батыс - қоғамды дұрыс құрмаған бұлардың қателігі салдарынан емес, «өзгеше формалар жасап, тиімді тәсілдер тұтынғандықтан алға озып кетті» деп түсінген бұлар тағы да қателесті.
ХХ ғасырдың ішінде Таяу Шығысқа және күллі Ислам елдеріне расында да бір тетіктің қиюуы қашқандығы белгілі болды. Өзінің мәңгілік бәсекелесі - христиан әлеміне қарағанда, Ислам әлемі - жұтаңырақ, әлсізірек және наданырақ бола түсті. ХІХ-ХХ ғасырларда Батыстың басымдығы анық байқалды. Ол мұсылманның қоғамдық және жеке өмірінің барлық салаларына кірісе бастады.

Жаңашылдар, реформашылар мен төңкерісшілер өз күштерін қарулы күштер, экономика және саясат секілді басты үш бағытқа жұмылдырды. Бірақ бұлардың нәтижесі өте ауыр болды. Жетілдірілген қарулы күштер - жеңістің орынына намысты келтіретін жеңілістер легін әкелді. Кейбір елдер өркендеп дамудың орынына, кедейшілік пен сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып, экономикасы сырттан келетін көмекке мұқтаж немесе жалғыз жер асты қоры - мұнайға тәуелді болып қалды. Тіпті, сол мұнайды барлап, оны өндіріп, әжетке жарату да батыстың өнертапқыштығы мен іскерлігінсіз жүзеге аспады. Осы тұста бұлар да жердің жанар-жағармай қалдықтарымен ластану қаупін, сондай-ақ, әлемдік экономиканың батыстық қыңыр автократтар тобына тәуелді екенін жете түсінді. Қару мен фабрикалар, мектептер мен парламент секілді көптеген құралдар пайдаланылғанымен, күткен нәтиже болмады. Кейбір жерде біршама жеңілдік туып, тіпті тұрғындардың кей тобы белгілі бір теңдікке қол жеткізді. Бірақ, Ислам мен батыс әлемі арасындағы тепе-теңдік үйлесімсіздігі жойылған жоқ.

Десе де, алда бұдан да зор сорақылық күтіп тұр еді. Талай ғасырдан бері тиесілі көшбасшы орынын жоғалтып, өздерін әлсіз, әрі кедей сезінген араб түбегі мен Таяу Шығыстық мұсылмандар енді батыстың соңында салпақтап қалды. Жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында бұлар Батыстан ғана емес, Шығыс Азиядан да қалып, одан әрі қорлана түсті. Жапонияның аяғынан тік тұруын да іштей жаратпай тұрды. Азиядағы жаңа экономиканың жетістіктері тек қызғаныштарын оятты. Өз мамандары мен техникасының шамасы жетпейтіндіктен, көне өркениеттің тәкаппар мұрагерлері өз жұмысын жүргізу үшін батыстық фирмаларды жалдауға тура келді. Қуып жету - қиын шығар, ал бәрінің соңынан салпақтап жүру - одан да жаман. Қазіргі әлемнің барлық талабына сай - экономикалық даму, жұмыспен қамту, сауаттылық пен білім беру және ғылыми жетістіктер, саяси бостандық пен адам құқын құрметтеу секілді бір кездері қуатты өркениет құрған құндылықтың бәрі құрдымға кетті.

Бұған кінәлі кім? Бұл - жалпы адамзатты толғандырған сауал. Таяу Шығыста көптеген адам бұрын да, қазір де бұл сұрақты қойысып жатыр. Және бұған түрлі жауап та бар. Әдетте өзіңнің бақытсыздығың үшін өзгені жазғырған жақсы, әрі оңай ғой. Сол тәрізді ұзақ уақыт бойы бұл бақытсыздықтың кінәлі объектісі - моңғолдар болып келді. ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы - өзі әлсіреп, тоқырауға жақындаған Ислам өркениеті мен мұсылман үстемдігінің құлауына себеп болды. Бірақ, біршама уақыттан кейін мұсылман және өзге ел тарихшылары бұл дәйектің екі кемшілігін көрсетті. Біріншісі - мұсылман халықтарының (әсіресе Ирандағы) керемет мәдени жетістіктерінің біраз бөлігі - моңғол шапқыншылығына дейін емес, кейін жасалған. Екіншісі - моңғолдар өзі де әбден әлсіреп, құлағалы тұрған империяны жаулап алды. Шындығында да, бір кездердегі халифтардың қуатты империясы Шығыс Азиядан келген көшпенділер ордасынан рақымшылық тілеп, қалайша ақ жалау көтергенін түсіну қиын...

Еуропалық ұлтшылдықтың көтерілуі де жаңа түсініктер туғызды. Арабтар өздерінің бақытсыздығы үшін бірнеше ғасыр өздерін басқарған түріктерді кінәласа, түріктер өз өркениетінің тоқырауын - кері тартқан арабтардың өткен өмірінің ауыр салмағынан көреді. Ал парсылар болса, ежелгі даңқының жоғалуының құныкері - араб пен түрік және моңғол деп біледі.

Араб әлеміне француздар мен британдықтар үстемдік еткен тұста (ХІХ-ХХ ғасырлар) - батыс империализмі деген тағы бір «кінәлі» табылды. Бұлайша жазғыруға Таяу Шығыс себеп болды. Батыстың саяси үстемдігі, сондай-ақ, өте ұзақ, терең және зұлым мәдени ықпалы - аймақтың бет-бейнесін өзгертіп, халықтарының өмірін бейтаныс бағытқа бұрып жіберді. Сөйтіп өздерінің мәдени өткеніне теңдессіз - жаңа үміт пен қауіпке кез қылды.

Бірақ, ағылшын-француз «спектаклінің» ғұмыры - салыстырмалы түрде қысқа болды. Кері кету үрдісі сол төңкеріс басталардан біраз бұрын басталып, аталмыш көрініс аяқталғаннан кейін қайта жалғасты. Қаскүнемнің рөлі мен Батыстың өзге де көшбасшылық қызметі енді Құрама Штаттарға ауысты. Бар кінәні Америкаға жаба салу әрекеті - айтарлықтай қолдауға ие болғанымен, Ұлыбритания мен Францияға жабылған жала секілді, сенімсіз күйінде қалды. Ағылшын-француз билігі мен америкалық ықпал - таяушығыстық мемлекеттер мен қоғамның іштей әлсіреуінің себебі емес, салдары ғана болды.
Жоғарыдағы дау-дамайға еуропалықтардың қосқан тағы бір үлесі - антисемитизм мен барлық жөнсіздіктер үшін жөйттерді айыптау болды. Дәстүрлі ислам қоғамында жөйттер қарапайым шектеулерді сезінетін. ХVII-XVIII ғасырларда батыстық либерализм пайда болып, таралғанға дейін оларға христиандардан гөрі, мұсылмандардың қол астында өмір сүру қолайлы болды. Сондықтан, жөйттерге деген жаулық көзғарас қалыптасқан жерде олардан күдіктеніп, сескенуден бұрын, кемсітушілік көзғарас басым болды.
Кей кезде «Шығыс пен Батыс арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы - Таяу Шығыстың құлауынан емес, Батыстың кенет дамып кеткендігінен болды», - деген дәйек келтіріліп жүр. Яғни, ұлы географиялық ашылулар, ғылыми қозғалыстар, технологиялық индустриалды және саяси төңкерістер - Батыстың қайта жаңарып, өзіне кең жағдай жасап, билігін нығайта түсуіне әсер етті. Дегенмен, бұл ұстанымдар сұраққа жауап бермейді, тек оларды қайта тұжырымдайды: «Мұндай ұмтылыс ертеректе де қолданылса, неге Американы ашушылар атлантикалық жағалауға мұсылман портынан емес, испан портынан аттанды?», «Неліктен даңқты ғылыми жаңалықтардың көпшілігі жұрт күткендей әлдеқайда бай, дамыған және көп жағдайда біраз сауаттырақ Ислам әлемінде емес, Еуропада ашылды?»

Кінәліні іздеудің айлалы ойыны мұсылман қоғамының өзегіне бағытталған. Сол қоғамның өзегі - дін, ислам діні болып табылады. Алайда, әдетте Исламды қаралау - қауіпті, әрі мұндай жағдай сирек ұшырасатындықтан, сенімді болып та шықпайды. Өйткені, ортағасыр дәуірінің көп бөлігінде Шығыстың көне мәдениеті де, Батыстың жаңа мәдениеті де - Ислам секілді өркениет пен прогресс орталығы бола алған жоқ. Дәл сол қоғамда көне ғылымдар қайта ашылып, ілгерілеуге мүмкіндік алды, жаңа ғылымдар пайда болды, шаруашылық пен фабриканың жаңа салалары пайда болып, сауда-саттық бұрын жетпеген деңгейге көтерілді. Сол жерде қуғындалған еврейлер мен диссидент христиандарды да жинады, белгілі бір дәрежедегі ой бостандығы мен пікір еркіндігіне қол жеткізді. Ортағасырлық Ислам әлемі - қазіргі заманғы мұраттар мен дамыған демократиялық тәжірибемен салыстырғанда, өзіне дейінгілерге, замандастарына, тіпті көптеген ізбасарларына қарағанда, еркіндіктің жоғары деңгейін көрсете алды.

«Егер ислам - бостандық, ғылым және экономикалық даму жолындағы кедергі болса, мұсылмандар бір кездері қалай көшбасшы болды?» - деген әңгіме көп айтылады. Ал кейбіреу сұрақты басқаша қояды: «Ислам - мұсылмандарды жоғары дәрежеге жеткізді, ал мұсылмандар соның үдесінен шыға алды ма?» Сөйтеді де, бұл сұраққа кінәні жеке бір тәлімгерлерге, ілімдерге және топтарға аударып жауап береді.
Ал қазір исламшылар, фундаменталистер деген атпен белгілі тұлғаларға келер болсақ, олар «Қазіргі ислам елдерінің сәтсіздігі мен кемшілігі - бөтен түсініктер мен салттар тарапынан болған кері ықпалдың салдарынан болды. Исламның ақиқат жолынан таюы - бұрынғы ұлылықты жоғалтуға әкеп соқтырды», - деп жазды. Ал, жаңашылдар мен реформашылар - бұл кері кетудің себебін ертедегі құндылықтарынан бас тартқандықтан емес, соның сақталып қалғандығынан, яғни, мың жыл бұрын прогрессивті, жасампаз болғанымен, қазір ол сипатынан айырылған, бәріне де өтімді ислам руханиатының икемсіз, оралымсыз күйге түскендігінен көріп, фундаменталистерге қарсы көзғарас ұстанды. Жаңашылдықты жақтаушылардың әдісі - дінді, әсіресе исламды қараламайды, бірақ фанатизмді жазғырады. Фанатизмді, ішінара діни фанатиктердің басшыларын бір кездегі ұлы ислам ғылымы мен тұтастай ой бостандығы мен пікір еркіндігін тұншықтырушылар деп есептейді.

Бұл тақырыпқа сөз қозғау үшін неғұрлым кең тараған тәсіл - тұтастай дін туралы емес, дін мен оның кәсіби өкілдерінің саяси жүйедегі орыны турасында әңгіме қозғау. Мұндай жағдайда Батыстың ілгерілеп кетуінің басты себебі - шіркеу мен мемлекеттің іргесін бөліп, құқықтық заңдармен басқарылатын азаматтық қоғам құруында болып шығады. Ислам қоғамы артта қалуының тағы бір себебі - мұсылмандардың әйел затын екінші сортты тауар ретінде санауында жатыр. Бұл - аталмыш әлемді жарты халқының таланты мен күш-қуатын пайдаланудан айырып, енді бір бөлігін (ұрпақтарын) сауатсыз, езілген аналардың тәрбиесіне қалдырады. Мұндай тәрбиенің өнімдері - менмен, өзіне-өзі өте сенімді, тәкаппар немесе еркін, ашық қоғамда өмір сүруге епсіз, өте ынжық, көңілжықпас болып өседі.

Кейбіреулер Таяу Шығыс пен Батыстың арасындағы симметрияның бұзылуын - бағалы металдар қорының түгесілгендігінен, ауылдық жерде өте жақын туыстардың (мысалы, немерелес аға-қарындас) некелесуінен немесе ағаштардың тамыры мен шабындықтардағы шөпті құртып, шалғынды жерді шөлге айналдырған ешкі асырағаннан көрді. Сондай-ақ, Таяу Шығыста Жаңа дәуірдің өзінде дөңгелекті көліктің пайдаланылмауын жақсылықтың белгісі емес деп санады. Антикалық уақытта танымал болған дөңгелекті транспорт орта ғасырда сирек кездесетін көлік болып келді. Шаруа үшін арба өте үлкен, соған сәйкес қымбатқа түседі. Оны жасырып тығу қиын, өзгелердің тартып алуы оңай. Заң да, салт та биліктің озбырлығын шектей алмайтын жерде - көзге көрінетін және қозғалатын мүлікті сақтау өте қиын болды. Зорлықшыл билік пен көршілерлен қорқу көрінісін арабтардың үйлерінің дәстүрлі құрылымынан көруге болады. Терезесіз биік қабырғалар, жіңішке дәліздерде жасырылған есіктер - бақуатты тұрмыстың қандай да бір ізін мұқият жасыратын секілді. Жаңа дәуірде тас төселген жолдар мен дөңгелекті көліктің кеңінен таралуы да маңызды мәселенің шешімін таба алмады.

Бір кездері қызу қолданған ұсыныстар ұмытылды. ХХ ғасырдың ең басты қозғалысы - социализм мен ұлтшылдық болса, біреуі - сәтсіздігімен, екіншісі - ақырында пайдасыз болып шыққан жетістігімен беделін түсіріп алды. Тәуелсіздік деп түсіндірілген бостандық - қалған игіліктердің құт бастауы саналды. Мұсылмандардың басым көпшілігі енді тәуелсіз елдерде тұрғанмен, проблема шешілмеген күйінде қалды. Екі идеологияның да заңсыз туылған «буданы» - ұлттық социализм әлі күнге дейін диктатура мен бір партиялы жүйе сақталған кейбір елдерде өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ, бұл режимдер өмір сүргенімен, сынақтан өте алмай, уәде еткен игіліктерді бере алмады. Оның үстіне бұлардың ішкі құрылымы әбден тозып, қарулы күштері тек лаңкестік пен халықты жазалауға арналған.

Қазіргі таңда қойылған сұраққа берілген екі жауап қана аймақта үлкен қолдауға ие. Оның біріншісі - барлық сәтсіздік исламның әлмисақтағы құндылықтарынан бас тартқандықтан болып жатыр. Сондықтан, біз өткенімізге қайта оралуымыз керек деген пікір. Бұл - Иран революциясының немесе мұсылман елдеріндегі фундаменталистік қозғалыстар мен режимдердің жолы. Ал екіншілері - Кемал Ататүріктің бастамасымен Түрік республикасында жақсы жүзеге асқан зайырлы демократиялық жолды ұсынады.
Қалай десек те, түріктердің, моңғолдардың, империалистердің, еврейлердің немесе америкалықтардың арасынан кінәліні іздеу ойыны жалғасып жатыр және бұл ойынның жуық арада бітер түрі көрінбейді. Қазір Таяу Шығыстың көп бөлігін билейтін жазалаушы әрі тиімсіз үкіметтер үшін бұл ойын - өздері жоя алмаған кедейшіліктің себебін түсіндіруде елеулі амал, өздері күшейткен зорлық-зомбылықты ақтаудың тиімді тәсілі іретінде пайдалы қызмет атқарып тұр. Осылайша олар өздерінің бақытсыз азаматтарының күшейіп келе жатқан ашуын өзге сыртқы мақсаттарға бағыттауға тырысып жатыр.

Бірақ, Таяу Шығыс тұрғындарының көп бөлігі енді өздерін сынауға көшкен. «Бізді мұндай күйге кім түсірді?» деген сұрақ жүйкеге тиіп, дұшпандық пиғыл туғызды. Ал, «Біз қай жерден қателестік?» деген сұрақ - бұдан да маңызды. «Жағдайды қалай қалпына келтіруге болады?» деген сұрауға әкеледі. Және болашаққа деген жақсы үміт осы сұрақтың, оған берілетін түрлі жауаптардың астарында жатыр.
Егер, Таяу Шығыстың халқы осы жолмен кете беретін болса, онда «жанкешті камикадзе» деген атақ тұтастай аймаққа метафора болып, ерте ме, кеш пе тағы да көне айла-амалға сүйенген Еуропаның, болмаса, Шығыста өсіп келе жатқан жаңа бір державаның үстемдігіне кез болады. Егер Таяу Шығыс - дұшпандық пыйғыл мен құрбандықтан бас тартып, алауыздығын іреттеп, барлық талантын, күш-қуаты мен әлеуетін жалпыға ортақ мүддеге біріктіре алса, қазір де антикалық дәуір мен Орта ғасырдағыдай басты өркениет ошағына айнала алады. Әзірге кеш болмай тұрғанда мұсылман әлемі осы шешімнің бірін таңдағаны жөн.

Бернард Льюис - Принстон университетіндегі Таяу Шығысты зерттеу кафедрасының құрметті профессоры, ислам тарихы мен әлемдік саясаттағы мұсылман факторы жөніндегі көптеген кітаптың авторы. Бұл еңбектердің алғашқысы 1940 жылы жарық көрген. Жоғарыдағы мақала - автордың Ирвинг Кристол атындағы сыйлықты табыс ету кезінде сөйлеген сөзінің қысқартылған нұсқасы. Бұл сыйлықты Американ кәсіпкерлік институты (American Enterprise Institute) тағайындаған болатын.

Ықшамдап аударған: Нұраддин САДЫҚ

«Үш қиян» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572