Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7607 5 пікір 30 Тамыз, 2017 сағат 15:33

ЭКСПО көрмесінде «Күш атасы – Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді

 

 

Елордадағы Оңтүстік Қазақстан облысы күндерінің екінші күнінде Астана қалалық «Оқушылар сарайында» «Күш атасы - Қажымұқан» анимациялық фильмінің тұсауы кесілді деп хабарлайды Абай-ақпарат ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында тұсауы кесілген шығарма туған елге деген сүйіспеншілікті арттыру, өңірдің әсем табиғаты мен киелі жерлерін және тарихи ұлы тұлғалардың өмірін насихаттау бағытында түсірілген. Фильмнің мақсаты – өскелең ұрпаққа қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан, күш атасы Қажымұқанды насихаттау арқылы салауатты өмір салтын ұстануға, қазақша күреске, спортқа деген қызығушылықтарын арттыруға, өз Отанын қорғау мен адал қызмет етуге, Атамекеніне деген терең сүйіспеншілік пен патриоттық сезімін оятуға шақырады. Бұл анимациялық фильмнің балаларға беретін тәлім-тәрбиесі де мол.

Тәрбиелік, танымдық мағынасы мол түсірілім Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Ж.Түймебаевтың тапсырысы негізінде қолға алынды.

Анимациялық фильм жастарға өнеге, үлгі саналатын ұлы тұлғалардың өмірін насихаттайтын қазақ халқының мақтанышына айналған балуан бабамыз Қажымұқан Мұңайтпасовтың ерліктерін паш етеді. Фильм Мұқанның жастық шағынан басталып, оның кішкентай балаға сай ерліктерін көрсете отырып, әлемдік деңгейдегі беделді жарыстарға, соның ішінде жапон балуаны Саракикимен күресін суреттейді. Сонымен қатар, балуан бабамыз халқы үшін, ел аралап, өнер көрсетіп, содан түскен қаржыға әскери ұшақ жасатып, ІІ Дүние жүзілік соғыс майданына жібергені кеңінен насихатталады.

2D форматындағы туындыны Шымкенттегі «САҚ» киностудиясы түсірген. Көрсетілім режиссері Батырхан Дәуренбеков болса, сценарий авторы және продюсері Бақытжан Құлжабаев. Ал анимациялық фильмнің бас операторы Фурхат Саипов, композиторы Руслан Шынықұлов.

Абай-ақпарат

5 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036