Украин халқының басындағы бұлтты біздің төбемізде үйіргісі келгендер болды
Түлен түрткен төңіректі қарап отырып кейде еліміздегі ынтымақ-бірлікке, тыныштыққа тәу етесің. Тәу ететін себебіміз: анау – Сириядағы сүргін, Украинадағы ұрыстар. Қарап отырсақ, Сириядағы жұрт түбі бір дінқарындас ел. Сол елді билікті қолдан бергісі келмейтін күштер мен оған қарсы күштер әлекке салып, ала тайдай бүлдіріп болды. Ал, Украинадағы жағдайға келсек, оның сұмдықтығы жаныңды түршіктіреді. Неге десеңіз, Украинаның шығысындағы орыстар жікішілдік тудырып, өздері тұрып жатқан елдің жерін жырып әкетпекке әрекет етіп бағуда. Олардың бүлігін Кремль қолдап отыр. Құдай сақтасын, Қазақстанның бес облысы Ресейге тиесілі дегенді қоңырсытып қоятын Ресей саясаткерлері Украин халқының басындағы бұлтты алдымен біздің басымызға үйіруге құлшынып еді. Сондай қысылтаяңнан біз өзіміздің кеңдігіміздің, өзара бек түсіністігіміздің нәтижесінде шығып келеміз. Бұл ретте, әрине, Елбасымыздың еңбегін ерекше атамасқа амалымыз кем.
Қазақстандағы ұлттар достығын көзбен көріп, жүрекпен сезіп жүргендердің бірі менмін. Көңілі даладай дарқан қазақ халқы қазір барлық ұлт өкілдерін өзінің туған-туысындай көреді. Диаспоралар қазақтың бөлінбейтін қауым-тайпасына ежелден айналып кеткендей. Жер шарындағы Африка құрлығындағы нәсілден басқа барлық ұлт Қазақстанда жасап, өмір сүріп жатыр. Бір елде жүзден аса ұлт өкілдерінің тату-тәтті болып дауласпай, жауласпай өмір сүріп жатқаны бұрын-соңды тарихта болмаған жағдай. Өйткені, халықтар достығы біздің саясаттың басты ұстанымы. Көрші мемлекеттердегі ұлтаралық дау-жанжалды және Ресей мен Украина арасындағы қантөгісті ақпарат құралдарынан естіп, көргенде мамыражай тыныштықтағы Қазақстан жұмақты елестетеді. Ұлтаралық, дінаралық қақтығыс, соғыстан кейбір мемлекеттердің жойылып кеткенін тарих дәлелдеді. Сондықтан, біз ұлттардың достығы мен бірлігіне қуанамыз.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кейбір мысықтілеу саясаткерлер «Қазақстан көпұлттылығынан түбінде күйрейтін ел» деген сыңайлы пікірлер айтып, үрейлендірген болатын. Ал, керісінше Қазақстанда ұлтаралық достық пен келісім орнап ең бейбіт ел деген атаққа ие болды. Кеңестік дәуірден басталған, интернационалдық тәрбие мен идея қазір жаңаша жаңғырып, «Қазақстан ұлттар лабораториясы» бұл күнде, тіпті, өзгеше бір ұлттар достығының «брендіне» айналды десем қателеспеймін. Мен өзім тәрбие мекемесінде еңбек еткендіктен ұлттар достығы тәрбиесіне қатты көңіл бөлемін. Басшылық жасайтын колледжімде біраз ұлт өкілдері қызмет етеді. Диаспоралардың да балалары бар.
Сқақ Молдалымұлы,
колледж директоры
Abai.kz