Бейсенбі, 17 Қазан 2019
Рухани жаңғыру 2101 0 пікір 15 Тамыз, 2017 сағат 16:20

Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамда қызу талқыға түсіп, онда көрсетілген бастамалар біртіндеп жүзеге асырылып жатқаны белгілі.  Осы тұста аталған мақаланың маңыздылығы мен онда келтірілген негізгі аспектілер туралы ғалымдар «Abai.kz» ақпараттық порталына хабарласып, пікірлерін айтқан болатын.


Жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқып шығып, үлкен әсер алдым. Бұл – бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын дәл өлшеп пішіліп, кемелденген азаматтың ойлары. Әсіресе, көптен күтіп жүрген латын қарпіне көшу, жазуымызды қалыптастыруға байланысты айтылған мәселесі орынды көтерілді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы 2012 жылы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан – 2050» стра­тегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдеген болатын. Сондықтан бұл мақаласында Үкіметке нақты тапсырма бере отырып, қай уақытта, қалай латын қарпіне өтетінімізді айтып отыр. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді баспасөз, оқулықтар, бәрі де латын әліпбиімен басылады деген сөз. Бұл қоғамдық ғылымдар үшін міндеттелетін үлкен шара болары анық. Әсіресе, Тіл білімі институтына үлкен жауапкершілік артып отыр. Елбасы биылғы жылдың соңына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау жөнінде, 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні айтылған. Әрине, бұған үлкен дайындық керек.
Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Мақалада айтылған ойлардың тереңдігінен Елба­сы­ның тарихты терең білетіндігі, сонау түркі халқының көне жазуынан бастап барлығын ой елегінен өткізе айтқанын байқау қиын емес.
Расында, халқымыз небір аласапыран замандарда көп қиындық көрді. Араб жазуынан латынға, латыннан кириллицаға көшіп жүре тұра халқымыз білімге ұмтылысының арқасында ешбір халықтан қалыс қалған жоқ. Бұл біздің жоғары мәдениеттілігімізді аңғартса керек. Бүгін міне, тәуелсіз елде есімізді жинап, өз жазуымызды қа­лып­тастыруымыздың сәті келген сияқты. Себебі, оң мен солы­мыз­ды әбден танып, өткеннің кемшіліктері мен жетістіктерін бойымызға сіңіріп нақты шешім жасайтын дәуірге жеттік. Сондықтан бұл – Елбасының сарабдал саясатының аясында жасалған үлкен қадам.

Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті.

Бізге қазір керегі – ХХІ ғасырда рухани даму­дың жаңа парадигмасын жасау

– Рухани жаңғыру жайы –көптен бері ойда жүрген мәселе. Ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де әр сөзінде, мақалаларында, басқа да жерлерде айтып жүретін. Бұл жайында өзім де талай рет айттым. Жалпы, бізге қазір керегі – ХХІ ғасырда рухани даму­дың жаңа парадигмасын жасау. Сол үшін нақты-нақты іс-шаралар керек. Шынын айтқанда, әлемдік дағдарыс болып, нарық экономикасына өтеміз, барлығын базар реттейді деп әуреленіп, біз руханиятты ұмытып бара жатырмыз. Руханият екінші сатыда қалып қойды. Дүниежүзілік дағдарыстың өзі содан.
Абай «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады» дейді. Капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байып, үстемдік жасап, руханиятты ұмытып кетті. Соның «жемісі» – дүниежүзілік дағдарыс. Соған қарағанда біз рухани дүниені қайта жаңғыртуымыз керек. Ол үшін сана психологиясы өзгеруі тиіс. Жай, күнделікті айтып жүрген мәселеден аулақ болу керек. Ол үшін еліміздің барлық азаматтары психологиясын өзгертуі тиіс.
Егер руханиятқа дендеп еніп, осыны жасағымыз келсе, онда Абайдың толық адамын игеруіміз керек. Абай бәрін айтып кеткен. Ол үшін мынадай ұсынысымыз бар: біздің университеттерде абайтану орталықтары бар. Бірақ ол кішігірім, күші аз, шағын. Дегенмен жұмыс істеп жатыр. Біз тек Қазақстанның емес, бүкіл шығыстың руханиятын көтеруіміз керек. Абай тек қазаққа емес, бүкіл шығыс елдеріне тән. Астана мен Алматыда Абайдың рухани академиясын ашу керек! Сол жерде тек Қазақстан емес, бүкіл шығыс елдеріне Абайдың рухани құндылықтарын, философиясын, шығармаларын бір жағынан ғылыми ізденіс жасап, екіншіден, бүкіл Орта Азия мемлекеттеріне кең көлемде насихат жасауымыз керек. Міне, бұл Елбасымыздың рухани жаң­ғыруына нағыз, тікелей септігін беретін, тікелей жұмыс істейтін идея болады.
Екіншіден, Түркістанды алайық. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихта үлкен орны бар рухани орталық. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы біз Қазақ елін қайта жаңғыртамыз. Менің Түркістанның рухани-технологиялық кластерін құру деген жобам бар. Бір жағынан бұл – руханиятты көтеру. Дін академиясын, Дүниежүзілік тарихи музей жасау, тағысын тағылар. Сосын технологиялық кластер ашу. Туризм мәселесі де – руханият. Логистиканы көтеру керек. Түркістанды рухани жаңғырту арқылы Елбасы айтып отырған нағыз мәселені орындаған боламыз.

Оразалы СӘБДЕН,
академик.

Елбасы көптеген маңызды мәселені көтеріп келеді

– Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ма­қаласын қызыға оқыдым. Елбасының ла­тын әліпбиіне 2025 жылдан бастап көшіп, оған дейін әдістемелік дайындық жұмыстары­ның жасалатыны туралы ойларын бұрыннан қолдап келемін. Бүгінде әлем латын әліпбиінде сөйлейді. Сондықтан бәріміз бұл бастаманы құптаймыз. Елбасының Қазақстанның үшінші жаңғыруына байланысты келелі ойларын қолдай келе, оны жүзеге асырудың бір жолы бәсекеге қабілеттілікте дер едім. Бәсекеге қабілетті болу үшін білімді болумен қатар, дұрыс тәрбие алу керек. Тәрбиесіз бі­лім – сусыз диірмен. Сондықтан тәрбие мен білімді қатар жүргізуіміз қажет.
Елбасы көптеген маңызды мәселені көтеріп келеді. Көтерген мәселенің барлығы дұрыс. Бірақ сол айтылған жоба-жоспарларды жүзеге асыра алмай жатқанымызға өзіміз кінәліміз.
Бұл мақалада сананың ашықтығы мен кәсіпке адалдық, білімге ұмтылыс та айтылды. Шындықтың шамы дарияның астында да жанады. Шын жүрекке тұсау жоқ: қай істе де ашықтық пен адалдық керек. Абайдың «Адалдыққа еш нәрсе жетпейді» деп айтқан сөзі бар. Біздің елімізге, жерімізге деген адалдығымыз, ұлтымызға деген сүйіспеншілігіміз арта беруі керек. Ешқашан да ақша қумауымыз, елдің имандылығын, татулығын, тұтастығын, бірлігін ту етуіміз қажет. Құдайға шүкір, дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. Енді біздің алдымызда дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Ол үшін бірлік, білім мен еңбек қажет.

Асылы ОСМАН,
Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі.

Abai.kz

0 пікір