Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 3653 0 пікір 27 Қараша, 2010 сағат 08:52

Жүрсін Ерман: «Алаш бар да - айтыс өлмейді»

Қазақ халқының ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігімен ілесе оның төл өнері - айтыс та жаңғырып, жаңа сипатта халық өміріне енді. Бұл саланы өркендетуде еңбек сіңірген азаматтарды санамаласақ, бір қолдың саусақтарының өзі артылып қалары хақ. Әйткенмен, сол айтыстың ұймдастырылып, халықтың құмарын қандыруына мұрындық болған жандардың өздерін түртпектеп, жеке мүдделер қақтығысының ортасында жеке тұлғаны былай қойып, халықтың байырғы төл өнерін де көкпарға салып жібергендерін әлгіндей жолбикелер аңғарған да жоқ. Елбасының атын жамылып, ерлерге ауыз салғандардың әрекеттері Президенттің құлағына жетіп, біраз уақыт тоқтап қалған айтыс соны серпінмен алға басты.

Біз де осы игі хабарды естіп, қазіргі уақыттағы айтыстың бірден-бір жанашыры болып даусыз есептелетін ақын Жүрсін Ерманға жолығып сұхбаттасқан едік. Қысқа да болса, нақтылы жауаптарымен ол кісі талай мәселеге қатысты өткір пікірлерін бізбен бөлісті.

Жүрсін Молдашұлы, соңғы кездері айтыстың тоқырап қалғаны туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. «Осы айтыстың төңірегіндегі қалыптасып, белең алып кеткен ахуал турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа айтылмады ма, жеткізілмеді ме?» деген сауал халық көкейін тесіп жүргені белгілі...

Қазақ халқының ғасырлар бойы күткен тәуелсіздігімен ілесе оның төл өнері - айтыс та жаңғырып, жаңа сипатта халық өміріне енді. Бұл саланы өркендетуде еңбек сіңірген азаматтарды санамаласақ, бір қолдың саусақтарының өзі артылып қалары хақ. Әйткенмен, сол айтыстың ұймдастырылып, халықтың құмарын қандыруына мұрындық болған жандардың өздерін түртпектеп, жеке мүдделер қақтығысының ортасында жеке тұлғаны былай қойып, халықтың байырғы төл өнерін де көкпарға салып жібергендерін әлгіндей жолбикелер аңғарған да жоқ. Елбасының атын жамылып, ерлерге ауыз салғандардың әрекеттері Президенттің құлағына жетіп, біраз уақыт тоқтап қалған айтыс соны серпінмен алға басты.

Біз де осы игі хабарды естіп, қазіргі уақыттағы айтыстың бірден-бір жанашыры болып даусыз есептелетін ақын Жүрсін Ерманға жолығып сұхбаттасқан едік. Қысқа да болса, нақтылы жауаптарымен ол кісі талай мәселеге қатысты өткір пікірлерін бізбен бөлісті.

Жүрсін Молдашұлы, соңғы кездері айтыстың тоқырап қалғаны туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр ғой. «Осы айтыстың төңірегіндегі қалыптасып, белең алып кеткен ахуал турасында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа айтылмады ма, жеткізілмеді ме?» деген сауал халық көкейін тесіп жүргені белгілі...

-   Бұл сұрағыңа жауап берсем, қойғалы отырған талай сұрағыңа жауап беріледі. Айтыс, кейінгі алты жылда көрсетіліп келген айтыс соңғы екі жылда жабық тұрды. Айтыстың тоқтатылғаны рас, эфирден де алып тастады. Қазір Қазақстанда белсенді түрде айтысып жүрген 50-60 шамалы айтыскер ақын бар. Олардың арасында осы күні ғылым кандидаттары мен докторлары да бар. Елдің басын біріктіріп, көкейіндегісін жеріне жеткізе, кесіп айта алатын айтыс сияқты публицистикалық жанрды Елбасының жауып тастауы мүмкін емес еді. Өйткені, Президенттің өзі кешегі Сүйінбай, Жамбылдың аулынан шыққан, солардың жырларын тыңдап, шапанын иіскеп өскен азамат. Кейінгі жолбикелер Елбасының атынан әр жерге айтқызып күрделі де кемеңгер өнерді тоқтаттырды. Міне, бір ай болды, мемлекеттің өзінің ұйымдастыруымен, Мәдениет министрлігінің қолдауыменен Астанада үлкен айтыс өткелі жатыр. Аталған шараға бұрынғы айтыстардың жеңімпаздары, атап айтсақ, Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов, Айнұр Тұрсынбаева және басқалар сияқты белгілі «сен тұр, мен атайын» дейтін белгілі ақындар, сосын еліміздің бірқатар облыстарында өткізілген іріктеу жарыстарында екшеліп шыққан жас ақындар қатысқалы отыр. Иә, өте жас жігіттер шығып жатыр. 10-11 сыныптардың оқушылары да бар. Бұл айтысымыз өзі мына Астанадағы ЕҚЫҰ-ның саммитінен кейін тура 10 күннен кейін, яғни желтоқсанның 10 мен 11-і күндері өтпекші. Әрине, саммит - мемлекетіміздің өміріндегі үлкен уақиға. Әншейін ақша шашу болып жатыр деген де әңгімелер шығып жатыр. 15 жыл бұрынғы Целиноград қаласында, одан кейінгі Ақмола, кеше ғана Астана атанған қалада әлемнің 61 мемлекетінің басшылары, оның ішінде 21 мемлекеттің президенттері бас қосқалы отыр. Мұндағы жиын қорытындысында қабылданар құжатқа қол қойылды деген сөз - Қазақстанның аты әлемге жайылды деген сөз. Онсыз да текке, олай-былай шашылып жатқан ақшаның несін қызғанамыз.

Біз қазақтың ғасырлар бойы аңсап келген тәуелсіздігінің жемісін енді көріп келе жатырмыз ғой. Енді тырнақ астынан кір іздей бермей, сол тәуелсіздікті өркендетерде қай жерден қандай мәселелер қолбайлау болып жатыр, қалай қарай жүруіміз керек, қайтсек рухымызды жоғары көтереміз деген мәселе толғандыруға тиіс. Сондықтан, менің еншіме тағдырдың жазуымен қазақ халқынан Айтыстың жолы ашылғанын айтып, жұртшылықтан сүйінші сұрау бақыты тиіп тұрғанын айтпай кете алмаймын.

-   Жүрсін Молдашұлы, ендігі бір білсек деген жайт - айтыстың жаңғыруы тәуелсіздіктің алдында-ақ басталған. Менің білуімде, кезінде Алматы қалалық партия комитетінің әлде бірінші, әлде екінші орынбасары болып жүрген шағында Ізбасар Балтабаев деген кісі де сонау 70-ші жылдардың орта тұстары шамасында бір мәрте қолға алып көрген екен. Ол кісіден Қазақ радиосында істеп жүрген кезімде сұхбаттасып, бір-екі хабар да жасаған едім.

-   Оның рас, айтысты көтеруді мен телевизияда жүрген жылдары қолға алдым. Республикалық деңгейде теледидардан көрсеттік. Ізбасар Балтабаев деген кісі болса, ол кісі сол кезде расында да өзің айтқан жерде қызмет атқарған. Оның ұйымдастырған айтысын М. Әуезов театрында өткенін өзім көргенмін. Ол уақыттағы ақындар партияның қатаң бақылауымен қағазға жазылып қойылған мәтінді алдарына жайып қойып айтысатын. Ал, біз кәдімгі суырып салып айтысатын, аяқ астынан сөз тауып айтатын ақындардың сайысын ұйымдастырдық. Шын мәнінде халықтың айызын, қыбын қандыратын айтыс сол ғой.

-   Ал, ендігі бір жайт - ақындарымыз айтыс тоқтатылғаннан кейін шашырап, әрқайсысы әртүрлі салаға кетіпті. Ал, анау Ринат Зайытов деген жігітіміз, тіптен, «рэп» деген жанрға ойысып кетіпті деседі...

-   Бұл жерде екі мәселе бар. Ринаттың аз уақыт музыканың сол жанрына бет бұрмақ болғаны рас. Бірақ, көп нәрсені жете білмегендіктен, бірқатар кісілердің сынына да ұшырады. Ринат Зайытов - «рэптің» де, ештеңенің де емес, айтыстың бел баласы. Онымен өзім сөйлесіп, ақыл-кеңесімді айтқаннан кейін, беті бері қараған. «Ақындардың шашырауы» деген тұрғыдан айтатын бір маңызды мәселе - мына дінге байланысты болып тұр. Біздің Қазақстанда дін деген өте күрделі мәселеге айналды. Діннің түрлі ағымдары ақындарды әртүрлі жолдарға салып тұр. Біріміз уаххабист болсақ, енді біріміз баяғы ата-бабаларымыздың, пайғамбарымыздың жолымен кетудеміз. Біреулер қоштайды, біреулер қоштамайды. Қажылыққа барып келгендер бар, солардың арасында домбыраны «харам» деп, «өлең жазу күнә» деп жүргендері бар. Мысалы, алты алашқа белгілі Мұхамеджан Тазабековтен айтыскер ретінде айырылып қалдық. Балғынбегіміздің де солқылдап жүрген жайы бар. Бұл енді көріп-біліп отырған нәрсеміз.

Еш уақытта да Ислам діні өлеңге тыйым салмаған. Пайғамбарымыздың хадистерінде де бар. Ол өзінің сахабаларына айтады: «Әр елге дінді апарғанда сол елдің салтына, дәстүріне лайықтаңдар, соған бейімдеңдер!» дейді. Тіптен, келетін болсаң, біздің қасиетті Құран Кәрімнің өзі де өлеңмен жазылған нәрсе. Ұлы өлеңмен! Енді келіп аяқ астынан «Ойбай, Ислам діні өлеңге тыйым салады екен!» дейді. Дін - мемлекетке де, халыққа да қызмет етуі тиіс.

-   Ендігі сұрағымыз - осы шараның баянды боларына сенуге бола ма?

-   Осы мәселені осыдан бір апта бұрын Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары шақырып әңгімелесті. Мен дәл осы сұрақты дәл осылай қойып көрдім: «Бұдан кейін не болады?». Маған берілген уәде - ол кісілер айтыстың мән-мағынасы, көркемдік-идеологиялық сипаты жағынан сапасы жоғары болса, оны теледидар мен радиодан насихаттауға барлық есік ашық болады. Бұл жерде көзделген үдеден шыға білу - өзімізге, ақындардың айта білу қабілетіне байланысты болып көрінеді.

-   Осы жерде тағы бір көкейтесті мәселе шығады ғой: цензура жағы қалай болмақ?

-   Цензура әр уақытта болған. Цензура екі жақтан да болады. Біріншісі - билік тарапынан: «мынаны - айтуға болады, ананы - айтуға болмайды» деген қатаң талап қойылады. Осы түсірілген айтысты эфирден беру кезінде теледидардың цензурасы болады. Шыдай алмай қатты кетіп қалған тұстарын алып тастап отырады. Екіншісі - ақынның өзінің ішіндегі, санасы мен көкірегіндегі цензура. «Мынаны айтсам, жақпай қалам-ау» деген сипаттағы. Әрине, билік өз ақшасын төлеп айтысты өткізіп отырғанында «айт, айтпа!» дегенге ренжу орынсыз. Ақындардың шеберліктері осы жерде сынға түсуі тиіс. Ығытын тауып, тігісін жатқызып, әңгімені айта білсе, кез келген әңгімені жеріне жеткізуге болады. «Ақынмын» екен деп, «ауыз өзімдікі екен» деп, ауа жайыла берудің қажеті жоқ. Халық күткен сөзді айту керек. Сауатты, мәдениетті түрде, ешкімнің ар-намысына тимей, қорламай айта білсе. Халықтың көкейіндегісін...

-   Соңғы сұрақ. Осы қолға алынып жатқан, яғни жаңғыртылып жатқан айтыстың басшылығы, атқару жұмыстарындағы қызмет бөліністері қалай жүзеге асырылмақ?

-   Өткелі жатқан айтыстың барлық қаржылық, басшылық жағын Мәдениет министрлігі, оның Мәдениетті қолдау қоры көтеріп отыр. Идеологиялық басшылық - осы айтыстың көптен бергі қамқоршысы, қазақтың абызы атанып жүрген Мырзатай Жолдасбековтың қолында. Ал, бұрынғысынша, қара жұмыстарын атқару, ұйымдастыру, дайындау, шақыру-келтіру, бағыт беру, теледидарға жеткізіп, оны монтаждап эфирге беру жұмыстары - менің мойнымда.

Түйіп айтқанда, барлығымыздың да илейтініміз бір терінің пұшпағы болмағы айдан анық ақиқат.

-  Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бейбіт Төлегенұлы,

«Аспект М» әлеуметтік-гуманитарлық зертттеулер

орталығының сарапшысы

Түпнұсқадағы тақырып: ««Халық барда, қазақ барда айтысты алатайдай бүлдіру мүмкін емес»»

«aspect-m.kz» сайты

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588