Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 6617 27 пікір 18 Қазан, 2017 сағат 15:19

Атамбаев: Бәлкім, менікі дұрыс болмаған шығар...

Қоңсы қонған қырғыз ағайынның төртінші Президенті Алмасбек Атамбаев мырза тағы да мәлімдеме жасады. Бұл жолы Алмасбек байке қазақ басшысы Назарбаев туралы өзінің пікірін өзгертіп, қызды-қыздымен асыра сілтеп жібергенін мойындапты. Қырғыздың ақпарат құралдары осылай жазып жатыр.

«Бәлкім менікі дұрыс болмаған шығар. Мен эмоцияға беріліп, Президент Назарбаев туралы айттым. Анығында Ол кісі де мен сияқты аңқау, аңғал адам. Айналасындағы олигархтарға сеніп қалған шығар. Олигархтардың көздегені басқа ғой», - депті Алмасбек мырза.

Сайлау алдында сала-құлаш сөйлеп, өзінің қазақстандық әріптесін «кәрі сүйек» деп, одан қалса «қырғызға қылыш көтеріп келгендер басын беріп кетеді» деп қазақтың соңғы ханы –Хан Кененің әруағын қорлап сөйлеген Алмасбек Атамбаев енді басқаша әңгіме айта бастады.

Алмасбек Атамбаев әлгі мәлімдемесінде қазақтың тірі лидерін тілдегенінің себебін түсіндіріп бағыпты. Ал қазақтың, қазақтың ғана емес, қаны бір қандас елдің Тәуелсіздігі үшін жанын қиып, отаршылдарға қарсы күрескен Кенесары ханның әруағына тиіскені көршімізді қымсындырмаса керек. Ол туралы «ләм-мим» деп жақ ашпаған.

Атамбаев ашуды еңсеріп, ақылға бой алдырыпты дей алмаймыз. Атамбаевтың «бәлкім артық айтып қойсам керек» деуіне қазақ-қырғыз шекарасындағы тосқауылдар себепші болғаны анық. Сегіз күннен бері сергелдеңге түскен жұрт – қазақ-қырғыз шекарасында тұр. Екі Президенттің дауы даладағы жұрттың дегбірін кетіріп, шекарадағы жұртты сандалтып қойды.

Бұл туралы Атамбаев "шекарадағы қиындықтар шын мәнінде Қырғызстанды Ресеймен байланыстырмау үшін жасалып отыр" деді.

«Бірақ Президент Назарбаев бұл жайлы білмесе керек немесе күдіктенбеген болуы керек. Ол да кез келген Президент секілді өзінің айналасындағы олигархтардың сөзіне сеніп қалған болуы керек. Олигархтар Қазақстаның болашағы, Назарбаевтың құзырындағы елдің ертеңі туралы ойламайды. Олар өз қалталарының қамы үшін ғана жүр. Олардың миллиардтаған ақшасы Батыстың банктерінде сақтаулы», - дейді Алмасбек Атамбаев.

Иә, қазақ-қырғыз шекарасында тауар тасымалдаушы жүк көліктері бір аптадан бері тізбектеліп тұр. Шекара ресми жабылмағанымен, ондағы тексеріс жұмыстары күрделеніп, қырғыздан келген кейбір тауарлар кері қайтарылып жатыр.

Мысалы, күні кеше ғана Қырғызстаннан келетін сүт өнімдері сапа стандартына сәйкес келмейді деген себеппен, екі жүк көлігі шекарадан өткізілмеген.

Жалпы 10-17 қазан аралығында ұзын-ырғасы 835 жүк тасымалдаушы көлік тексерілген. Әрбір 8-жүк көлігінде ҚР Жүк тасымалдау ережелері өрескел бұзылған.  Жалпы сомасы 5,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Ал фитосанитарлық бақылау күшейтілгелі бері 127 жүк көлігі тексеріліп, 20 жүк көлігінің ереже бұзғаны анықталған. Жалпы көлемі 202 тонна азық-түлік кері қайтарылған.

Қазіргі таңда шекарада 300-дей жүк көлігі қармалып тұр. Шекара жабылған жоқ. Тек тексеріс қатал.

Бұл тексеріс - Алмасбек Атамбаевтың 7-қазан күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты бейсауат тілдегенінен кейін күшейтілген тексеріс. Міне, арада бір апта уақыт өтті. Атамбаевтың қазақ әріптесіне қарата дүркін-дүркін айтқан сөздері Қазақстан Үкіметінің шамына тигені анық.

Осы жолы Атамбаев шекара мәселесін шешудің альтернативті жолдары бар екенін айтыпты.

«Біреулер айтқандай, Қырғызстанның транспорттық жолы жалғыз Қазақстан емес. Біздің басқа да көршілеріміз бар. Біз Өзбекстанмен жақсы қарым-қатынастамыз. Қытаймен, Тәжікстанмен де шекараласып жатырмыз. Әрине, біз басқа жолын іздейміз», - дейді Атамбаев.

Кремльдің "ақ батасымен көсегесі көгерген" Алмасбек Шаршенұлы мен оның командасы шекарадағы мәселе бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияға бір, Дүниежүзілік сауда ұйымына екі хат жолдап, Қазақстан тарабы арадағы келісімді бұзып жатқанын айтқаны бар.

Бұған қатысты ҚР Ұлттық зкономика министрі Тимур Сүлейменов жауап беріп, мәселені саясиландырмауды сұраған болатын.

Арқаланып кеткенде, айылын жыймайтын Атамбаев бұл жолы Президенттің емес, қазақстандық олигархтардың АҚШ-қа жағуға тырысып жатқанын айтыпты. Онысымен қоймай, қырғыз президенті Қазақстанның кирилицадан латынға көшуі бекер емес деген болжам жасаған.

«Бұл - Ресейден іргені алыстату. Қазақстан әскерилерінің АҚШ морпехтерімен Ресей шекарасы маңында бірлескен оқу-жаттығу өткізуін айтамын. Соңғы бірнеше жылдан бері Қазақстан ЕАЭО-ны ыдыратып, құртуға әрекеттеніп келеді», - дейді.

Естеріңізге сала кетейік, 7-қазан күні Қырғызстан Президенті Алмасбек Атамбаев «Қазақстан билігіне ішкі мәселемізге араласып жатыр» деп айыптаған болатын. Атамбаевтың ашулануына, Қазақстан Президенті Назарбаевтың кандидат Өмірбек Бабановты қабылдап, сайлауда сәттілік тілегені болды.

Одан кейін 7-қазан күні Атамбаев Қазақстанның ішкі ісіне кірісіп, әлеуметтік-экономикалық мәселелері жөнінде сөйледі.

Қырғызстан СІМ-і бізге наразылық нотасын жіберді. Қазақстан СІМ-і жауап ретінде нотаны кері қайтарып берді.

10-қазан күні Астана мен Бішкек арасындағы сөзталас ушығып, шекарада бақылау күшейтілді. Қазақстанның ҰҚҚ бұны «жоспарлы операция» деп түсіндірді.

ҚР Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев көлдей қылып Атамбаевқа жауап хат жолдады.

Алмасбек Атамбаев екінші мәрте бейне мәлімдеме жасап, Назарбаевқа қатысты даулы пікірлерін және бір мәрте айтты. Бұл жолы Атамбаев қазақтың соңғы ханы – Кеңесары ханды нұсқап, орынсыз сөздер айтты.

Бұдан кейін Атамбаев үшінші рет журналистермен кездесіп, Қазақстандағы сайлау процесстері туралы өз ойын ортаға салды. Бұл жола да Алмасбек мырза қызара бөртіп сөйледі.

Соңында Қырғызстан ЕЭК мен ДСҰ-ға хат жолдап, Қазақстан тарабының арадағы келісімдерді бұзып отырғанын айтты. Мәселені шешпесе, ЕАЭО басшыларын шұғыл жинап, мәселені күн тәртібіне қоятынын ескертті.

Оған жауапты ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов беріп, мәселені саясиландырмауды сұрады. Дегенмен, шекара мәселесі шешілген жоқ.

«Кез келген мемлекет өзінің экономикалық және басқа да мүдделерін қорғау қажеттілігі туғанда, ішкі шараларын қолдана алады деп ойлаймын. Менің пікірімше, бұның барлығын саясиландырудың қажеті жоқ, мәселені мүдделі тараптармен бірге шешуге тырысу қажет», - деді министр.

Бұл тұста Қырғыз Үкіметі өзара кеңесіп, Талас су қоймасындағы суды босатып жіберетінін жеткізді. Бұған себеп, Талас су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу екен.

Бұған да жауап берілді. Қазақстан Киров су қоймасының суын қабылдап алуға әзір. Қазақстан ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов Қырғызстанның Талас облысында орналасқан Киров су қоймасында жөндеу жүргізілетіні туралы Қазақстанға алдын ала ескертілгенін мәлімдеді.

Енді Қырғызстанның Премьер-министрі Сапар Искаков Қазақстанға келетін болды. Иә, Сочидегі саммитте болған Сапар Искаков. "Назарбаевпен бар мәселені шештім" деп сүйінші сұрап жүрген осы - Сапар.

Екі арадағы ахуалдың әзірге ауаны - осы. Екі Президенттің арасындағы сөзталас, екі елдің азаматтарын әуреге салмаса дейміз. Біздің ойымызша, екі елдің билігі екі арадағы даудың зардабы қарапайым халықа тиіп жатқанын ұмытпауы керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417