Сенбі, 23 Қараша 2024
Ойдан-қырдан 5444 7 пікір 19 Қазан, 2017 сағат 10:07

Собчак Президент болмақ. Солтүстіктегі сайлау додасына шолу

Бүгінгі сөз тағы да сайлау туралы болмақ. Бұл жолы 2018 жылы Ресейде өтетін Президент сайлауы жайлы айтамыз. У-шуы көп солтүстіктегі көрші елдің жастары Путин билігімен Навальный арқылы күресіп жатқаны белгілі. Мыңдаған дауыс митингте естілді...

2018 жылғы сайлауда Кремльдегі күшті креслоға кімдердің үміткер болатыны әлі толық белгілі емес. Президент Путин өз кандидатурасын әлі жариялаған жоқ. Миллион орысты митингке шығарған Навальныйдың құқы заң жүзінде шектелді. Ол сайлауға жіберілмейді.

Саяси интрига жоқ. Дегенмен шоу болары анық. Себебі, әйгілі тележүргізуші – Ксения Собчак Президент болуға белін бекем буыпты. Бүгін осылар жөнінде сөз қозғаймыз.

Собчак - Президенттіктен үміткер

Ескі одақтан есігін бөлектеген қырғыз елі 15-қазан күні өз таңдауларын жасады. Қоңсы отырған қырғыздағы сайлаудың интригасы басым, кандидаттардың өзара тартысы жалынды болды. Сол жалынның ұшқыны Қазақстан мен Қырғызстаның ресми қарым-қатынасына да тиіп, арадағы шекара мәселесі ушықты. Жә, сайлау өтті. Айыр қалпақты ағайын Атамбаевтың агетация жасаған үміткерін таңдады. Елдің 54 пайызының шешімі сол болды. Бітті.

Ендігі кезек тұп-тура 4 айдан кейін Ресейде өтетін сайлауда. Басты фаворит – Владимир Путин. Саяси ұйымдардың болжамына қарағанда Ресей халқының 64 пайызы осы кандидатты қолдайды-мыс. Дегенмен, ВВП сайлауға қатысатынын әлі айтқан жоқ. Ол қатысады, әлбетте.

Бұл жолы президенттік додаға тележүргізуші Ксения Собчак қатысатын болды. Жақында ол бейне үндеу жасап, өзінің сайлауға қатысатынын, Президенттік креслодан үмітті екенін және өзін оппозиция өкілі санайтынын ашық айтты.

«Мен - Ксения Собчакпын, жасым 35-те. Мен өмір бойы Ресейде тұрып, жұмыс жасап келемін және елімнің келешегі мен үшін өте маңызды. Мен 18 жасқа толғанда Путин Ресей Президенті болды. Сол жылы туған балалар биыл дауыс беруге барады. Бұлай жалғаса берсе, менің ұлым сайлауға барып дауыс беретін жылы да кандидаттар сол баяғы Зюганов, Жириновский мен Путин болуы әбден мүмкін ғой...», - дейді Собчак.

Дау-дамайдың ортасында жүретін Ксения Собчак жақында Владимир Путинмен кездесіпті. Кездесіпті де, өзінің үміткер болып, сайлауға қатысатынын айтыпты.

«Менің ұққаным, Ол (Президент Путинді айтып отыр – ред.) менің бұл шешіміме қуана қойған жоқ»,- дейді Собчак. Үміткерлікке үмітті Собчактың айтуынша, Путин тікелей жауап бермеген. Тек әр адамның шешім қабылдауға құқылы екенін және сол шешімі үшін жауап беретінін ескерткен.

Сонымен Собчак - үміткерліктен үміткер. Ол додаға "допуск" алу үшін алдымен 300 мың адамның қолын жинауы тиіс.

Ресейдің қазіргі саясаты мен саяси элитасының ескіргенін айтқан Собчак «Единая Россиядан» тартып, биліктің көлеңкесіне шоғырланған барлық саяси топтарға, псевдо үміткерлерге қарсы тұратынын айтты.

Тіпті, қамаудағы оппозиционер әм Путинің негізгі қарсыласы Алексей Навальныйды қолдайтынын және оның қамаудан босатылып, сайлауға жіберілуін қалайтынын ашық айтқан.

«Алексей менің бұл шешіміме пікір айта алатын болса, ол мені қолдайтынына толық сенімдімін. «Единая Россиядан» басқа кез келген кандидатқа дауыс беру – Алексейдің идеясы. Егер Алексейді тіркемейтін болса, оның үні естілуі тиіс», - дейді Ксения ханым.

Ксения керек жағдайда, Навальныйды қамаудан босатып, сайлауға жіберетін болса, өз кандидатурасын алып, Алексейді қолдайтынын да білдірген.

«Биліктің биіктегі бөлмелерінде не деп жатқандарын білмеймін, білетінім – мен біздің саяси ландшафты ұзақ бақылап келемін. Менің қазіргі билікке қоятын жалғыз диагнозым – сіздердің саясаттарыңыз – езілген нәжістей мүңкіп тұр, мырзалар! Іш пыстырарлық және анайы...». Бұл - Ксения Собчактың сайлауға барар жолда жасаған алғашқы сөздік интервенциясы.

Негізгі оппонент - Навальный

Солтүстіктегі сайлаудың жалғыз интригасы – Алексей Навальный еді. Ол бірнеше мәрте заңсыз, заңсыз дейміз-ау, рұқсат етілмеген митинг өткізгені үшін қамалған. Сотты болған. Қазір де қамауда. Мемлекеттік билікті митинг арқылы ауыстыруды қалаған Навальныйдың бұл әрекетіне Кремль қысымы мүмкіндік берер емес.

Дегенмен, Навальныйдың жақтастары ондаған мың жас Путин мен Медведьев тандемінен мезі болып, митингке шығуын тоқтатар емес.

Ормандай орыстың Путин дейтін патшасына дес бермейтін дені дұрыс оппонент жоқтың қасы. Болған. Марқұм Борис Немцов еді. Кремльдің ауласында атып кетті. Бір болса, Борис Немцовтың саяси әлеуеті Путиндік кланмен айқасуға жетер ме еді. Саясаткерлер Кремльдің қожайынына "сен" деп сөйлейтін сол еді дейді.

«Мен өмірді сүйемін, бірақ Путинді жақсы білемін...»

Бориске жасалған қастандыққа тікелей Владимир Путиннің қатысы бар деген күмән көп болған. 2015 жылдың ақпанында атып өлтірді. Кремльдің қақпасының алдынды болды бұл сұмдық.

Путин командасының саяси былық-шылықтары туралы ашық пікірлер айтып, «анти-дағдарыстық» марш өткізбек болған еді. Немцовтың ұйымдастырған маршы ақыры өтті.

«Мен өмірді сүйемін, бірақ Путинді жақсы білемін...» Бұл - Немцовтың сөзі.  Иә, Путин Қырымды аннекциялап, Халықаралық келісімдердің барлығын бұзды дегенді де Немцов айтты. Осы ретте: "Украинадағы соғысты Путин ашты" деп ашық айыптаған Немцовтың соңғы сөзі ойымызға оралады. «Онда мені Путин өлтіреді...». Бұл - Қызыл алаңда Борис Немцовқа 4 бірдей оқ қатар тиерден 3 сағат бұрын айтылған сөз. Оны айтқан марқұм Борис Немцов еді.

Осыдан кейін Владимир Путинге тіке қарсы шығар жүректі жан табылмады. Жаңағы Навальный да Путиннен гөрі Медведьевтың меншігіндегі дүниелерді есептеп, премьердің қытығына тиіп жүрді. «Он вам не Димон» деген лозунг Ресей, Ресей түгілі пост кеңестік елдерде хитке айналды.

Путиннің ең сенімді серігі әм «орынбасары» Дмитрий Медьведевтің меншігіндегі миллиондар мен миллиардтарды жұртқа әшкерелеген де осы Навальный еді. Алғашқы митинг осыдан басталды. Сөздің ашығында, қазір Ресейде Навальныйдың жақтастары аз емес. Навальныйдың өзіне рұқсат жоқ. Және ол рұқсатты Путин командасы Навальныйға сыйлай қоюы да екіталай. Ал революциялық жолмен, билікті басып алу ықтималдылығы әзірге төмен.

Сонымен, қазіргі таңда Кремльдегі креслоға қонжиғысы келетін ықтимал кандидаттардың тізімін бар деуге болады. Толық екшеленіп болған жоқ. Десе де 15 адамдық тізімде іліп алып, міне дейтін ешкім жоқ. Ылғи аудсайдерлер командасы. Жұртқа жүзі таныстардың ішінде Ксения Собчак пен Владимир Жириновский бар. Иә, Владимир Жириновский. Әйгілі либерал-демократ әм псевдо бунтарь.

Бұл жолы да Президент болмаққа бекінген Жириновскийдің жолы белгілі. Сайлау додасы кезінде Путинді жекпе-жекке шақырады. Аузына келген, анығында тексерілген, мақұлданған мәтінін мәнерлеп оқып, аяқ-қолын оңды-солды сермейді. Путин дебатқа шықпайды. Жириновский екінші я болмаса үшінші позицияны иемденеді. Сондықтан Жириновскийді амбициялы кандидаттардың қатарына қосу мүмкін емес.

 

Дегенмен, Жириновскийдің болжамдары дөп келетінін ескерсек және соңғы жылдардағы бүкіләлемдік саяси процесстердің ауанына үңілсек, Жириносвкийдің де Президент болып қалу ықтималдылығы жоқ емес. Ал енді, Ол Президент болса, Орталық Азиямен жүргізетін саясаты белгілі. Есер де есерік  ескі отандасымыз ОА-ны Ресейге қосамын деп көкігені бар.

Осындай көкіме сөздің егесі Жириновский де РФ-ның Президенті болуы мүмкін. Тіпті, анау Ксения Собчак та болуы мүмкін. «Дәл осы Ксения Собчак Ресейдің тұңғыш әйел Президенті болуы мүмкін!». Бұл - Ресей шоу бизнесінің ең әйгілі әм ең топас әншісі Ольга Бузованың пікірі.

Сөз соңында. «Комсомол шындығы» гәзетінің хабарлауынша, Путиннің қолынан «Құрмет» орденін алып тұрып ағынан жарылған Василий Ливанов дейтін қайраткер сайлау туралы пікірін білдіріпті. Сөйтіп, «Сіз сайлауға қатысыңыз. Міндетті түрде қатысыңызшы. Білесіз бе, Владимир Владимирович, бір кезде көзіңізді жұмып, аспанға қараңызшы. Сонда сіз аспаннан: «Тіпті бұл туралы ойланушы болма, қатыс додаға» деген даусын естисіз. Бұл - біздің Ұлы Отанның дауысы, бұл біздің дауысымыз!» депті.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5417