Қ.Көшербаев: Ресей экологиялық шығынды өтейді. Міндетті!
Ресей Байқоңырға құлаған Протон үшін өтемақы төлейді. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев осылай деді.
2013 жылы Қазақстанның территориясына құлаған ресейлік зымыран тасығыш "Протон-М" қазақ даласына 600 тонна гептил уын жайды. Соның зардабын халық күні бүгінге дейін тартып келеді.
Бұл мәселеге байланысты екі тарап өзара келісе алмай келген. Ресей жалға алып, жұмыс жасап отырған Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымыран тасығыштың құлауы түрлі экологиялық індеттерге әкеліп соқтырды.
Енді міне, арада 4 жыл өткенде тараптар ортақ шешімге келіпті. Ресей жағы келтірілген экологиялық шығынды өтеуге міндетті болды. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев айтты.
"Мен "Протон-М" құлаған күннің ертесі апат болған жерге бардым. Жағдайды өз көзіммен көрдім. Біз РФ тарапымен тіл табыса алмай келдік. Олар Ресейдің экологиялық кодексіне жүгінді. Біз өзіміздің кодексті алға тарттық. Арада аса қатты дау болған жоқ. Сондықтан ортақ шешімге келуіміз керек болды. Және ол шешімге келдік.
Біз енді Қазақстанның экологиялық кодексімен жұмыс жасайтын боламыз. Келіссөздер де жүріп жатыр. Үкіметаралық комиссияның құзырында 2013 жылғы апаттың шығынын өтеу мәселесі қаралуда. Ресей бізге өтемақы өтей ме, жоқ па деген сауал орынсыз. Өтейді. Міндетті" , - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Abai.kz