Тәжікстанның сыртқы қарызы әр адамға шаққанда 260 доллар болған
Moody’s халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеуі бойынша, 2017-2018 жылдары Тәжікстанның сыртқы қарызы елдің ІЖӨ-нің 55 пайызын құраған.
Moody’s Рогун ГЭС-ін салуда сырттан қаржы алуына байланысты Тәжікстанның сыртқы қарызы өсе түседі деп болжайды. Агенттік мәліметі бойынша, тәжік экономикасы үшін сыртқы қарызды жабу өте қымбатқа соғады.
22 қазанда жарияланған халықаралық агенттік ресми Душанбе қарыздың денін шетел валютасымен алғанын алға тартады. Курс бағамының алшақтығынан қарызды жабу өте күрделі болады дейді.
Бірақ Тәжікстанның қаржы министрлігі Moody's болжамымен келіспейді. Олардың келтірген мәліметі бойынша, сыртқы қарыз ІЖӨ-нің 32 пайызын құрайды. Сыртқы қарыз жыл басында 2 млрд 274 млн доллар болған дейді министрлік.
Қаржы министрлігінің есебі бойынша, сыртқы қарыз әр адамға шаққанда 260 АҚШ доллар. Ал Moody's болжамы бойынша бұл көрсеткіш 500 долларға дейін өсуі мүмкін.
Abai.kz