Жұма, 22 Қараша 2024
Ауыс-түйіс 7267 9 пікір 26 Қазан, 2017 сағат 11:06

Есімов енді қайда барады?

 

ЭКСПО аяқталды, Есімов енді қайда барады? БАҚ өкілдері әредік осы сауалға жауап іздеп қоятынды шығарды. Ахметжан Смағұлұлы 1950 жылы 15 желтоқсанда Алматы облысы, Қаскелең ауданында жарық дүние есігін ашқан жан. Оның қазіргі жасы демесеңіз (67),  жағырапиясы тағы бір «шыңды» бағындыруға жарап-ақ тұр. Жағырапиясы ғана емес, жалпы өмірбаяны өрлеу үстінде келе жатқанын көрсететін бұл адам ЭКСПО-мен ентігін басып, тоқтап, тоқырап қалатынға ұқсамайды. Оның үстіне кейінгі бірер айдың ауқымында жарнамасы да күшейіп кетті. Әрине, Есімов туралы күпініп жазылған жарнама мақалалардың артында жанторсығы есепті Куянов дейтін күшеншектің отырғаны анық. Олай деуімізге себеп: жарнама тым олақ жасалып жатыр. Иә, Есімовтің пиарынан баспасөз саласында ескіріп қалған адамның қолтаңбасын көру қиын емес. Әйтсе де, 1983 жылы «Ленин» совхозынның директоры болған Есімовке аспан астын толтырған өзі жайындағы әлгіндей мадақ сөздер ұнайтын болса керек, үндемейді. Жә, арнайы мамандандырылған халықаралық көрменің шаш етектен келген шаруасын аяқтаған соң кімнің де болса, жылы лепес естуге қақысы бар шығар. Біздің де Ахметжан Смағұлұлын орынсыз сынап-мінеуге құлқымыз жоқ. Кіші Ермегияевтің неше жыл отырып шашып-төккен дүниесін реттеп, істемегенін істеп, жөнге келтірген азаматқа Елбасы да, ел де риза. Бізде елдің ықыласынан бұрын Елбасының ризашылығына бөленген адам ендіге қызмет бабымен өсуі керек. Есімов те сөйтуі мүмкін. Бұл ретте төмендегідей болжамдар бар.

1.Есімов – премьер-министр

Кешегі Советтік Қазақстанда атқарған азды-көпті қызмет лауазымдарын былай қойғанда, Ахметжан Есімов Тәуелсіз Қазақстанда да біраз жерге барыпты. Қараңыз: Ол - 1992 жылдан - Алматы облыстық әкімшілігінің басшысы. 1994 жылдан - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 1996 жылы - ҚР мемлекеттік хатшысы, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Мемлекеттік қаржы салымдар комитетінің төрағасы. 1998 жылы - ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі. ҚР Бенилюкс мемлекеттеріндегі Төтенше және Өкілетті Елші. 2001 жылы - ҚР ауыл шаруашылығы министрі. 2002 жылы - ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі. 2004 жылы - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. 2006 жылдың қаңтар айынан - ҚР ауыл шаруашылығы министрі. 2008 жылдан 2015-ке дейін  Алматы қаласының әкімі. Енді не қалды? Үкімет басшысының орынтағы қалды. Алайда, Назарбаев биліктегі үшінші буынның өкілдерін ғана Үкімет басшылығы мен құрамынан көргісі келетінін байқатып жүр. Өз қатары қалтылдап қаусай бастады. Олардың жұмыс стилі де, ойлау мүмкіндігі де ескі. Замананың жаңа талаптарына жауап бере алмайды. Оны айтасыз,  билікке 91 жылы келген "Ninety one" тобының көбі қазір тобан аяқ. Жүріс-тұрысы да, күш-қуаты да сарқылды, шау тартты. Қанша жерден қайратты болғанымен Есімов те ескі гвардияның мүшесі. Бәрін былай дегенде, 40 пен 50-дің арасындағы қылшылдаған жігіттерден құрылған Үкімет басшыларының халықаралық жиынына жетпістегі Есімовті жіберіп қойып, қарап отырудың өзі ыңғайсыздау ғой. Жоқ, мырзалар, болмайды. Уақыт өтіп кетті.

2.Есімов – Мәжіліс төрағасы

Бұл енді жобаға ептеп келетін болжам. Өйткені Смағұлдың ұлы ат ізін салмаған мемлекеттік қызметтегі сала осы екен. Серік Ахметовтың абақтыдан шығуымен және оның саясаттағы әм өмірдегі тұрақты оппоненті Нұрлан Нығамтуллиннің айналасында болып жатқан әңгімелердің қисынына салсақ, Ахаң салып ұрып Мәжілістің төрінен бір-ақ шығуы мүмкін. Мәжіліс төрағасы – Конституция бойынша үшінші адам. Бірақ, бұл жерде де бір кәкір бар. Президент, Сенат төрағасы, Мәжіліс төрағасы, қазақша белден басып айтқанда, бір аймақтан болмауы керек. Ендеше әзірге Есімовке спикерліктің ауылы алыс. Көріп отырсыздар, бұл жоба да іске аспайтын сияқты.

3. Есімов – «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» төрағасы

Бұл да ықтимал болжамдардың бірі. Егер Есімовтің бір кездері Мемлекеттік қаржы салымдары жөніндегі комитетті басқарғанын ескерсек, «Самұрық-Қазынаның» кілтін қолына алуға ыңғайы келетінге ұқсайды. Тағы бір сөзді, яғни, Өмірзақ Шөкеевтің Алматы қаласына әкім болып тағайындалуы мүмкін дейтін ұзынқұлақтың әңгімесін ден қойсақ, қордың басшылығы Ахметжан ағаға бұйырса, бұйырып та қалатын шығар...

4. Есімов – қазақстандық ЭКСПО-ның тұрақты төрағасы

«ЭКСПО-2017» тәмамдалғанымен көрменің жұмысы толығымен біткен жоқ. Бітпейді де. Бәлкім, оны енді басталды деп айтқан жөн шығар. Өйткені, әлем – «Жасыл экономиканың» жағында, дүниенің жұрты  қазір баламалы қуат көзін іздеп жанталасуда. Мұнай, газ, уран, көмір қоры мол болғанымен Қазақстан да қадари-қалінше Күннен, желден электр қуатын өндіріп, «жасыл экономиканың» жайнаған бағында отыруды қалайды. Демек, «жасыл экономика» тақырыбымен халықаралық көрме өткізген Қазақстан бұл істі әріқарай жандандыра түсуі керек. Көрменің жүздеген, мыңдаған туристерді қабылдай алған ғимараттары мен айнала ат шаптыруға болатын аумағын ғылыми ізденістердің шеберханысы мен зертханасына айналдыруға әбден болады. Жатақжайларды жас экологтар мен технологтарға, IT мамандар мен «жасыл экономика» тақырыбында жазуға бейімделген журналистерге беріп, игілікке айналдыру да қазіргі төрағаның қолында. Шетелдік мықтылармен осы жерде бас қосып, кеңес құру да Есімовтің икемділігі мен ептілігіне байланысты. Осыноу мүмкіндікті пайдалана алмаса, ЭКСПО-ның төрағалығы  Ахаңның «ақырғы әні» болуы ғажап емес. Ал, бұл енді біздің болжам.

Дәурен Қуат

Abai.kz    

 

 

 

 

 

 

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1440
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3202
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5174