Сенбі, 23 Қараша 2024
Көршінің көлеңкесі 7342 20 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 13:16

Кремльдің кәрісүйек провокаторы қазаққа тағы кәрін төкті

Бүгін Кремльдің кезекті пропогандасы жайлы сөз қозғаймыз. Бұл жолы да бәле шақырып байбайлаған - Эдуард Лимонов. Қазақтың жеріне шүйліккен Лимоновты сөйлеткен орыс телеэфирі.

Әуелі Лимонов туралы айтар болсақ, бұл - бұрынғы большевиктік партияның Ресейдегі елесі саналатын ҰБП-ның жетекшісі болған орыстың саяси қайраткері. Өзін орыстың ұлтшылы санайтын Эдуард Вениаминович Францияның азаматтығын алған. Қос азаматтығы бар.

Тәуелсіз Қазақстан жайлы көп сөйлейді. Жерімізге шүйлігеді. Ресейдің бір губениясына айналғанымызды қалайды. Солай үндеу жасап, елді азғырады. Бір сөзбен айтқанда, Кремльдің кәрісүйек провокаторы.

Міне, сол Лимонов өзінің кезекті эфирлік уақытында бүйдепті:

"Назарбаевтан кейін Қазақстанда үлкен бұлғақ басталады. Мүмкін, билік транзитінің алғашқы кезеңі тыныш өтер, бірақ, көп ұзамай-ақ, дүрбелең болады. Бұл бәлкім, 1-2 жылдың ішінде орын алуы ықтимал.

Менің ойымша, Ресей қарап қалмайды. Басқа амал жоқ.  Өйткені, Путиннің өзі айтып жүрген "Орыс әлемі" бар. Қазақстанның Солтүстігіндегі қалалар, Оралдан бастайық. Орал 1773 жылы біздің Емилиан Пугачев көтеріліс жасаған жер. Оралдан ары Семейге дейінгі жерлер орыс жерлері. Міне, оларды қайтарып алмасақ, бізге күнә болады.

Оның үстіне 17 миллионға жуық қазақстандықтың 4 миллионға жуығы орыстар. 1 миллионға жуық неміс бар. Немістер де бізді қолдайды, ол сөзсіз. Оған қоса, шешендер мен ингуштар бар".

Бұл Лимоновтың шатып-пұтып дегендері. Сөйтсек, сарыжағал саясаткерсымағымыз саннан қателесіпті. Дәлірек айтсақ, фактісіз сөйлеудің шебері екен.

Жұрт біле жүрсін: Қазақстан халқының саны 2017 жылғы есеп бойынша 18 миллионның үстіне шықты. Соның ішінде қазақ ұлтының үлесі 11 миллионнан асып жығылады. Лимонов айтқан орыс диаспорасы 3 миллионға жуық. 30 мыңға жуық шешен, 15 мыңға жуық ингуш бар.

Сосын, сәуегей Лимонов Семейді орыстың жері депті. Семей - Алаш Астанасы. Дәл осы шүрегейлерді шүйліктірмей Семейді "Алаш қаласы" деп атап жіберетін уақыт келді деп ойлаймыз.

Айтпақшы, мұндай  ұсыныс жасалған. 2015 жылы Әлихантанушы Сұлтан Хан Жүсіп (Аққұлы) Семейді  "Алаш" деп атауды ұсынған.

Алашорда автономиясы құрылған күнді оның астанасы деген болатын. Ол – осы күні Семей деген атпен белгілі қала. Бірақ сол Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы болып тұрған кезде Алаш деген атауға ие болған.

Сондықтан, біз бұл бастаманы қайта көтергенді жөн көрдік.

Тақырыпқа тұздық. Лимонов дейтін шовинист тілін тыятын түрі жоқ. Лимонов осыған дейін де қазақ жері жайлы қисынсыз ойларын айтып, ел мен елді дауластыра жаздаған. Тіпті, территориямызға таласып, еліміздің солтүстік өңірлерін Ресейге қосу керек деген агрессорлық бастама көтерген.

Бұл жолы да пост-назарбаевтық кезеңнің көріністерін болжай отырып, Оралдан тартып, Семейге дейінгі жерлерді Ресейдің меншігіне беріп қойыпты. Өзінің айтуынша, бұл - сәуегейлік.

Сонымен, сәуегей саясаткерсымақтың сөздері әлеуметтік желіде еркін таралып жатыр. Бір қызығы - бұл ақпарат Қазақстанның да ақпарат кеңістігінде ашық жариялануда.

ҚР СІМ, ІІМ, ҰҚҚ провокациялық ауандағы осы және осы тектес материалдарды еркін ақпарат кеңістігіне шығарып қойып, не бітіріп отыр? Жалқы сұрақ - осы.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487