Сәрсенбі, 21 Сәуір 2021
«Соқыр» Фемида 4556 9 пікір 17 Қараша, 2017 сағат 11:47

Матаев босады, кезек Макс пен Талғатта...

Кешегі күннің негізгі талқысы - Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтың шартты түрде түрмеден босатылуы болды.

Матаевтың мәселесі Қапшағайдағы қалалық сотта қаралған. Биыл қазанда 63 жасқа толып, зейнет жасына шыққан Сейтқазы Матаевтың қорғаушылары Секеңнің денсаулығының сыр бергенін айтып, дәлелдер келтірген соң, сот осындай шешім шығарыпты.

Дегенмен, Секеңнің ұлы Әсет әлі қамақта отыр. Оның ісі ақпан айының соңына таман қаралатын көрінеді.

Естеріңізде болса, 2016 жылдың қазан айында құзырлы билік ҚР ЖО төрағасы Сейтқазы Матаевты 6 жылға, оның ұлы Әсетті 5 жылға түрмеге жапқан болатын.

Cол кезде қазақстандық әм шетелдік басылымдар бұл істі Қазақстан журналистикасына жасалған қысым деп бағалаған-тын. Матаевтың мәселесі қазақ журналистерін де жай қалдырмады. Әлеуметтік желі мен гәзет-сайттар Секеңнің сөзін сөйлеп, қолдау білдірді. Сол кезде Сейтқазы Матаевтың өзі: "Бізді мүсіркемеңдер!" деген еді.

Жә, Сейтқазы Матаев шартты түрде босап шықты. Бұл сүйінші сұрарлық жаңалық.

Ендігі кезек Макс Боқаев пен Талғат Аяндарда! Қазақ жерін шүрегейлерден қорғап, шыр-пыр болған азаматтар бостандыққа шығуы керек! Бұл талап!

Өткенде, Қазақстан Ресейге қосылсын деп есі кетіп жүрген Ермек Тайшыбеков босап шықты.

- Ермек Тайшыбеков "Қазақстан Ресей құрамына қосылсын", "Мен Орыс әлемін қолдаймын" деді. 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ілікті. 2 жыл 1 ай отырды. Рақымшылық жасалды.

Макс Боқаев, Жер дауы кезінде өзінің азаматтық позициясын ашық көрсетті, Үкіметтің жерді сату туралы бастамасына қарсы шықты. 5 жылға түрмеге кесілді. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Талғат Аян, жер дауы кезінде Үкіметтің бастамасына ашық қарсы шықты. 5 жылға қамалды. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Әсет Матаев, әкесімен бірге сотталды. 5 жыл. Рақымшылық жасалған жоқ.

- Ботагөз Исаева, Тайшыбековтің үстінен арыз жазды. Ісін сотқа дейін жеткізді. Қуадалауға ұшырап, елден кетті.

Жоғарыдағы аталған азаматтардың әр қайсысы Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік тұтастығы үшін, территорияның әм жердің бүтіндігі үшін жұмыс жасады. Шовнистік пиғылдағы арандатушылық қадамдарға барған жоқ.

Айыптары дәлелденген болып, темір торға тоғытылды. Әрқайсысы кемі 5 жылдан алды. Былтырғы жылғы жаппай рақымшылықтың рауанында бұл азаматтардың есімдері ескерусіз қалды. Мемлекеттің рақымшылығына ілінген жоқ.

Ал орыстың қолаңса сасыған қолтығының астына қайта кіруді армандайтын, орыс шовинизмімен ұшықталған Ермектің 4 жылдық жаза мерзімі аяқталмай жатып, рақымшылыққа ілінуі қалай? Бұл қаншалықты әділетті?

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

9 пікір