Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Анық-қанығы 6919 1 пікір 29 Қараша, 2017 сағат 12:54

Қазақ күресін сергелдеңге салған кім?

Осыдан біраз бұрын «Спорт жұлдыздары» деген жекеменшік журналдың бас редакторы Мұсағали Тасқалиев есімді азамат өзінің фейсбук парақшасында қазақ күресі туралы жазып, менің де атымды атап, «Қазақ күресін сергелдеңге салған кімдер?» деген сауал қойған екен. Ойлана келе, мұндай негізсіз жазылған дүниелердің қазақ күресінің болашағы үшін атқарып жатқан шаруаларымызға қатысты көпшіліктің ойында күмән тудыратынын әрі желдің қай бағыттан соғатынын ескере отырып, осыған дейін қазақ күресі туралы ел ішінде кереғар пікір қалыптаспасын деп айтпай келген кейбір дүниелерді ел газеті «Егемен Қазақстанның» бетінде ашық түрде жариялауды жөн көрдім. Сонда ғана спортсүйер қауым қазақ күресін сергелдеңге салып жүргендердің кім екенін өзі-ақ ажыратып алар деп түйдім.

Мен республикалық қазақ күресінің басшылығына 2013 жылдың соңына қарай сайландым. Оған дейін республикалық федерацияның президенті Серік Төкеев мырза болатын. Сол жылы қазақ күресінде менің федерацияның басшылығына келуіме бірнеше келеңсіз оқиға себеп болды. Оның ең біріншісі, әрине  2013 жылғы «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің финалдық сынында төрешілердің елді дүрліктірген жүгенсіздігі еді. Екіншісі – «Қазақ күресі Қазан қаласында өтетін ХІІІ Универсиаданың бағдарламасына кірді», деп «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» деп аталынатын ұйымның алты алашқа жар салғанына қарамастан, төл спортымыздың аталған ойындар  бағдарламасына кірмей қалуы. Үшіншісі – сол жылы Санкт-Петербург қаласында өткен Спорт-Аккордтың аясында қазақ күресінен көрсетілім болады деп Қазақстанның атына FILA деп аталынған (қазіргі – UWW, яғни Біріккен күрес әлемі) ұйымнан хат келіп, соған орай қазақстандық делегация сол кездегі Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Тастанбек Есентаевтың басшылығымен Санкт-Петербургке барғанында көрсетілім болатын залда біздің спортшылар мен өкілдерден басқа ешкімнің болмай шығуы, артынан белгілі болғанындай мұның Универсиадаға қазақ күресінің кірмей қалғанына ырза болмаған қазақстандықтардың  көңілін аулап, көзбояушылық үшін ғана ұйымдастырылған шара болғандығы еді.

Айта кететін жайт, қазақ күресінің Универсиада бағдарламасына кіретінін алғаш сүйіншілеген де, Спорт-Аккордтың аясында қазақ күресінен көрсетілім болады деп хат жолдаған да сол кездегі FILA-ның, қазіргі Біріккен күрес әлемінің ресми өкілі Гинтаутас Вилейта болатын. Ал оны одан әрі желпілдеткен «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» деп аталынатын ұйымның басшылығы еді. Бірақ, осы аталған ұйымдардың ешқайсысы да қазақ күресінің неліктен Универсиаданың бағдарламасына кірмегендігі, Спорт-Аккордта көрсетілімі болмағандығы туралы күні бүгінге дейін жақ ашқан емес.

Сонымен қатар, біз сол кезде «Еуразия барысы» халықаралық турниріне дайындық жүргізу кезінде, жарысқа шет елдік командаларды шақыру барысында тағы бір қиыншылыққа тап болдық. Ол – «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» деп аталынатын ұйымның басшылығы әлемнің алпыстан астам елінде қазақ күресі федерациялары құрылған деп үнемі БАҚ-қа сұхбат беріп келгеніне қарамастан, елімізді қоса есептегенде әлемдегі ұлттық федерациялардың бір қолдың саусағанынан аспайтындығы, яғни, Қазақстан, Моңғолия, Қытай, Ресей мен Қырғызстаннан басқа бірде-бір елде қазақ күресінің федерацияларының болмауы еді.

Көпшілік қауым мен айтқан жайттардың растығына интернетті ақтарып та, ортамызда жүрген, осы оқиғаларға куә болған адамдардан сұрап та көз жеткізе алады.

Осының барлығы, сол кездегі қазақ күресінде қордаланған проблемалардың бар екендігін көрсетті. Сол себепті де су басынан тұнатындығын, ал қазақ күресінің бастауы қазақ жерінде екендігін, ең алдымен өз еліміздегі қазақ күресін дамыту керектігін ескере отырып, өз кандидатурамды республикалық федерацияның президенттігіне ұсындым.

Басшы болып сайланған соң өз жұмысымды республикалық федерацияны қайта құрудан бастадым. Себебі, «Республикалық ұлттық күрес «қазақ күресі»  федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі» деп аталынатын федерацияның республикалық мәртебесі болу үшін «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес кемінде сегіз облыста филиалдары болуы керек-тін. Филиалдар ашылмаған, ал облыстық қазақ күресі федерациялары жергілікті қоғамдық бірлестіктер ретінде құрылып, республикалық федерацияға заңдық та, экономикалық та тұрғыдан ешқандай қатысы жоқ өзіндік заңды тұлға (самостоятельное юридическое лицо) ретінде жұмыстарын атқарып жатқан екен. Сондықтан да, облыстық қазақ күресі федерацияларын республикалық федерацияның құрылтайшылары, әрі республикалық федерацияның жарғысын мойындайтын, бірақ экономикалық тұрғыдан дербес қызмет ететін мүшелері етіп бекітіп,  «Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы» қауымдастық нысанындағы заңды тұлғалар бірлестігі етіп қайта құрдық. Тек осыдан кейін ғана республикалық қазақ күресі федерациясы ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті тарапынан танылды. Бұған дейін біздің федерация тәуелсіздік алғаннан бергі 23 (!) жыл бойына ҚР ҰОК тарапынан танылмаған болатын.

Өз кезегінде, республикалық федерация 2014 жылы қабылданған «Спорт және дене шынықтыру туралы» ҚР Заңына сәйкес спорт түрі (біздің жағдайымызда қазақ күресі екендігі белгілі) бойынша халықаралық федерацияның мүшесі болуы тиісті-тін. Осыған орай біз «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» деп аталынатын ұйымның жарғысымен танысу барысында аталған ұйымның мөрінде «Халықаралық қоғамдық бірлестік» деп көрсетілгеніне қарамастан, оның «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес құрылған, құрылтайшылары – Төкеев мырза бастаған қазақстандық азаматтар, сол кісінің қол астында хатшы, жүргізуші, әдіскер болып жұмыс істейтін, істеген, тіпті кейбірінің қазақ күресінің саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын он адам екендігін,  ал федерацияның бар-жоғы Астана қаласының әділет департаментінде тіркелген жергілікті қоғамдық бірлестік екенін анықтадық.

Осы тұрғыдан келгенде «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» жергілікті қоғамдық бірлестігі қалайша өзінің мөріне, жарғысының титулдық бетіне «Халықаралық қоғамдық бірлестік» деген атауды жаза алады, оған рұқсат берген федерация тіркеуден өткен Астана қаласының әділет департаменті ме,  оған сол федерация тіркеуден өткен кезде Астана қаласының әділет департаментінде басшылық қызметте болған Серік Төкеевтің туған інісінің ықпалы болуы мүмкін бе? Егер мұндай жағдай орын алған болса, еліміздің кез-келген мемлекеттік органына немесе лауазымдық тұлғасына Қазақстан заңдарын белден басып, өз бетінше әрекет ете беруіне болады ма деген сауалдар туындайтыны рас. Дегенмен, бұл басқа тараптан келетін әңгіме болғандықтан бұған тоқталмай-ақ қоялық.

Сонымен, осыған дейін «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» деп аталатын ұйымның атауындағы қазақ күресі атауының тырнақшаға алынып жүргеніне таңғалып келген республикалық федерацияның басшылығы «Дүниежүзілік» федерацияның атына заты сай еместігін, оған тек жеке тұлғалардың ғана мүше болып кіре алатындығын, бірлестік Заңға сәйкес Қазақстанның тек бір облысының немесе қаласының ғана аумағында әрекет ете алатындығын,  сондықтан да федерацияны қауымдастық нысанында қайта құру, оны ҚР Әділет министрлігінде  тіркеу, оған республикалық қазақ күресі федерациясының мүше болып кіруі қажеттігін «дүниежүзілік» федерацияның басшылығына бірнеше рет ескертіп айтылған болатын.

Өкінішке қарай, «дүниежүзілік» федерацияның басшылығы республикалық федерация басшылығының айтқан сөзін құлаққа ілмек тұрмақ 2015 жылы «Азия континенталдық қазақ күресі федерациясы» қоғамдық бірлестігін құрып, оны Астана қаласының әділет  департаментінде тіркеуден өткізді. Байқап отырғандарыңыздай, бұл Қазақстанда құрылған үшінші «халықаралық» федерация. Бірақ, бәрінің мүшелігі жеке дара, яғни жеке тұлғалар. Ал, ҚР Қазақ күресі федерациясының заңды тұлға екендігін, әлемдік спорттың заңдылығы бойынша халықаралық федерацияға тек ұлттық федерациялар ғана мүше болып кіре алатынын ешкім де ескермеді. Сонда айтыңыздаршы: Қазақстанның Қазақ күресі федерациясы мүше болып кіре алмайтын ол қандай «дүниежүзілік» қазақ күресі федерациясы?

Ал, енді осы «дүниежүзілік» федерация ұйымдастырып келген әлем және Азия чемпионаттарына келетін болсақ, бұл да атан түйеге жүк болатын тақырып. Дегенмен, біз осы аталған чемпионаттардың барлығына дерлік Қазақстанның ресми құрама командасымен қатар бейресми құрама команданың да қатар қатысып келгендігін айтсақ жеткілікті шығар. Төреші, жаттықтырушы, тіпті, көрермен болып келіп, жарысқа қатысып, жүлдегер немесе чемпион атанып кететін, болмаса, бір елдің спортшысы (қазақстандық) басқа бір мемлекеттің (мысалы, Тәжікістанның) атынан сынға түсіп, финалға шыққанда қайтадан өз елінің (Қазақстанның) спортшысы болып шыға келетін спорт түрінен әлем немесе Азия чемпионатын білесіз бе? Білмесеңіз, бұл қазақ күресінен әлем және Азия чемпионаты болатын. Ал, Африка, Еуропа, Америка чемпионаттары туралы айтып қажеті жоқ. «Дүниежүзілік» федерацияның атқарған тірлігі міне осындай. Егер сөзімде қателік болса, «дүниежүзілік» федерация өздері елімізден тыс жерлерде ұйымдастырған әлем, Азия, Африка чемпионаттарын еліміздің қай телеарнасынан көрсетті, көрсетпесе бейненұсқасын халыққа ұсына ала ма екен? Сонда қалың көпшілік қалғанын мен айтпай-ақ аталған чемпионаттарға өз бағасын берер еді.

Ал, енді бұл чемпионаттардың, олардың нәтижесі, берілген атақтар мен қосылған үстемелердің заңды, заңсыздығына баға беретін мен емес. Сондықтан бұл тақырыпты қозғамай-ақ қояйық.

Мен тек республикалық федерацияға басшы болып келген кезден-ақ қазақ күресіне абыройсыздықтан басқа ешнәрсе бермейтін бұл үдеріске тоқтам салуға  тырыстым. Бірақ, «Баяғы жартас бір жартас». Әлі күнге өзгерген ешнәрсе жоқ.

Ол ол ма, былтырдан бері «дүниежүзілік» федерация қазақ күресінің Ашғабадта өткен жабық кешендегі V Азия ойындарының бағдарламасына кіретінін айтып жалпақ әлемге жар салды. Шынын айтайық, бұған басында бәріміз де қуандық. Дегенмен, әу бастағы аптығымызды басып, бажайлап сұрастырып білсек, қазақ күресінің жабық кешендегі V Азия ойындарына кіретіні рас екен. Бірақ… әңгіме сол «бірақ»-та болып тұр. «Бақсам бақа екен» демекші, қазақ күресі бұл Азия ойындарына жеке спорт түрі болып енбеген екен, тек белбеу күресінің құрамында кіріпті. Бұған қазақ күресінің жанашыр жанкүйері Ашғабадта өткен жабық кешендегі V Азия ойындарының   www.ashabat2017.com ресми сайтына, немесе Азия ойындарының иегері Азия Олимпиялық кеңесінің www.ocasia.com ресми сайтына кіріп көз жеткізе алады. Бұл сайттардың ешқайсысында қазақ күресі Азия ойындарының бағдарламасына кірді деген сөз жоқ. Бұл ойынның бағдарламасында өзбектің курашы, түркіменнің көрөші, татардың белбеу күресі, орыстың самбосы, жапонның джиу-джитсуы бар. Бірақ, қазақтың күресі жоқ. Себебі, «дүниежүзілік» федерацияның басшылығы қазақ күресін белбеу күресінің қанжығасына бөктеріп берді. Бұл бұрынғы FILA, қазіргі UWW-Біріккен күрес әлемінің дәстүрлі күрес түрлері комитетінің басшылығына кіретін, өзі  алдымен түбі қырғыздың күресі делінетін алыш-белбеу күресі федерациясын басқарған, кейіннен Халықаралық белбеу күресі федерациясына президенті болған және қырғыз бен қазақ күресін осы федерацияның аясына тарта бастаған Гинтаутас Вилейтаның «саясаты».

Қазақ күресіне келгенде біздің мақсатымыз биік, арманымыз асқақ еді.  Ол мақсат, ол арман қазақ күресін Олимпиада бағдарламасына енгізу болатын. Бұл қалың қазақ жұртының мақсаты мен арманы деп білемін.

Міне, жоғарыдағы жайттардың барлығы бізді қол қусырып қарап отырмауға,  әрекет етуге итермеледі. 2013 жылдан бастап ҚР Қазақ күресі федерациясы мен «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры бірлесе отырып Грузия, Украина, Өзбекстан, Польша, Түркия, Аргентина, Уругвай, Канада және т.б. елдерінде қазақ күресінің ұлттық федерацияларын ашуға мұрындық болды.  Ал, қазақ күресінің Азия ойындары бағдарламасында белбеу күресінің құрамында кіруі бізге жансақтау қимылдарына баруға мәжбүр етті. «Дүниежүзілік» федерацияның басшылығымен қазақ күресін жеке-дара спорт түрі ретінде дамытуға, бірлесе әрекет етуге шақырған бірнеше келіссөздеріміз еш нәтиже бермегеннен кейін, Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясы құрылтайшы, әрі толыққанды мүше болып табылатын «Халықаралық Қазақ күресі федерациясын» құрдық. Бұл федерацияның құрылтайшылары және мүшелері қатарында Қазақстан, Моңғолия, Қытай және жоғарыда аталған мемлекеттермен қатар әлемнің отыздан астам елінің ұлттық федерациялары бар. Біз бұл әрекетімізбен қайткен күнде де қазақ күресін дзюдо, кураш, самбо т.б. сияқты жеке спорт түрі, ұлттық мұрамыз ретінде сақтап қалғымыз келеді және бұл мақсатымызға жету үшін аянбай еңбек етеміз. Айта кететін жайт, осы аталған үш күрестің үшеуі де Біріккен күрес әлемінің ұйымының құрамына кірмей-ақ, тіпті кейбірі кіріп тұрған жерінен шығып кетіп те өз жолын, өз даму бағытын таңдаған күрес түрлері. Қазіргі таңда аталған күрестердің кез келгенінің беделі Біріккен күрес әлемінің құрамына кіріп отырған белбеу күресінен басым болмаса кем емес, қазақ күресіне үлгі бола алатындай-ақ күрес түрлері.

Тасқалиев «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», «Әлем барысы» турнирлерінің керемет жоба екендігін өзі де айтыпты. Бұл жобалардың осы жылдардың ішінде тек Тасқалиевтың ғана емес қалың бұқараның да көңілінен шыққандығын ескере отырып, басқа бірнәрсе қосуды артық деп білеміз. Тек, «коммерциялық жобалар» дегені ғана қисынға келмейді. Себебі, осы жобалардың арқасында қазақ күресі алыс-жақын шетелдерде тікелей эфирден көрсетіліп, оған толыққанды құрама командалар қатысып, төл спортымызды біраз ел танып қалды. Осы жобаларды жүзеге асыру барысында әлемнің жоғарыда аталған біраз елінде қазақ күресінің федерациялары ашылып, жұмыс істей бастады. «Дүниежүзілік «қазақ күресі» федерациясы» он алты жылдан бері істей алмаған шаруаны айналдырған төрт-бес жылда артығымен атқарып жатсақ, ол да осы жобалардың жетістігі деп білген жөн.

Арман Шораев

Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының президенті,

«Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқорлық кеңесінің төрағасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1550
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6172