Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Анық 7047 10 пікір 30 Қараша, 2017 сағат 12:45

Мұхтар Құл-Мұхаммед: ХХ ғасыр басында Алаш арыстары қайраткерлік қабілеттерімен көзге түсті

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздің дарынды жастарын партия қатарына қабылдау кезінде айтты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған салтанатты қабылдау рәсімінде ғылым, білім, өнер, мәдениет, спорт сияқты әр салада еліміздің атын шығарып жүрген жас азаматтарға партиялық билеттері табыс етілді. Олардың қатарында белгілі әншілер: Төреғали Төреәлі мен Ерке Есмахан, ауыр атлетикадан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева, кәсіпқой бокста ел намысын абыроймен қорғап жүрген Жанат Жақиянов сияқты танымал жастар бар.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның толайым табыстары мен бағындырған биіктері Елбасымыздың атымен тығыз байланысты екенін айтып өтті. Сондай-ақ, Мұхтар Құл-Мұхаммед ел тарихына назар аударып, биыл 100 жылдығы аталып өтіліп жатқан Алаш қозғалысы мен қайраткерлері туралы ой өрбітті.

– Жиырмасыншы ғасыр басында патшалық Ресейді мекендеген түркі халықтары ішінде қазақ ұлтының өкілдері білімдарлық, қайраткерлік қабілеттерімен айрықша көзге түсті. Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан Мәскеу мен Петербордағы орыс оқымыстылары мен демократиялық бағыттағы қайраткерлер арасында ерекше беделге ие болды. Орталық Азия тарихында жарияланған тұңғыш демократиялық мемлекеттік құрылым – Түркістан автономиясын да Мұхамеджан Тынышпаев пен Мұстафа Шоқай сияқты Алаш арыстары кезектесе басқарды. Тіпті бұл автономия күшпен таратылып, оның орнына дүниеге келген Түркістан Кеңестік Республикасының басшылығында да Тұрар Рысқұлов пен Нәзір Төреқұлов сияқты қазақ қайраткерлері болды. Үркердей жарқыраған дәл осындай таланттар шоғырын сол кездегі Орта Азияның бірде бір ұлты шығара алған жоқ. Әттең, репрессия зұлматы болмаса Алаш арыстары осыдан бір ғасыр бұрын-ақ қазақ халқын әлемдік өркениет биігіне шығарар еді. Бүгінгі ұрпақ осыны ұмытпауы керек. Қазақтың өткен тарихта кеткен есесін жаңа заманның талантты жастары толықтырады деп сенемін, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036