Жексенбілік мектептердің жай-жапсары талқыланды
Енді еліміздегі Этномәдени орталықтар жанынан тіл үйрететін тегін курстар жұмыс жасайды, деп хабарлайды "Abai.kz" ақпараттық порталы.
Мұндай ауқымды шараны бастамас бұрын аталған сала мамандары Алматыда бас қосып, жиын өткізген болатын. Дәлірек айтсақ, 14-сәуір күні жексенбілік мектептерде қазақ тілімен қатар ана тілдерін оқыту курстарына арналған әдістемелік семинар өткін болатын.
Шараның өтуіне бастамашы болған ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы.
Аталған орталықтың «Әкімшілік-ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Гүлнар Сейілханқызы жиынды салтанатты түрде ашып, семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жиын барысында қазақ және ана тілдерін оқыту курстарын жүйелі өткізу жолдары талқыланып, нәтижелі жұмыстың жоспары жасалды. Мысалы, Тіл мамандарының талқысында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Асанбайқызы «Қазіргі білім беру жүйесінде көптілді полимәдениетті тұлғаны қалыптастыру» тақырыбындағы баяндамасын оқыды.«Этномәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептерде қазақ және ана тілдерін оқытуда интербелсенді әдістерді қолдану» тақырыбында Айнұр Жәлелқызы өз ойын ортаға салды. Оқыту курсы бойынша барлық ана тілдері мен қазақ тіліне күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар 60 академиялық сағат жүктемесіне негізделіп жасалу керектігін ескертіп, оқытушыларды жалпы жұмыс кестесінің есептік табелімен таныстырды.
Семинар соңы ашық пікірталасқа ұласып, мамандар белгіленген межеде мемлекеттік тіл мен этнос тілдерін оқытудың оңтайлы әдісін ойласты.
Бірауыздан деңгейлі курстар ашуды мақұлдап, бастауыш және жалғастырушы топтар күнтізбелік-тақырыптық жоспарлар бойынша кестеге сәйкес сабақ алатын болады.
Ал педогогикалық кеңес үстіміздегі жылдың 19 сәуірінде педагогикалық кеңес өтеді.
Abai.kz