Қазақстан мен Өзбекстан білім саласында әріптес болады
Өзбекстанның жоғары оқу орындары мамандарды Қазақстанның білім мекемелерімен бірге дайындауға әзір. Өзбекстанның жоғары және орта арнайы білім министрі Ином Мажидов қазақ елшісімен кездесуден соң осылай деп мәлімдеді.
Екі мемлекет үлкен сұранысқа ие мұнай химиясы және агроөнеркәсіп салалары үшін маман дайындауға ерекше назар аударып отыр. Жастарды оқытып қана қоймай, профессорлық-ұстаздық құрам арасында байланысты арттыру көзделіп отыр. Қазақстандық жоғары оқу орындары базаларының бірінде технопарк құрылады. Сонымен бірге дипломдарды мойындау механизмі жеңілдетіледі.
"Дипломдарды мойындаудың, стратификациялаудың стандарт шаралары бар. Бұл мәселеде көп қиындық бола қоймас. Қазақстан және Өзбекстан оқу орындарында білім алып жатқандарды жұмыспен қамтуда қиыншылық болмайды", - деп мәлімдеді Ином Маджидов.
Қазірдің өзінде шамамен 20-ға жуық ғылым мекемелері әріптестік туралы келісімдер қабылдады. Жақын уақытта екі елдің жоғары оқу орындарының ақпараттық орталығын ашу көзделген.
"Бұл ретте бірлескен ғылыми жұмыстарға ерекше назар аударылады. Мұнай химиясы, аграрлы секторда Қазақстанның да, Өзбекстанның да тәжірибесі мол", - деді Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ерік Өтембаев.
Abai.kz