Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Білгенге маржан 7118 2 пікір 1 Наурыз, 2018 сағат 08:58

37-жыл. Ақпанның соңғы күндері кімдер атылды?

Былтыр және биыл «үлкен террор» деп аталған қанды саяси қуғын-сүргінге 80 жыл толады. Сонымен қатар, Алаш үкіметінің құруына, Алаш мемлекетінің туының көтеруіне де, Қазан төңкерісі мен кеңес үкіметінің орналастыруына да бір ғасыр толды. Сталиндік қызыл террор Алаш зиялыларын да, кеңес үкіметті орналастырғандарды да аяған жоқ.
Екі-үш жылдың ішінде қазақтан шыққан зиялылар қызыл қырғынға ұшырды,
көбісі атылды, атылмағандары абақтыда, лагерьде темір тордың ар жағында азап тартып дүниеден өтті.

«37-ші жыл» деген сөз саяси қуғын-сүргінді білдіретін қанатты сөзге
айналып кетті. Шынымен, Шәкәрімдей, Жүсіпбек Аймауытовтай Алаш азаматтары одан жеті жыл бұрын атылса да, Жақып Ақбаев абақты мен айдаулардың салдарынан дүниеден озса да, Алаш көсемі ақын Міржақып Дулатов 1935 жылы лагерьде жүріп қайтыс болса да, зиялы қауымның көбісі 1937 жылы атылғандықтан біз бәрін «37-ші жылмен» байланыстырамыз. Кейбіреулері саяси қуғын-сүргіннің бірінші толқыны кезінде ұлтшыл, алашшыл ретінде сотталып, лагерьлерден бостандыққа шығып, айдаудан қайтып келіп, қайтадан қамауға алынды. Сонымен қатар революцияға үлесін қосқан, республиканың басшылығында жүріп коммунистік идеясына бірінші күннен берік болған адамдар да «халық жауларына» айналды. Қысқасы, «байшыл», «ұлтшыл», «пантүрікшіл», «алашшыл», «троцкист», «бухариншыл», «тыңшы (шпион)», «фашист», «халық жауы», «Отан сатқыны» деген сияқты нақақтан жала айып тағылып
қазақтың талай оқығандары, ұлттың мүддесін көздегендері құрбан болды.

1938 жылының ақпан айының 25-і мен 26-і аса қайғылы күндер еді.
Бір күнде халқымыз Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтей ақындарынан, Құдайбереген Жұбановтай тілтанушыдан, Санжар Асфендияровтай дәрігерінен, Темірбек Жүргенев, Сейітқали Меңдешевтей
мемлекеттік қайраткерлерінен айрылды. Жалпы Алматыда 80 жыл бұрын бір күнде 39 зиялы атылды.

Бұдан жарты жыл бұрын Мәскеуде Алаштың Әлиханы мен Нығмет Нұрмақов атылды. Жарты жыл кейін Жаһанша Досмұхаметов та құрбан болды. 1937 жылғы желтоқсан айы Мұхаметхан Сейітқұлов,
Елдес Омаров, Асылбек Сейітовтың атылуымен басталды. Сәкен, Ілияс, Бейімбет үш бәйтерек болса, солардың екеуі сұрапыл ақпанның аяғында бір күнде атылса, үшіншісі кейін олардың тағдырын қайталады. Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Мұхаметжан Тынышпаев, Ораз Жандосов, Ораз Исаев, Ұзақбай Құлымбетов, Тұрар Рысқұлов... сұм ажал, қанды қуғын-сүргін ешкімді аямады.

Бірақ арыстардың аттары, ақындардың шығармалары, ғалымдардың еңбектері тарихтан өшірілмеді. Боздақтардың есімдері ел есінде.

Жақында «Тар заман» фильмін экрандарға шығуын – ұрпақтардың құрбан
болған зиялы ата-бабаларымызға алғыс, тағзым ретінде түсінуге болады.

Асқар Дайырбек

Abai.kz

2 пікір