Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 14341 18 пікір 9 Наурыз, 2018 сағат 13:23

Құрманғазы 1806 жылы емес...1823 жылы дүниеге келген

 

Қазақ  халқының  ұлы күйші – композиторы, дүниежүзілік мәдениеттің аса биік тұлғасы – Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылы туралы күні кешеге дейін әртүрлі пікірлер айтылып келді. Соның салдарынан Атырау (Гурьев) облысында заңғар сазгердің 175 жылдығы 3 рет атап өтілді. Ұлы күйші 1806 жылы туған екен, кейін «1818 жылы дниеге келіпті» деген пікірлер баспасөз беттерінде жазылып, кітаптарға да енді. Атап айтар болсақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты «Атамұра» баспасынан 2000 жылы шығарған көптомдық «Қазақстан тарихының» 3-томында ұлы күйші 1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өткен деп жазылыпты (554-бет). Ал авторы Ж.Қасымбаев болып табылатын 8-сыныпқа арналған «Мектеп» баспасынан 2004, 2012 жылдары шыққан «Қазақстан тарихы» оқулықтарында Құрманғазы Сағырбайұлының туған және қайтыс болған жылдары – 1818-1889 жылдар деп көрсетілген.

Қалың көпшілік оқитын кітаптарда, ақпараттық баспасөз құралдарында Құрманғазының туған, қайтқан жылдарына байланысты осындай қателіктердің болатын себебі, кейбір зерттеушілер мәселенің байыбына терең бойламай, деректерді интернеттен ала салады деуге толық негіз бар. Қазіргі замандағы дереккөзіне айналған ғаламторда ұлы күйшіні 1818 жылы туды деп жүргендерді де солардың қатарына қосуға әбден болады.

Шындығында, ұлы күйші Қ.Сағырбайұлы қай жылы туып, қай жылы дүниеден озған? Өткен XX-ғасырдың 90-жылдарында-ақ ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдары толықтай анықталды. Бұл мәселе төңірегінде тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі Х.Б.Табылдиев және халық «дала академигі»  деп атап кеткен, Құрманғазы аудандық музей қызметкері М.К.Жолжановтың 1999 жылы Алматы қаласындағы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Құрманғазы Сағырбаев» деген еңбектерінде ұлы күйшінің Астрахан қаласындағы мемлекеттік архивтен тапқан деректер негізінде 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болғанын дәлелдеген. Олар Астрахан облысының мемлекеттік архивінен 1882 жылы Астрахан облысына қарасты Краснояр түрмесінде отырған Құрманғазы Сағырбайұлының есімі тұсынан оның ұлтын, сотталу себебін, үкімін, жаза мерзімін, жасын көрсететін дерек тапқан. Сол деректерде Құрманғазы 1882 жылы 59 жаста деп көрсетілген. (1882-59=1823). Олай болса, Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы дүниеге келген. Ұлы күйшінің құлпытасында оның 73 жас өмір сүргені жазылғаны белгілі. Олай болса, 1823+73=1896. Сөйтіп, архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған. Дегенмен, мәселенің нүктесін сол кезде ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына қарасты М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында құрылған арнаулы сараптау комиссиясы қойды. Сол комиссияның шешімі төмендегідей:

«ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған, өлген жылына қатысты сарапшылық комиссияның қорытындысын хабарлайды. Архив деректері мен зерттеушілер М.Жолжанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұқият сараптай отырып, халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған»,- деген қорытындыға келді.

Кезінде бұл шешім «Атырау» газетінің 1996 жылғы 12 қыркүйек күнгі санында жарияланды. Сол 1996 жылы ұлы композитордың қайтыс болуының 100 жылдығына қарай Астрахан облысы Володар ауданындағы Қ.Сағырбаев жерленген жерге биік кесене тұрғызылды. Кесененің ашылуына  ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі қатысты. Осы тұжырымға сай 2013 жылы Атырау қаласында Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 190 жыл толуына арналған 1000 домбырашы қатысқан күй-концерті өткенін қалың жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Бүгінгі күні Құрманғазы Сағырбайұлының 1823 жылы туғандығы туралы деректі ҚР Ұлттық Энциклопедиясының 6 томынан (Алматы, 2004); 2004 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Құрманғазы» атты жинақтан (құрастырушы М.Ізімұлы), авторлары: Ж.Қасымбаев, Т.Омарбеков болып табылатын 8 – сыныпқа арналған 2016 жылы «Мектеп» баспасынан шыққан «Қазақстан тарихы» оқулығынан көруге болады. Біз ұлы күйшінің туған, қайтыс болған жылдарын архивтік деректер негізінде дәл көрсететін басылымдардың жылма-жыл көбейе түсетіндігіне кәміл сенеміз.

Сонымен, қорыта келе айтарымыз - ұлы сазгер Құрманғазы Сағырбайұлы дүниеге 1806 жылы да, 1818 жылы да емес, 1823 жылы келген. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл - мұрағат дерегі негізінде дәлелденген. Сондықтан да ұлы күйшінің туған жылына байланысты басқаша пікір болуға тиісті емес.  Құрманғазының туған және қайтыс болған жылдары туралы  әртүрлі деректер бір ізге түсіріліп, жоғары да көрсетілген мәліметтер негізінде айтылған жөн деп есептейміз. Ал биылғы жылы ұлы күйшінің туғанына 195 жыл толып отыр.

Біздіңше, Құрманғазы Сағырбайұлы сияқты дүниежүзіне танылған талантты тұлғаның 200 жылдық мерейтойын асығыс түрде 12 айда өткізе салу мүмкін емес. Ұлы сазгердің 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында дүниежүзілік көлемде аталып өтуге тиіс. Сірә, бұған ешкім де қарсы болмайтын шығар.

Ол үшін үлкен дайындық керек екендігі өзінен-өзі түсінікті. Атырау жұртшылығы кезінде Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық  мерейтойының биік дәрежеде өткізілгенін әлі ұмыта қойған жоқ. Сондай дайындық, сондай құрмет ұлы музыкант Құрманғазыға да көрсетілгені жөн.

Мінеки, күй дүлділі Құрманғазы Сағырбайұлының туған жылына байланысты дәлелдеріміз бен ұсыныстарымыз осындай. Ендігі үміт қолдарында билігі бар басшыларда.

Амангелді Шамғонов,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау

мемлекеттік университетінің

профессоры, тарихшы-өлкетанушы

Abai.kz

 

18 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373