Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 11010 1 пікір 2 Сәуір, 2018 сағат 10:14

Деген екен...

***
Бауыржан Момышұлына бір жазушы:
– Бауке, Москва маңындағы шайқастар туралы кітап жазып едім, үстінен қарап шықпас па екенсіз. Сонан соң екеуміз соавтор болсақ, – деп тілек білдіріпті.
– Дурак! – депті Баукең шарт шытынап. – Ішінде бір сөйлемім жоқ мен қалайша соавтор болмақпын. Онанда алғы сөз жазып бер демейсің бе?! – деген екен.

***
Әйгілі халық ақыны Жамбыл Жабаевке бірде:
– Жәке, осы аузымен құс тістеген Қалмамбетті жеңдім дейсіз, қалай жеңдіңіз ?! – деп сұрапты біреу.
Сонда Жамбыл:
– Оны мен жеңгенім жоқ, атамыз Қарасай мен Сүйінбайдың аруағы ғой жеңдірген! –деп жауап беріпті. Осы әңгімені естіген Бауыржан Момышұлы тебірене таңданып:
– Қандай терең жауап! Егер маған біреулер: «Ұлы Отан соғысында жауды қалай жеңдіңіздер?» деп сұрақ қойса, Жәкеңе ұқсап: «Жауды біз жеңген жоқпыз, оны жеңдірген ата-бабамыздың аруағы ғой!» деп жауап берер едім! – деген екен.

***
Бірде, Бауыржан Момышұлы пойызбен жол жүріп келе жатып, Еңбек Ері жұлдызын омырауына таққан бір кісімен сапарлас болыпты. Пойыз қозғалып, ұзақ жолға бет алған кезде Баукең:
– Ал, енді таныспаймыз ба, бір үйге тіреу болғандай бой-сойыңыз бар екен, кім боласыз? – депті.
Баукеңнің сөзіне бейтаныс қазақ ыңырана жауап беріп:
– Кім екенімді көрмей отырсың ба, Герой боламын! – дейді.
Бұл жауап Баукеңе ұнамайды да, қатқылдау үнмен:
– Бұл Батыр атағын не үшін алдыңыз? – деп сұрайды.
– Жүз биеден жүз құлын алғаным үшін! – депті бейтаныс қазақ.
Сонда Баукең:
– Айғыр шапты, байтал тапты, оған сенің қандай қатысың бар. Герой атағын саған емес, жүз биеге жүз құлын таптырған айғырға беру керек еді. Текке мақтанып отырсың. Ал, мына мен Москва түбінде – Волокаламск тас жолында қалың жауды жайратсам да, омырауыма бір де медаль таққаным жоқ. Бірақ, халық қойған Батыр атағым бар! – деген екен.
Осы сөзді естігенде, бейтаныс қазақ қорбаңдап орнынан атып тұрып:
– Ах, Баукең екенсіз ғой, ағасы менен бір әбестік кетті, кешіріңіз! – деп, Баукеңнің қолын алған екен дейді.

Ел аузынан жинап алған Ақселеу Сейдімбек

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052