Ауруханалар базарға айналып барады
Қостанай облысындағы перзентханалардың санитарлық-гигиеналық жағдайы кәдімгі шошқа қораның деңгейіне жеткен. Адам өмірін аман алып қалуға асығудың орнына облыс дәрігерлерінің жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті пайдалану фактілері жиі орын алуда. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлім етті.
Айталық, Жітіқара аудандық ауруханасында ай-күні жақын 70 жүкті әйелге қан құрамындағы төмен гемоглобинді көтеру үшін тегін таратылуы тиіс, құрамында темір мен йод бар препараттар мүлде берілмеген. Жағдайы жеткендері өздері сатып алған, ал қалғандары қауіпті жағдайда болса да, босануға бел буған. Ана мен бала өміріне селқос қараған мұндай басбұзар әрекет Рудныйдағы балалар ауруханасында да орын алған.
Қостанай облысындағы перзентханалардың санитарлық-гигиеналық жағдайы кәдімгі шошқа қораның деңгейіне жеткен. Адам өмірін аман алып қалуға асығудың орнына облыс дәрігерлерінің жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмекті пайдалану фактілері жиі орын алуда. Бұл туралы облыстық прокуратура өкілдері мәлім етті.
Айталық, Жітіқара аудандық ауруханасында ай-күні жақын 70 жүкті әйелге қан құрамындағы төмен гемоглобинді көтеру үшін тегін таратылуы тиіс, құрамында темір мен йод бар препараттар мүлде берілмеген. Жағдайы жеткендері өздері сатып алған, ал қалғандары қауіпті жағдайда болса да, босануға бел буған. Ана мен бала өміріне селқос қараған мұндай басбұзар әрекет Рудныйдағы балалар ауруханасында да орын алған.
– Аурухана қызметкерлерінің шектен шыққандығы соншалықты, өлім аузында жатқан жандардың есебінен пайда көруді әдетке айналдырған. Жітіқара орталық ауруханасына соқырішегі жарылып түскен азамат хирургиялық бөлімше қызметкерлерінің айтуымен өз ақшасына жалпы құны 7 мың теңгеден асып жығылатын новокаин, ампицилин, шприц, медициналық спирт сатып алған. Шын мәнісінде, мұның бәрі де емдеу мекемесі беруге тиісті емдік формулярдың ішіне кіреді, тегін қамтамасыз етіледі. Ол аздай, жапа шегуші соқырішекті дұрыс емдемеу салдарынан артынша тағы да қалтасынан үш мың теңге жұмсап, қайта емделуге мәжбүр болған. Қостанай облыстық ауруханасында стационарлық емдеу барысында науқастарды, мемлекет бөлген тегін дәрі-дәрмектер бола тұра, өз қалтасынан ақша шығарып, сатып алуға итермелеген. Тіпті хирургиялық бөлімшеге түскен азаматқа емдеуші дәрігері жалпы сомасы шамамен 50 мың теңгеге түсетін емдік препараттарды сатып алдырған. Сарыкөл аудандық ауруханасында еңбек ететін ақ халаттылар жас босанған келіншекті ана мен бала аптечкасын өз ақшасына сатып алуға мәжбүрлеген. Мұндай сорақылықтарды айтудың өзі ұят, – дейді Қостанай облыстық прокуратурасының өкілі Павел Травкин.
Құзырлы сала мамандары жүргізген тексерістер барысында денсаулық сақтау саласындағы біраз былықтың беті ашылып отыр. «Аңқау елге арамза молда» демекші, аудандық ауруханалардың дені жарамдылық мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен дәрі-дәрмектермен «дем салуды» дәстүрге айналдырған. Әулиекөл аудандық орталық ауруханасының ем-шара кабинетінде әлдеқашан лақтырылуға тиісті антирабикалық вакцина, 4% натрий гидрокарбонат ерітіндісі егіліп келген. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсің» дегендей, жүкті әйелдер босанатын бөлімшеде 1% мезатон ерітіндісі, калий мен магний аспарагинаты, 6000 полиглюкин декстраны секілді дәрілерді бүгін-ертең сәбилі болғалы отырған аналарға ақ халаттылардың қорықпай еккені әшкереленіп отыр. Рудный қалалық балалар ауруханасы мен «Наурызым» аудандық ауруханасы дәрігерлері әріптестерінен қалмай, адам ағзасына аса қауіпті екеніне қарамай, пайдалану мерзімі өткен қан құю құрылғылары, бактерицидтен қорғайтын лейкопластырьларды еш кедергісіз кәделеріне жаратып отырған. Осындай оспадарлықтар туралы прокуратура қызметкерлерінің сауалдарына: «Тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінетін тиісті қаржы жеткіліксіз», – деп жауап берген облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Стельмахты облыс прокурорының орынбасары Болат Бейісов: “Ақша жетпейді деген – жай ғана желеу, бір миллионға жетер-жетпес тұрғыны бар облыстың әрбір төртіншісі жүкті әйел деген күннің өзінде мемлекет қазынасынан бөлінетін қаражаттың аздық етпейтіні анық, сіздер бұлай сырғақтауды қойыңыздар”, – деп түйреп алды. Жалпы, облыс ауруханаларында балалар мен босанатын әйелдерге қатысты жұмыстар мүлде сын көтермейтін деңгейге жеткен. Соның дәлелі, Қостанай ауданы дәрігерлері ҚР денсаулық сақтау министрінің бұйрығын аяқ асты қалдырып, 59 жүкті әйелді түрлі жұқпалы, қауіпті вирустардан тексеруден мүлде өткізбеген. Ең сорақысы, қыруар қаражатқа сатып алынған қымбат медициналық құрылғылар аурухана қоймаларында шаң басуға айналған. Бір ғана «Лисаков» ауруханасында құны 1,3 миллион теңге тұратын “Ломо” волоконды оптикалық бронхоскоп екі жыл бойы іске қосылмай, қаңтарылып тұрғаны анықталды. Тексерушілер мұндай фактілерден көз сүрінетіндігін айтады.– Перзентханалардағы жағдайдан жан түршігеді. Қостанай қалалық перзентханасында санитарлық-гигиеналық тазалық деген атымен жоқ. Құдды, ол әйел босанатын орын емес, кәдімгі шошқа қора секілді. Антисанитарлық талаптарға сай келеді деудің өзі ұят, түрлі инфекцияның өріп жүргеніне бәс тігуге болады, – дейді Қостанай облысының прокуроры Қорған Қамзабаев.
Жасұлан Манап,Қостанай
«Алаш айнасы» газеті 9 маусым 2009 жыл