Сенбі, 23 Қараша 2024
Осы ғой енді... 4902 14 пікір 4 Шілде, 2018 сағат 09:51

«Рухани жаңғыруды» билік өзінше, халық өзінше түсіне ме, Архимед мырза?

Кейінгі кездері тәуелсіздігіміздің іргетасын бекітіп, тұғырын нығайту жолында іргелі істердің тындырылып жатқаны белгілі. Солардың бірі - еліміз көптен күткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы екендігі тағы да даусыз. Бұған Қостанай облысының басшылығы да өз үлесін қосуға бел шеше кіріскелі отырған сыңайлы.  Және анау-мынау ұсақ-түйек емес, айды аспанға шығаратындай, талай жұртты  таң қалдыратындай шаруа таындырып, ел-жұтты елең еткізбек. Мұны Астанада өткен брифингте облыс әкімі Архимед Мұқанбетовтың өзі жайып салды. Ол кісінің айтуына қарағанда биыл осы мақсатқа 4 миллиард 586,5 миллион теңге бөлінбек.

Бұл дегеніңіз былтырғы деңгеймен салыстырған екі еседен астам. Мұның тек 270,5 миллион ғана бюджеттен бөлінбек. Қалған аса ауқымды бөлігі, яғни төрттен үш бөлігі дейтіндей сома қалтасы қалың, өздерін туған жердің патриоттары деп санайтын саналы азаматардың үлесіне тимек. Несі бар, қуанатындай, бөрікті аспанға ататындай жаңалық бұл. Оның үстіне әкіміміздің аса сенімді түрде айтуына қарағанда мұның өзі «кіндік ескен жерге деген айрықша құрметті танытып, тарихи мұралар мен білімді жаңа сатыға көтеруге» бағытталады екен.

Алайда әкіміміз осынау аса көлемді қаражаттың қалай жұмсалатындығын, ол қандай рухани дүниелерді қайта жаңғыртып, елдің еңсесін көтеретін қандай дүниелердің пайда болатындығы жайлы тәптіштеп айтып берген жоқ. Сірә, ең бастысы ақша бар ғой, қалғанын көре жатармыз деген саясатты мықтап ұстанса керек.

Алайда шынымен рухни жаңғыруымызға бастайтын жол ашылып, елдің есінде мәңгі қалатын, өзгелерге сабақ боларлық іс тындырыла қояды дегенге онша сеніміз жоқтығын тағы да жасыра алмаймыз. Баяғыда біреу «Әжептәуір ән еді, пұшық шіркін бүлдірді» дегендей, осы бағдарлама басталмастан-ақ көңілге көп күдік әкелетін берекесіз тіршілікті көріп, көңілсіз ойға тірелдік.

Бір ғана мысал. Жақында облыс орталығында  қаланы көркейтетін, әдемі бір сәнге бөлейді деген мақсатпен осы шаһардың дәл орталығына, яғни облыс әкімдігінің тура қарсы алдына  әп-әдемі, көз қуантатындай вазондар қойылды. Олар нәзік гүлдермен безендірілді. Онысымен қоймай осындағы билік басындағылар «ой, біз бұларды анау-мынау дүниемен емес, тұп-тура мәңгілікке кететін гранитттен жасадық» деп қуаныштары қойнына симай, өздерін де, өзге жұртты да бір серпілтіп қойды. Біз де, «е, несі бар, олар да игілікті іс тындырған шығар» деп бөркімізді асанға аттық.

Тек бір өкініштісі, айналып келгенде әдеттегідей бұл істің де шикілігі байқалып қалды. Түйіндеп айтар болсақ, биліктің бұл жолы да өтірік айтып, жоғары жаққа жаққысы келетін баяғы, ескі ауры қайта қозған сыңайлы. Сөйтсе бас аяғы елуге тарта вазондардың барлығы да таза граниттен емес, жай ғана мәрмәр тастан жасалыпты. Оның қандай айырмашылығы бар дейсіз ғой? Оу, айырмашылығы аспан мен жердей. Біріншіден, мәрмәр тастың ғұмыры ұзақ болмай, сәл қатты нәрсе тисе үгітіліп сала береді. Демек, арада аз уақыт өтпестен, оның әбден мүжіліп, сиықсыз күйге түскендігін байқамай да қаласыз. Ал граниттің аты гранит, оның сапалылығын мекептегі бала да біледі. Мұны тек қала билігі ғана білмейді екен. Әлде біле тұра осылай істей ме? Мәселен, осындағы жергілікті бір басылым осы вазондардың сапасына күмән келтіріп, оның  бір сынығын арнайы зертханадан өткізіп, оның гранит емес, жай ғана мәрмәр тас екендігін қанша дәлелдеп жатса да, билік былқ етпеді. Оны айтасыз, «Жоқ, біз оларды таза граниттен ғана жасадық» деп беттері шімірікпестен ресми түрде жауап беруден жалықпайды. Неге бұлай қасарасып отыр? Мүмкін мәселе мәрмәр тастың граниттен гөрі тым арзандығында шығар? Айталық, мәрмәр тастан жасалған вазоннның біреуін тек 45 мың теңгеге жасасақ, ал граниттің осындай вазонына ең кемінде 300 мың теңгені шығындауға тура келеді. Мүмкін, мәселенің бәрі осында жатқан шығар. Бір жерден арзан дүние алып, оның қағазға, яғни құжатқа бірнеше есе өсіріп жіберіп, «міне біз осынша қыруар қаржыны «Рухани жаңыруға» жұмсап жатырмыз» деп көзбояушылық па қажеттігі. Мұның өзі түптеп келгенде үлкен жауапкершіліке әкеліп соқпай ма? Ал белгілі құзырлы органдар мұны мұқият зерттесе ше? Былық-шылықтың шықпасына кім кепіл?

«Вазондар» дегеніміз осылар

Әңгіме тіпті бей-берекет жұмсалып жатқан ақшада ғана емес. Түсінбейтініміз, осынау жай ғана тасты «Рухан жаңғыру» бағдарласына сәйкес әспеттеп жатырмыз» деп халықты алдау қандай қажеттіліткен туындап отыр? Жай ғана тастан жасалған вазонның рухани жаңғыруға қандай қатысы бар? Мұны бағдарламаны мазақ ету демеске амалымыз жоқ.

Осында көптен бері шешілмей жатқан сал аурумен ауыратын (орысша диагнозы ДЦП) балаларға арналған орталық салу керек деп талай ата-ананың бармаған жері, ашпаған есігі жоқ. Тіпті облыс әкімі де бұған мүлдем қырын қарайды. Ал егер біздегі ақшасы көп азаматарымыз осындай жақсы бір орталық салып берсе ол рухани жаңғыруға жатпай ма? Немесе өзі туып өскен ауылға бүгінгі заманға сай жедел ғаламтор орнатып, балалардың цифрлі Қазақстанның азаматына айналуына ат салысса бұл да берекелі іс болмас па еді? Мұның сыртында талай-талай айтылып та, жазылып та жауыр болған мәселе - облыс орталдығында өз тумамыз, атақты классик жазушымыз Бейімбет Майлинге арнап бір  мұражай аша алмай жүргеніміз сүйекке таңба емес пе? Ал егер жаңағы бір мықты демеушінің арқасында осындай керемет ғимарат бой көтерсе нағыз рухани жаңару болмас па еді.

Әлде, «Рухани жаңғыру» бағдарласын билік өзінше, халық өзінше түсіне ме?

Түсініктеме: Вазондар дегеніміз үйдегі гүл өсіретін вазалардың көшеге қойылатын үлкейтілген түрі. Ол әдетте пластиктен, темірден, керамикадан немес бетоннан жасалады. Соңғысы ұзақ мерзімге шыдайтын, пайдалануға өте қолайлы деп есептелінеді. Байлығы шалқыған қуатты елдердің өздері тек қана біз айтқан материалдарды ғана қолданады. Өзгелерін не қымбат, не жарамсыз санайды. Олар ең алдымен қаржыны ешбір есепсіз, босқа шашпауды ойлайды. Алайда мұндай  қасиет әзірге біздің билікке онша жағымды болмай тұр.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5351