Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 5048 0 пікір 7 Тамыз, 2018 сағат 10:39

ҰҚК Шекара қызметі академиясында жас курсанттарға көрсетілім сабағы өтті

Тақырыбымыздың осылайша аталу себебі бар. Өйткені, бүгінгі әңгмеміз кеше ғана мектепті аяқтап шыққан жас түлек жайлы болмақ. 

Жақында ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының Қара ой елді мекенінде орналасқан далалық оқуды қамтамасыз ету басқармасында 260-тан астам жас курсанттарға  арналған көрсетілім сабағы өтті.

Бірінші кезекте арнайы машықтандырылған қызмет аттарымен мемлекеттік шекара белдеулерін күзету кезіндегі білуге қажетті қозғалыс түрлерін көрсетті. Олардың назарларына ат үстіндегі желіс, баяу шабыс, сондай-ақ солға және оңға қозғалыстары көрсетілді.

Одан әрі төрт аттылының біріккен қозғалысы кезіндегі түрлі әдістерімен қатар бағыттарын өзгерту, диагональ бойымен шауып оңға, солға бұрылу мен артқа айналып, кері жүру әдістері де көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, аттылы шекарашының түрлі биіктіктегі тосқауылдарды шауып келе жатқан бойда секіру арқылы алыстату тәсілдері мен ат үстінде саптық пәрмендерді орындау амалдарын да көрермендер жақыннан тамашалады.

Әрі қарай, ҰҚК Шекара қызметі кинологиялық орталығының мамандары түрлі бағытта үйретілген қызмет иттерін пайдаланудың амал-тәсілдерін шеберлікпен көрсетті. Ортаға мемлекеттік шекара күзетіндегі шекара сақшылары үшін қызметті сапалы ұйымдастыруға көбіне пайдаланылатын неміс овчаркасы, бельгиялық овчарка,  орыстың аңшылық иті және шығыс-еуропалық овчаркасы шығарылды. Қызмет иттерінің тұқымдарына қарай түрлі бағытта пайдаланатындығын түсіндіре келіп, олардың жауынгерлік тапсырмаларды орындауын іс жүзінде көрсетті. Адамның тілін қалтқысыз «түсінетін» овчаркалар иесінің бірнеше метр қашықтықта тұрып, берген пәрмендерін бұлжытпай орындап, көрермендерді тәнті етті. Берілген бұйрықты қалт жібермей орындауға машықтандырылған шекарашы иттер қол жүктеріне жасырылған есірткі заттарын анықтауда және көліктердегі жарылғыш заттарды табуда мүдірген жоқ.

Содан кейін ортаға патриоттық рухқа толы жігерлі әннің үнімен «Боран» десанттық-шабуылдаушы тобының жеке құрамы шықты. Көрсетілім алаңы қарудың даусымен дүрсіл қағып, жер бетін түтін жапты. Ортаға шыққан арнайы жасақтың жеке құрамы шекарашы курсанттарға  мемлекеттік шекараны бұзушымен бетпе-бет кездескен жағдайдағы қарумен және қарусыз қақтығысқа түсу тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар, лаңкестерді құрықтау кезіндегі суық қаруды қолдану мен қоян-қолтық ұрысты пайдаланудың амалдарын шебер орындап шықты.

Көрсетілім сабағынан кейін соны әсерге бөленген курсанттардың жанарларынан ұшқын көрдік. Мұны біз болашақ шекарашы офицерлердің қатарын көбейтуге өз еркімен ниет білдіріп таңдаған мамандықтары үшін еш өкінбейтіндіктерінің белгісі деп түсіндік.

Аппақ армандарын арқалап, киелі ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясына оқуға түсіп, одан әрі  шекарашы мамандығының қыр-сырын меңгеремін, оқимын кәнігі кәсіби шекарашы офицер атанамын деп тілек білдіріп келген барлық шекарашыларға ақ жол тілейміз. Шекарашы офицер деген қасиетті атаққа тек қана жігіттің жігіті ғана қолы жеткізетінін білеміз. Сондықтан да, бүгінгі жолы болып шекарашы киімін киген курсанттар оқу барысында қайраттылық танытып, әскери саланың қиыншылығына мойымай өзіне жүктелген жауапты міндетті абыройлы атқарса болғаны.

Бекнұр Асылханов, жас курсант:

-Бала кезімнен әскери қызметші болуды армандадым. Мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық пәніне ерекше көңіл бөлетінмін. Сондағы ойым әскери сабақты жақсы меңгеріп алсам бір кәдеме жарар дегенім ғой. Міне,ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясына оқуға тапсыру үшін осында келдім. Алайда, шекарашы атану мен үшін оңай болмады. Нормативтерді ойдағыдай тапсыру үшін барымды салдым. Айналама қарасам өзім сияқты қазақтың қара домалақ балалары, бұлардан қай жерім кем дегендей намысқа тырысып бақтым. Оның үстіне, ұлттық бірыңғай тесттен жоғары бал жинаған едім. Жаман болған жоқ. Нәтижесінде академия курсанты атандым. 

Мұнда әсіресе маған ұнағаны тауға өрмелеу үшін жасалған құрылғылар. Оны қалай пайдалану керек екенін туралы алдағы уақытта сабақ өткізіледі екен. Сонымен қатар, қызмет барысында пайдаланылатын байланыс құрылғылар да менің көңілімнен шықты. Олармен жұмыс жасау маған бала кезімнен ұнайтын. Қысқасы бүгінгі көрсетілім сабағынан тамаша әсер алдым. Мамандығым шекарашы офицер болғаннан соң шекарашылардың әскери қызметті ұйымдастыруынан толықтай хабардар болуым керек.    

Ербосын Диханбай, жас курсант:

-Мен Алматы облысы Райымбек ауданы Текес ауылында туылдым. Өздеріңіз білесіздер, біз жақта қазақ-қытай шекарасы орналасқандықтан мен туып өскен өңір шекаралық аймақ болып саналады. Сондықтан болар жоғары сыныпта оқып жүргенімде ауылдағы мектебімізге шекарашылар келіп ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясына оқуға түсу жөнінде үгіт-насихат жүргізді. Содан кейін, интернет көздерінен аталмыш оқу орны туралы қарап, іздей бастадым. Ютуб желісінен көрген аталмыш оқу ордасы жайлы бейнебаяндағы әскери оқу мен әскери тәртіп туралы мәлімет маған ерекше оң әсерін қалдырды. Содан кейін, іштей шекарашы офицер болуға бел будым. Көп тілеуі көл дегендей, жолып болып оқуға түсіп, Шекара қызметі академиясының курсанты атандым.  Ал бүгінгі көрсетілім сабағынан ойыма түйгенім көп болды. Ат құлағында ойнау, итпен жұмыс жасау, шекара бұзушысын құрықтаудағы амал-тәсілдерді білу – шекарашылардың міндеті деп түсінемін. Сондықтан, әскери қызметте кездесетін барлық қиындықтарға әзірмін деп толықтай айта аламын.

Жанат Жабырбеков,

ҚРҰҚК Шекара қызметі академиясының

баспасөз хатшысы

Abai.kz

0 пікір