Сенбі, 23 Қараша 2024
Алаң 3703 1 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 14:24

Соңғы 5 жылда үкіметтің қарызы 5,8 есеге өскен

Қазақстанның мемлекеттік борышы 14,2 триллион теңге немесе ЖІӨ-нің 24,8 процентін құрап отыр. Сенат депутаты Әли Бектаев мемлекеттік қарыздың жыл сайын өсіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Ал Сенаторлардың алдында есеп берген ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев болды.


- Мен мына мәселеге көңіл бөлгім келеді. Займ деген қарыз ғой, солай емес пе?! Қарызды қайтатын жерге, яғни өндіріске, бизнеске, тағы басқа салаларға салу керек. Түрлі халықаралық қаржы институттарынан қаншама қарыз алып, оны білім, медицина, жұмыспен қамту салаларына салу дегенді өз басым түсінбеймін. Сіздер экономистсіздер ғой, маған соны түсіндіріңіздерші. Неге біз қарызды қайтпайтын салаға саламыз? Сол білім саласына да, денсаулық саласына да өзіміздің бюджетте ақша қарастырылған. Мұғалімдерді даярлау, оқыту, мектептерге тиісті материалдық жағдай жасау, мультимедиялық кабинеттер алып беру, медициналық сақтандыруды түсіндіру – мұның барлығы біздің мемлекеттік органдардың тікелей міндеті.

Республикалық бюджеттің бүкіл шығысы осындай нәрселерден құралады, соларға қаржы қараймыз. Бірақ біз шетелден, болмаса халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыз аламыз да, сөйтіп оны қайтпайтын салаға саламыз. Мен осыны түсінбеймін. Қаржыгерлер, маған түсіндіріп беріңіздерші.

Руслан Бақытжанұлы, сіз өз сөзіңізде мемлекеттік борыштың қауіпсіз деңгейде сақталып отырғанын бірнеше мәрте атап өттіңіз. Мемлекеттік қарызды қалай азайту керектігін емес, оны қауіпсіз деңгейде сақтау туралы әңгіме айтып отырсыз. Біздің қаржы органдарының лексиконы қалай өзгеріп жатқанын түсініп отырсыз ба? Соңғы 5 жылда үкіметтің қарызы 5,8 есеге өскен. Бүгінде мемлекеттік қарыздың жалпы көлемі ЖІӨ-нің 50 процентіне жуықтады. ЖІӨ-нің 50 проценті деген Қазақстанның бар тапқан табысының тең жартысы. Түсінесіз бе?

Біз бюджеттік заңнама аясында осы шекті деңгейді өз қолымызбен көтеріп отырмыз. Үкімет өз қаулысымен көбейтіп отыр, сол арқылы шекті деңгейден асқан жоқпыз деп өзімізді жұбатамыз. Қалай сонда? Мемлекетіміздің экономикалық тұрақтылығына неге сонша немқұрайлы қараймыз? Мен осыны түсінбеймін

Квазисектордың сыртқы қарызының шекті көлемін 2018 жылы 7 триллион теңге деп бекіттіңіздер. Бұл қандай процент сонда, неден олай бекітіліп отыр? 7 триллион деген ештеңе білдірмейді. Сіз өз сөзіңізде ЕАЭО елдері үшін шекті деңгей 50 процент деп айтып өттіңіз. Ал бүгінде басқа елдерде мұның деңгейі қандай? Мәселен, Өзбекстанда, Ресейде. Неге басқа елдермен салыстырмайсыздар? Өзімізді жұбататын ақпараттар тауып отыра береміз.

Әли Бектаев, Сенат депутаты

Сенат отырысында сөйлеген сөзінен үзінді

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534