Қазақстанда тұратын диаспоралар мен этникалық топтар қазақша сөйлесуі керек
Біздің болашақтағы ұлттық саясатымыздың концепциясы мынандай болуы керек: Қазақстанда бәленбай ұлт тұрады деп қақсай бергенді қойып, «Қазақстанда бір-ақ ұлт, қазақ халқы ғана тұрады. Қалғандары – әртүрлі уақытта осында келіп тұрақтап қалған диаспоралар мен этникалық топтар ғана» деп шегелеп тұрып айтып, ұлтты ұйыстыра түсетін саясат ұстана бастауымыз керек.
Ұлт (нация) дегеніміз не? Қазақстанда тұратын қазағы болсын, орысы болсын, кәрісі болсын - бәрі бір ұлт, бір халық. Және ол ұлт өзара шет тілінде (орысша) емес, мемлекеттік тілде – қазақша сөйлесуі керек. Мемлекетшілдік деп осыны айтады.
Қазір біз Қазақстанда тұратын әр диаспораны бір-бір ұлт деп бөліп қарап, қазақты ешқандай хұқықтық артықшылығы жоқ, сол көп диаспораның бірі секілді етіп қойдық. Мысалы, татар халқы – Татарстанда тұрады. Қазақстандағыларын диаспора дейміз. Бір халық қатарынан екі мемлекетте өмір сүре алмайды ешқашан.
Қазақстан сосын қаншама халық тұратын федерация не құрама штат емес, қазақ дейтін бір-ақ ұлт тұратын унитарлы (біртұтас) мемлекет. Қалғанының бәрі осы қазақ ұлтының аясына топтасып, ұлттық бірыңғайлыққа ұмтыла бастауы тиіс.
Өз ішіміздегі осы мәселені реттеп алғанда ғана бізде нағыз ұлттық өрлеу (возрождение) басталады, достар!
Жолымбет Мәкіштің facebook парақшасынан
Abai.kz