Алматыда бірқатар жер телімдері мемлекеттік қорға қайтарылады
Алматыдағы жер қорын тиімді пайдалану туралы мәселе әкімдік алқасы мен қала прокуратурасының бірлескен жиынында талқыланды.
«Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында жер мәселесіне ерекше назар аударылып, «жер қатынастары саласына тексеру жүргізіп, істі ретке келтіріп, жерді нақтылы инвесторларға беру қажет» делінген. Қазірдің өзінде Алматыда игерілмеген 2,4 мың жер телімінің бар екені анықталды, оның 27%-ы айналымда, 47%-ы 10 есе салық салу үшін мемлекеттік кіріс Департаментіне жіберілді, үш учаске ерікті түрде мемлекет пайдасына қайтарылды. Осы орайда қала прокуратурасы үлкен іс тындырды және Президент берген тапсырма аясында бұл жұмыс әрі жалғасатын болады», - деп атап өтті Алматы әкімі Бауыржан Байбек.
Мысалы, уақытша пайдалану мерзімі біткен жалға берліген жерлерге тексеру жүргізу басталды. Бүгінгі күні прокурорлар жал ақысын төлемей пайдаланылып келген 34 жер телімін анықтады. Бұл жерлер мемлекеттік қорға қатарылатын болады.
Алқа отырысында қала прокуроры Берік Жүйріктаев соңғы екі жыл ішінде мегаполистің инфрақұрылымын дамыту және жол айрықтары мен жолдар салу мақсатында 300-дғен астам жер телімдерінің қайтарылғанын хабарлады. Жүргізілген тексеру барысында құжаттардың қолдан жасалғандығы, жер бағасының негізссіз көтерілгені анықталды. Осындай заңсыз іс-әрекеттердің салдарынан мемлекетке келген шығын 2,5 млрд. теңгені құраған, прокуратура жүргізген шаралар арқасында 1,5 млрд. теңге шығынның орны толған.
«Бұл салада түрлі құйтырқылар жасалады. Обьектінің әрбір иесі компенсация бағасын көтерудің түрлі жолдарын іздестіреді. Олар үшін ең қолайлысы жалған құжаттар мен бағаны көтеру. Қылмыскерлер барлық құжаттарды – жергілікті органдардың шешімдерін, техпаспортты, нысанды іске қосу актісін қолдан жасайды. Біз жалған құжаттардың 14 фактісін анықтадық, бұлардан келетін шығын 2 млрд. теңгені құрайды. Бұларға қатысты қылмысты іс қозғалды, шығынның орнын толтыру шаралары жүзеге асуда, - деді Берік Жүйріктаев.
Ол өзінің сөзінде қазіргі кезде прокуратура тарапынан бағалаушылардың берген қорытындысына салыстырмалы сараптама жүргізілгенін және келеңсіз фактілердің анықталғанын айтты. Құжаттарды қайта тексеру кезінде істі сотта қарауға басымдық беріледі. Бүгінгі күні сотта қаралған 5 объектінің алғашқы құны 500 млн. теңгеге төмендеген. Қарсылық білдірілген 12 іс қаралуда, олардың бағасы 300 млн. теңгегег төмендйді деп күтілуде.
Қалалық прокуратураның мәліметі бойынша жалға беру мерзімі өтіп кеткен жерлерге қатысты келеңсіз фактілерге орын берілген. Соңғы 10 жыл ішінде уақытша пайдалануға жалпы көлемі 3,7 мың гектар болатын 18 мың жер телімі берілген, оның ішінде облысқа тиесілі жерлер де бар. Адамдар жалға беру мерзімі өтіп кетсе де жерді пайдалнып келген әрі оны ұзартуға еш әрекет етпеген. Соның салдарынан бюджетке жал ақысы ретінде ешқандай қаржы түспеген.
Жалпы, прокурорлық қадағалау актісі бойынша қазіргі кезде Алматыда игерілмеген жер телімдеріне 10 дүркін салық салу жұмыстары қолға алынған.
«Мысалы, көппәтерлі үй салынуы тиіс 43,9 га жер учаскесіне 10 дүркін салық салынса, оның көлемі 120 млн. теңгені құрайтын болады», - деді қадағалаушы органдағылар.
Abai.kz