Сенбі, 23 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 3344 13 пікір 14 Қараша, 2018 сағат 15:40

Жансейіт Түймебаев көшбасшы жастармен кездесті

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев еліміздің көшбасшы жастарымен бейресми кездесу өткізді. Басқосуда Түркістан өңіріндегі жастардың жеткен жетістіктері мен шешуді қажет ететін түйіткілдер әңгіме арқауына айналды.

Жиын барысында аймақ басшысы жалынды жастарды түркі әлемінің рухани астанасы атанған өңірдің өркендеуіне үлес қосуға шақырды.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Мұны облыс халқының жастары ерекше ықыласпен қабылдады. Қазіргі таңда Жастар жылын өткізу жөніндегі ел Үкіметі жол картасын әзірлеуде. Бұл жобаға Түркістан қаласында өтетін ірі көлемді халықаралық іс-шаралар енгізілуде. Мәселен, келер жылы Орта Азия елдері жастарының Форумы, түркі тілдес мемлекеттердің жастарының конгресі ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, облыстағы әр ауданның белсенді жастары ай сайын «Түркістанға тарту» атты шығармашылық шаралар өткізілмек. Баршаңызды осы сынды игілікті істің қасында болып, Түркістанымызды дамытуға шақырамын», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Жастар жағы Түркістан өңірінде өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатқаны көңіл қуантатынын жеткізді. Өз кезегінде «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, Дүниежүзілік Тоғыз құмалақ Федерациясы спортшыларының жетекшісі, Тоғыз құмалақтан әлемнің 7 дүркін чемпионы Әсел Далиева, өзі жеткен жетістіктерін өңіріміздегі жастарға көрсетілген қолдаумен байланыстырады.

«Қазіргі таңда өңіріміздің жастары түрлі салалардағы байқаулар мен сайыстарда биік белестерді бағындырып жүр. Бұл ретте, жастарға жасалып жатқан қолдаудың маңызы орасан зор. Бүгінде жатықтырушының да қызметін қоса атқарудамын. Мұның барлығы Сіздің біздерге деген сеніміңіз, жас спортшылардың бойына артылған үлкен үміт. Облыс орталығының Түркістан қаласына ауысуы тоғыз құмалақ спорт түрінің одан ары жандануына мүмкіндік беретінін айтқым келеді. Яғни, жаңа ғимараттар мен спорт алаңшаларының салынуы жас спортшылардың жаңа қырынан көрінуіне есік ашатыны сөзсіз. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып облысымыздың тек алдыңғы қатардан көрінуіне үлес қосатынымызға сенім білдіргім келеді», – деді Әсел Егізбайқызы.

Айта кетейік, 3 күнге жалғасатын форум «Терең тарихтан – жарқын болашаққа!» атты республикалық пікір-сайыс турнирімен бастау алды. Салтанатты жиынға облыс әкімі Ж.Түймебаев арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Дебат ойынында қатысушылар елдегі жастар саясаты мен түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан қаласын дамытуға байланысты келелі мәселелерін ортаға салды. Сайысқа республиканың барлық аймақтарынан 2 адамнан құрылған 75 команда қатысты.

Сондай-ақ, форум қатысушылары Түркістан қаласындағы «Қожа Ахмет Ясауи» кесенесі, Сауран қалашығы және Отырар ауданындағы «Арыстан баб» кесенесі, «Руханият Әбу-Насыр Әл-Фараби» мұражайы, «Көне Отырар төбе» қалашығын аралап, тарихымен танысты. Сондай-ақ, форум аясында жастарға арналған «IntellectGAME» зияткерлік ойындары және халықаралық «Жайдарман» сайысы өтеді. Оған Қырғыстан, Өзбекстан, Башқұрстан, Татарстан, Түркіменстан, Түркия Республикаларының құрама командалары және еліміздің әзілкештері қатысады деп күтілуде.

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534