Дүйсенбі, 16 Қыркүйек 2024
Ел іші... 3545 9 пікір 20 Қараша, 2018 сағат 10:58

Әділдіктің алаңынан алшақтауға болмас

Бүгінгі таңда Елбасымыздың салиқалы саясаты мен алға қойған бағдарын негізге ала отырып, экономикамыздың бар саласы өзіндік жаңғыру үрдісін басынан өткеруде. Яғни, дамыған елде заман талаптарына сай келетін өзгерістердің орын алуы - бұлжымас шарт. Осы орайда ағымдағы жылы еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым болып табылатын Кәсіподақтар федерациясында да біршама жаңартулар жүзеге асырылды.

Атап айтқанда, ҚР Кәсіподақтар федерациясы бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тікелей байланыс орнатуды басты назарға алды. Себебі, бастауыш кәсіподақ ұйымдары еңбек адамының әлеуметтік мәселелері мен қажеттіліктерінің барлық тұсын шоғырландырады. Сонымен қатар, өңірлердегі жұмыстар өзектендірілді және осы жылдың басынан Қостанай, Астана, Шымкент, Павлодар, Тараз қалаларында, Алакөл курорт аймағында, Меркіде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының форумдары өткізілді.

Бүгінде басты ұраны «тұрақты кәсіпорын - тұрақты қоғам - тұрақты ел!» болып табылатын Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ақпараттық кеңістікте жаңа қырынан көріне бастады. Яғни, кәсіподақтар қызметінде ашықтық қағидасы басымдыққа алынуда. Қазіргі таңда Федерация тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар барысы мен іс-шаралар туралы республикамыздың барлық өңірлеріндегі бұқаралық ақпарат құралдарынан танысуға болады. Сонымен қатар, еңбек саласына қатысты қандай да бір мәселе туындаған жағдайда еңбеккерлер Федерация сайты немесе әлеуметтік желі арқылы көмек сұрауға, еңбек құқығы мен мүддесінің қорғалуын талап етуге мүмкіндік алды.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясы алдағы жылдарға маңызды міндеттерді айқындады, соның ішінде өндірістерде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, жұмысшыны әлеуметтік қорғау саласын жаңғырту және жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы медиация мәселесін жаңа сапалы деңгейге шығару сынды мәселелерге назар аударуды күшейту қолға алынуда. Бұл орайда еңбек жастары үшін білім алуды, біліктілік пен құзыреттілікті максималды түрде қолжетімді ету басты міндеттердің бірі саналады. Алдағы бес жылда ҚРКФ алдында тұрған тағы бір міндет - еңбек нарығының талаптарына сай кадрларды қайта дайындау және қайта біліктілікті арттыру мәселелері.

Осы қадамдардың барлығы заман талабына сай атқарылып жатқан іс-шаралар деуге болады. Себебі, уақыт бір орнында тұрмайтындығы хақ. Дегенмен, қазақта мынандай бір жақсы айтылған мәтел бар. «Бір қарын майды, бір құмалақ шірітеді» демекші, жаңғыру мақсатында қолға алынып отырған аталмыш бастамалар Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының тарапынан қолдау таппады. Басты міндеті - Еңбек адамының мұң-мұқтажын қорғау болып табылатын кәсіподақтарда осындай түсінбеушіліктердің болуына не себеп? Өзара келіспеушіліктер салдарынан жұмысшылар екі оттың арасында қалып қоймайды ма? Бірқатар сауалдар туындауда. «Тең тартқан таразы - алтын» демекші, бұл мәселені жіті зерделеп көрген жөн.

Бүгінде еліміздегі денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподақ қозғалысына 95 жыл толуда. 1990 жылдан бері аталмыш салалық кәсіподақтың тізгінін өз қолына алып отырған кәсіподақ төрайымы Мереке Сағымбайқызының өзі де бүгінде 73 жасты алқымдап қалған екен және өзінің орнында табжылмай 33 жыл жұмыс істепті. Мереке Сағымбайқызы бір сұхбатында «қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты, бірлікті, бейбіт пен келісімді әрқашан басты орынға қоятындарын» жеткізген болатын. Бұл орайда ҚР Кәсіподақтар федерациясының қазіргі атқарып жатқан жұмыстары ашықтық пен жасампаздық қағидалары негізінде жүзеге асырылатынына жіті назар аудару қажет. Жастарды кәсіподақ қатарына тартып қана қоймай, білікті де тың идеяларға толы жас көшбасшыларды басшылыққа тағайындау - бос дүние емес, заман талабы, уақыт ағымы. Бұл мәселені біреу түсінеді, ал біреу үшін «даудың басты Дайрабайдың көк сиыры» болып қала береді. Дегенмен де, Елбасымыз алға тартқан бағыт-бағдардың негізінде - жастар тұрғаны ақиқат. «Жас болса, іске» демекші, күш-қуаты басым, қызықты да тың ойлы, заманауи көзқарасқа ие жастар еліміздегі кәсіподақтар қозғалысын дамытады, көркейтеді.

2018 жылғы 1 қаңтардағы есеп бойынша салалық кәсіподақ құрамында 311080 кәсіподақ мүшесі бар. Бұл орайда салалық кәсіподақ мүшелерінен кәсіподақ қазынасына жылына бір жарым миллиард теңгеден аса жарна түседі-міс. Ауқымды сома екендігі айдан анық. Дегенмен, бұл - күндіз-түні кезекшілік атқарып, адам жаны үшін арпалысып жүрген қарапайым дәрігерлер мен медбикелердің еңбегінің бір бөлігі екендігін ұмытпаған жөн. Ал ұзын құлақтан естуіміз бойынша аталмыш жарнаның белгілі бір бөлігі криптовалютаға салып жіберілді-міс. Сонымен қатар, салалық кәсіподақ басшылығының тарапынан қызметкерлерге Toyota Land Cruiser 200 сынды машиналар беріледі-міс. Осы тұста кез-келген адамда заңды бір сауал туындауы мүмкін. Кәсіподақтар федерациясы ашықтыққа бет бұрған шақта Мереке Сағымбайқызы оның құрамынан шығуға неге асықты екен?!

Медицина саласы - еліміздегі өте күрделі салалардың бірі болып табылады. Бұл салада еңбек ететін мамандардың жұмысы да қиын, жұмыс істеу шарттары да күрделіліктерге толы. Мереке Сағымбайқызы осыдан 12 жыл бұрын Үкімет пен Парламентке медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселелерін қозғапты. Содан бергі уақытта еліміздегі медицина саласының мамандарының әл-ақуалы қандай да бір ірі өзгерістерге тап болды ма? Халықтың денсаулығын сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген қарапайым дәрігерлердің мұң-мұқтажы қажетті деңгейде жеткізіліп отыр ма?

Осы жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясының қолдауымен құрылған «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағы бүгінде осы бағыттарда жан-жақты жұмыс жүргізуде. Аз уақыт ішінде 150 мыңнан аса кәсіподақ мүшесімен толыққан «SENIM»-ге республикамыздың бар өңіріндегі ақ халатты абзал жандар өз сенімдерін білдіруде. Осындай сенімнің басты негізі - салалық кәсіподақтың төрағасы 5 жыл ғана сайланып, қайта сайлану құқығына ие болмайды. Бүгінде «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Сапарбек Дүйсенов медицина саласында біраз жыл еңбек атқарған білікті басшы, білгір көшбасшы ретінде өзін көрсете білді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, кәсіподақ - қарапайым еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғау жолында аянбай еңбек ететін қоғамдық ұйым болып табылады. Қазіргі таңда ҚР Кәсіподақтар федерациясының қолданып жатқан іс-шараларының арқасында ел арасында «кәсіподақтар» ұғымы жаңа серпінге ие болуда. Осы қарқын бәсеңдеп қалмауы үшін бірлік пен күш-қайрат қажет. Әділдіктің басты таразысы - халық екендігін ұмытпаған жөн.

Ерғали Берікұлы

Abai.kz

9 пікір