Өткен жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, өңірде 40-тан аса мәдени шаралар өтті
Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында халқымыздың ұлттық ерекшеліктеріне тоқталған. Онда «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі, «Ұлы жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты тақырыптармен тарқатады.
Бұл мақала Елбасының «Рухани жаңғыру» ұлт жоспарының дәстүрлі жалғасы іспетті. Өйткені Мемлекет басшысы мақала аясында "Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты. Сонымен қатар жаңа облыс орталығы ретінде Түркістанды дамыту барысында оның халықаралық аренадағы беделін жүйелі түрде арттыру қажет. Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады» дейді.
Осыған орай Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-і доценті Ляззат Динашева Түркістанның тек қазақ халқы емес, күллі түркінің түп қазығы екендігіне тоқталды.
«Тұран, Яссы, Түркістан. Бұл ұғымдар қашанда күллі түркі халықтары үшін ұлық болып келген. Қазақ жұрты үшін тіпті ерекше. Ұлттың тағдырына қатысты шешімдер осы қалада қабылданып, төрткүл даламызға тарқады. Бүгінде қазақтың тарихи қайраткерлері мәңгілік мекен тапқан қасиетті орын. Өткен жылы «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» атанып, өңірде 40-тан аса мәдени шаралар өтті. Түркі халықтары бас қосқан бірнеше форум, ғылыми жиындар өтті. Мәселен, күні кеше ғана Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өтіп, Түркістанда халықаралық түркі академиясының ғылыми орталығы ашылатын болды», - деді Ляззат Сәрсенбекқызы.
Abai.kz