Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы туризм орталығына айналады
Елбасы Н.Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында көне шаһарлар мен тарихи орындарға ерекше мән беру қажеттігін айтқан болатын.
Осы мақаланы негізге ала отырып, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Түркістан облысындағы Отырар ауданына арнайы жұмыс сапарымен барған болатын. Ол осында тұрғызылатын «Отырар қала жұртының сапар-орталығына» «аманат хат» капсуласын салу рәсіміне қатысты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған салтанатты жиында министр сөз сөйлеп, тарихи сәттің маңыздылығына тоқталды.
"Біздің мақсатымыз - Елбасы тапсырмасын бұлжытпай орындап, тарихымыз бен мәдениетімізді әлемге паш ету. Бүгінгі шарамыз Ұлы Жібек жолы бойында жатқан тарихи өлкені шетелдіктерге танытудың басы болмақ",-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде аудан әкімі Ерлан Айтаханов министрді Арыстанбаб кесенесі мен Отырар төбені жалғап тұрған 17 гектар жерде салынатын нысандардың жобаларымен таныстырып шықты. Мұнда сапар орталығынан бөлек әртүрлі нысандар бой көтермек. Этно орталық, жоғары дәрежелі 60 орындық қонақ үй, демалыс орындары салынады. Бұл нысандардың құрылысына бюджетпен қатар жеке инвесторлардың да қаржысы тартылмақ. Осы нысандар пайдалануға берілгенде туристердің Отырар тарихымен толық танысуына мүмкіндіктері болады.
Мұнан соң министр Отырар төбедегі қазба жұмыстарымен танысып, қайта жаңғырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейін көрді. Сондай-ақ жергілікті және "Ұлы Дала Еліне саяхат" экспедициясының журналистеріне арнап сұхбат берді.
Abai.kz