Түркістандағы агроколледжі - агросекторға білікті кадр дайындайтын бірегей цех
Тассай тұрғын алабында орналасқан Түркістан жоғары аграрлық колледжінде заман талабына сай оқу-өндірістік база жұмыс істеп тұр. Студенттер дуальды оқыту жүйесі негізінде осында теория мен практиканы ұштастырып білімін шыңдай түсуде.
Заман талабына сай жабдықталып, жас ұрпаққа кәсіптік білім беріп келе жатқан оқу ордасына Түркістан облысына іссапармен келген Білім және ғылым министрлігінің өкілдері арнайы ат басын бұрып, колледж ұжымының жетістіктерімен танысты.
Сапар барысында Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова, БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ғалия Дәулетова, БҒМ «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ-ның БАҚ және халықпен жұмыс жүргізу бойынша департамент директоры Эльдар Түлеков білім алушылардың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында жабдықталған «Рухани жаңғыру» көрмесімен, «Start-APP» бизнес-инкубаторымен танысып, колледждің коворкинг орталығында белсенді жастармен кездесті.
«IT құзыреттілік міндетті түрде барлық мамандыққа ену керек. Бұл – ең бірінші оқу бағдарламаларының мазмұнына кіретін дүние. Былтыр мамандықтардың қатарына «ақпараттық қауіпсіздік» деген мамандықты енгіздік. Біз осы жүйемен кәсіптік және техникалық бағытта кадр дайындаймыз. Сондықтан мұғалімдердің біліктілігін арттыратын оқулық бағдарламаларының мазмұнына IT құзыреттілікті енгізіп отырмыз», дейді БҒМ техникалық және кәсіптік білім беру департаменті директорының орынбасары Ғ.Дәулетова.
Жуырда Түркістан жоғары аграрлық колледжінде «Студенттерге қызмет көрсету орталығы» ашылған болатын. Іс-сапар барысында министрлік өкілдері 40-тан аса мемлекеттік қызмет түрін ұсына алатын орталықтың жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңда студенттер үшін «AGRAR-APP» мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Яғни, студенттер мобильді қосымша арқылы сабақ кестесімен, өздерінің ағымдағы және қосымша бағаларымен таныса алады.
Білім мекемесі басшысының айтуынша, орталықтың жұмысын тиімді жүргізу үшін колледж мамандары ХҚКО тағылымдамадан өтіп, арнайы сертификаттарға ие болған. Сондай-ақ орталықтың ашылуымен 2000-ға жуық студенттің уақытын үнемдеуге жол ашылды.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде студенттердің алаңсыз білім алуына мүмкіндік беретін «SMART-колледж» бағдарламасы енгізілген. Бұған қоса, «Өркениет» бастауыш ұйымының қолдауымен студенттер бұл орталықта Тассай тұрғын алабының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Сондықтан бұл бастаманы облыстың барлық оқу орындарында енгізсе де артық болмайды.
Іссапар барысында министрлік өкілдері мақтаулы колледждің оқу өндірістік базасының жұмысымен толықтай танысып, отандық агросекторға білікті кадр дайындайтын ұжымдағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді.
Abai.kz