Жалпы жыл басыннан бері мұқтаж азаматтардың 99,7 пайызы әлеуметтік қызметтермен қамтылған
Түркістан облысында жыл басынан бері 30 мыңнан астам отбасыға жалпы сомасы 12769 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек берілді. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу үшін 15 мыңнан астам отбасы 30 мыңнан астам ірі қара мен уақ мал берілсе, 1500 астам отбасы құс шаруашылығымен шұғылданып отыр.
Тағы бір қуантарлығы, халқы тығыз шоғырланған Түркістан облысынан биылдың өзінде солтүстіктегі өңірлерге 1112 адам қоныс аударып, тиісті төлемдерін алып жатыр.
Бұл туралы облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев айтып берді.
Басқарма басшысы Мұхит Отаршиевтің мәліметіне сүйенсек, облыста ағымдағы жылдың 9 айында 30 436 отбасыға (173 620 адам) жалпы сомасы 12769 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған.
Сондай-ақ, шартты ақшалай көмек алушылардың өз кәсібін ашу үшін кіші бизнес жобалар әзірленіп, нәтижесінде 15 127 отбасы 17 мыңға жуық ірі қара мал және 14 500 уақ мал алып, 1689 отбасы құс шаруашылығымен шұғылданып отыр.
Сондай-ақ, халыққа қызмет көрсету арқылы да 2580 адам өз ісін ашқан. Жиында халқының саны өзге өңірлерден әлдеқайда басым Түркістан облысындағы ішкі көші-қон мәселесі де сөз болды.
«Республиканың солтүстік өңірлеріне халықтың өз еркімен қоныс аударуы жанданып келеді. Аталған кезеңде облысымыздан 263 отбасы, яғни 1112 адам қоныс аударып, тиісті төлемдерді алып жатыр. Бұл республика бойынша солтүстікке қоныс аударған адамдардың 40 пайызын құрайды», – деді Мұхит Отаршиев.
Облыста «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында биыл 65 мың адамды жұмыспен қамту жоспардан болса, өткен 9 айдың қорытындысы бойынша нақты 54 мың адам жұмысқа орналасқан.
Аталған бағдарлама 3 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мәселен, техникалық және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз етуге 7953 адам оқуға жолданған. «Әр ауылға өз шебері» акциясы бойынша 2600 азамат оқуға жіберіліп, Оның ішінде оқуды аяқтаған 2 мың адамның 1200-і тұрақты жұмысқа орналасқан.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасына сәйкес, ұлттық қолөнер шеберлері, ұлттық тағамдарды әзірлеу аспаз, суретші, кескіндемеші мамандықтары және дәнді дақылдарды өндеу, агротехникалық мамандықтар бойынша 2 мың адам білім алып жатыр. Оның 1400-і оқуды аяқтап, 1 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында оқытуға 1730 адам оқуға жолданып, тиісті сертификаттарын алған. Сертификат алған 215 маман 1,1 млрд теңге көлемінде шағын несиемен қамтамасыз етілді. Шағын несиемен қамтамасыз етуге жоспарланған 792 адамның 543-і 2,3 млрд теңге көлемінде шағын несие алып, нәтижесінде 842 жаңа жұмыс орны құрылды. Басқарма тарапынан халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде 43700 адамға қызмет көрсетіліп, нәтижесінде өңірдегі жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайыз, жастар арасындағы жұмыссыздық 4,4 пайыз көлемінде болып отыр.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ардагерлерді әлеуметтік қолдау бойынша ағымдағы жылы барлық бюджеттер есебінен 8,6 млрд теңге қаралған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар 64 мыңға жуық техникалық көмекші құралдармен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етіліпті. Ал зейнеткерлер де назардан тыс қалмай, әлеуметтік қолдау көрсетілген. Атап айтқанда, 7800 зейнеткер басқармаға қарасты «Ардагерлер» және «Мейір» сауықтыру кешендеріне жолдама алған болса, 80 жастан асқан жалғызілікті 310 қарияның зейнетақыларына ай сайын жергілікті бюджет есебінен 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көмек беріліп келеді. Жалпы жыл басынна бері, өңірде мұқтаж азаматтардың 99,7 пайызы арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Abai.kz